Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Онда Кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов тақырып аясында әңгіме өрбітті.
Спикер Мемлекет басшысының төрағалығымен таяуда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген өзекті мәселелерге тоқталды. Сөйтіп, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, отандық кәсіпкерлердің қазіргі кезігіп отырған қиындықтары жөнінде де айтты. «Ел дамуындағы негізгі бағдарламаға айналған Жолдауда жұмыссыздықты мүмкіндігінше қысқартып, жаңа қызмет орындарын ашу ісі Үкімет пен ұлттық компанияларға арнайы тапсырма ретінде берілгені мәлім. Осы тұрғыда жаңа жұмыс орындарын ашуда кәсіпкерлердің рөлі үлкен екені белгілі. Сондықтан, қазіргі күнде бұрынғы жұмыс орындарын сақтап, жаңа кәсіпорындар мен қызмет көрсету мекемелерін ұйымдастыру шарасы біздің салада да жүйелі жүргізіліп жатыр», деді басқарма төрағасы.
Қазіргі таңда отандық кәсіпкерлерге көрші Ресей еліне салынған санкциялар мен рубльдің құнсыздануы ауыр тиіп отырғанын айтқан А.Мырзахметов, дағдарысты еңсеруге Үкімет барлық мүмкіндіктерді қарастырып отырғанын жеткізді. Ал «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынатын барлық нысандарды өзіміздің компаниялар салып, оларға қолданылатын барлық құрылыс материалдарын отандық кәсіпорындарда жасау керектігін түсіндірді. «Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық қордан үш жылдың ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 3 млрд. АҚШ доллары бөлінеді. Оның сыртында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 100 млрд. теңге бағытталған болатын. Енді «Нұрлы Жол» бағдарламасы енгізген өзгерістердің арқасында осы 100 млрд. қаржының үстіне тағы 100 млрд. теңге қосылады деген жоспар бар. Бұл қаражат «Даму» қоры немесе «Бәйтерек» холдингі арқылы банктерге жеткізіліп, сол арқылы кәсіпкерлерге көмек қолын созады», деді ол.
Осы орайда тағы бір айтылған маңызды шара, дағдарыс кезінде барлық ішкі сұранысты өз елімізде қалдырған жөн екен. «Яғни ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың тапсырыстарын сыртқа шығармай, өз кәсіпкерлерімізге бергізу қажет. Бұл туралы нақты бағдарлама бар. Қазіргі уақытта 280-ге жуық кәсіпорын бұл бағдарламаға кірген, оның тізімі қазір көбею үстінде. Бұл туралы Елбасы да нақты айтқан. Яғни «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынатын барлық нысандарды өзіміздің компаниялар салып, оларға қолданылатын барлық құрылыс материалдары өзіміздің кәсіпорындарда жасалуы тиіс. Осы жұмысты біз Үкіметпен бірге бақылауға алып, жоспар бойынша жүргізілуін қадағалайтын боламыз», деді А.Мырзахметов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».