Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Заң жобасының негізгі мақсаты балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету, балалардың жасына сәйкес келетін ақпаратты алуына және таратылуына құқықтарын іске асыру, сондай-ақ, олардың ақпарат кеңістігіне жағымсыз ақпараттың енуінен қорғау болып табылады.
Құжатта ақпарат өнімдерінің сараптама жүргізу тетіктері бекітілді, сарапшыларға қойылатын талаптар, сарапшылар мен сараптамалық ұйымдарды тіркеу тәртібі белгіленді, осы саланы реттейтін мемлекеттік органдардың құзыреттері ажыратылды.
Комитет отырысында, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Заң жобасы заңнаманы «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген болатын. Заң жобасының тұжырымдамалық бағыттарын ескере келгенде, осы заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.
Комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманың құқықтық олқылықтарын жою, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, азаматтардың толыққанды медициналық қамтылуына конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.
Заң жобалары палатаның қарауына жіберілді.