Кеше Тәуелсіздік сарайында Демократиялық күштердiң «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы бас қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын талқылады.
Отырысты ашып, оны жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: Демократиялық күштердiң «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының жұмысы елiмiздегi ең бiр беделдi де өкiлеттi үнқатысу алаңына айналды. Азаматтық қоғамның түрлi әлеуметтiк топтары мен жалпы тұрғындардың мүддесiн көздеген коалиция әралуан көзқарас пен ұстанымдар иесi, саяси күштердiң ашық пiкiрталасы мен салиқалы үнқатысуын қамтамасыз етедi. «Кеңес қылған ел азбас» дегендей, коалиция басқосулары барысында қызу талқылаулар жолымен әлеуметтiң ең бiр өзектi әрi маңызды мәселелерi бойынша тұтас қоғамның ұстанымы қалыптасып жатады.
Ел игiлiгi үшiн мемлекет тарапынан қабылданған iлкiмдi шаралар жөнiнен қалың жұртшылықты хабардар етуге әрi азаматтардың оған деген сенiмiн нығайтуға сүбелі үлес қосушы жалпыұлттық коалиция қоғамның жұдырықтай жұмылуына, осы арқылы Елбасының мемлекеттiк бағытының жүзеге асуына өз септiгiн тигiзу үстiнде. Естерiңiзге сала кетсем, бiз, мәселен, Қазақстанның ЕАЭО-ға енуi, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегияны қабылдау мәселелерiн жан-жақты сараладық. Әкiмдер сайлауы, жергiлiктi өзiн өзi басқару, кәсiподақтар туралы аса маңызды жобалар баршамыздың өзара қызу талқылауымыздан өттi. Осының бәрі елде iске асырылып жатқан реформалар барысына өзiндік ықпал етiп, ел мүддесiн дiттеген қажеттi заңдардың қабылдануына жол ашты.
Бүгінде коалиция 6 жетекшi партия мен 18 iрi республикалық қоғамдық бiрлестiктiң, сондай-ақ, 500-ден астам өңiрлiк үкіметтiк емес ұйымның басын қосқан әлеуеттi күш», дей келе, бүгінгі күні ұзын саны 6,5 млн.-нан астам адамның мүддесiн көздеген жалпыұлттық коалицияның осы отырыста аса маңызды мәселе, ел Президентiн сайлауды 2015 жылы өткiзу бастамасын талқылауға жиналғандарын айтып, олардың өз ой-пікірлерімен бөлісе отыруын сұраған. Бұдан кейін берілген сөз кезегін іліп әкеткен ҚХА Төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков 2015 жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу идеясының аяқ астынан болмағанын, оның ойланып-толғанып барып, жұртшылықтың өтініштері бойынша жасалғанын алға тартты. «Бүгінгі күні қазақстандықтар тұрақты да үйлесімді қоғамда өмір сүруде. Ал оны сақтап қана қоймай, әрі қарай дамыта түсу аса маңызды. Президент осыдан бірнеше ай бұрын «Нұрлы Жол» бағдарламасын жария етті. Бұл–болашаққа жол, бүгінгі әлемде болып жатқан қиындықтар мен қатерлерді еңсерудің жолы», деп және алдағы 2016 жылға елімізде екі ірі электоралды науқанның тұс келуі бюджетке салмақ түсіретінін еске салып, кезектен тыс сайлау өткізу идеясының осы жағын да қаперде ұстауды ескертті.
Каолиция отырысында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков, «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, «Бірлік» партиясының және азаматтық қоғамның белсенді өкілдері өз пікірлерін ортаға салып, кейбіреулері мәлімдеме де жасап үлгерді. Мәселен, «Бірлік» саяси партиясының мәлімдемесінде: «Еліміздің жұмысшылары, өнеркәсіп орындарындағы инженерлері, фермерлер мен кәсіпкерлер, ұстаздар мен дәрігерлер, ғалымдар мен студенттер, мәдениет және құқық саласының қызметкерлері мүше болып отырған «Бірлік» саяси партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бастамашылық жасаған 2015 жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге қатысты өзінің ұстанымын білдіреді. Бұл сайлауды өткізу идеясы қазіргі кезеңде талап етілген жағдай болып отыр. Кезектен тыс президенттік сайлау еліміздің қарқынды дамуымен қоса, қабылдаған ұлттық жоспарлармен бірге «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Әлемдік геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында біздің бірігуіміздің, барлық мүмкіндіктерімізді жаһандық дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін еңсеруге бағыттаудың маңыздылығы зор. Мiне, сондықтан да «Бiрлiк» партиясы аталған бастаманы толықтай қолдап отыр...», делінген.
Ал Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов пен «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев те бүгінгі күні президенттікке тек Нұрсұлтан Назарбаевтың лайық екендігін айтты. Ғани Қасымов: «А» дей отырып, «б»-ны да айтуымыз керек. Президенттіктен үміткер ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жалғыз кандидат болуын қалаймыз», деп отырыстан тыс журналистер тарапынан қойылған сауалға былай деп жауап берді: «Мен қарапайым ғана бір себеппен өз кандидатурамды ұсынбаймын. Өйткені, мен осыған дейін бұл өзенге екі мәрте түсіп шыққанмын. Президенттікке кандидат болудың, әсіресе, күн сайын дүйім елдің назарында болудың қаншалықты қиын екендігін білемін. Үшінші рет кандидат болғым келмейді. Таң атқаннан кешке дейін сайлау науқаны барысында 2 ай бойы баспасөзбен тікелей араласу өте қиын сынақ», деді.
Отырыс соңында әрбір үйдің, еліміздің түтіні түзу ұшып, ынтымағы жарасқан берекелі ел болудағы, кезектен тыс президенттік сайлауды өткізудің маңыздылығына тоқталып, сайлауға қатысуға шақырған каолиция мүшелері қазақстандықтарға бірауыздан үндеу арнады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».