Құрметті оқырман, таяуда «Қазпочта» АҚ мерзімді баспа басылымдарына жазылымды ресімдеудің жаңа форматын енгізгендігі туралы ақпаратын өздеріңіздің назарларыңызға сүйіншілеп жеткізеді.
Бұқара халық мерзімді баспа басылымдарын тағатсыздана тосып, әрқашанда аса қызығушылықпен оқитыны баршамызға мәлім және де сол ыстық ықылас бүгінгі күнде де артпаса кеміген жоқ. Еліміз бен әлемнің әр тарапында болып жатқан оқиғалармен өз уақытында танысу қажеттілігі, бүгінгі таңда оқырмандарды газеттер мен журналдарды сатып алуға ынталандырады.
Ал, кейбір замандастарымыз тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс немесе оқу орнына қажетті газеттер мен журналдарды жеткізіп беруге мүмкіндік беретін мерзімді баспа басылымдарына жазылым ресімдеуді жөн көреді. Енді осы мүмкіндікті үйіңізден ешқайда шықпай-ақ онлайн режімінде жүзеге асырудың керемет сәті туындап отыр. Еліміздің тарихында тұңғыш рет 2014 жылдың 15 желтоқсанында отанымыздың жетекші республикалық басылымдары «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне қанатқақты жоба – «Интернет-жазылым» арқылы жазылым ресімделді.
Аталған жаңа қызмет түріне транформация корпоративтік бағдарламасы шегінде іске қосылған www.postmarket.kz сайты арқылы қол жеткізе аласыз. Бүгінгі таңда интернет желісінің қолданушылары «Интернет-жазылым» мерзімді баспа басылымдары каталогынан отандық газет-журналдармен қатар, таяу шетелдердің басылымдарын таңдай алады, әрі 1600 басылымға интернет арқылы жазылымды ресімдеуге мүмкіндік ашылып отыр. Ол үшін тек қана жоғарыда аталған сайтқа тіркеліп, қажетті мерзімді баспа басылымын таңдап алып, қажетті ақпараттық ұяшықтарды толтырып, төлемді банктік карта арқылы жүзеге асырасыз.
Өз кезегінде «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мерзімді баспа басылымдарына жазылымды ресімдеудің жаңа форматы клиенттердің көңілдерінен шығатынына сенім білдірді.
Нұржан ЖАБАЕВ,
«Почта сервисі» филиалының директоры.