18 Ақпан, 2015

Шетелдердегі қандастарымыз да тілеулес

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 14 ақпан күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында мерзімінен бұрын президенттік сайлауға қатысты көтерілген бастамаға орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілдері бас қосты. Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының Кеңесі жасаған ұсы­ныс­тың ұтымды тұстары сөз болған шарада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы­ның мәлімдемесін оқыды. «Өз­де­рі­ңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі үстіміздегі жылғы 14 ақпанда кезектен тыс президенттік сайлауды 2015 жылы өткізу туралы бастама көтерді. Тосын ұсынысқа ел ішіндегі қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдерде тұратын 5 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері де елеңдей құлақ түруде. Сондықтан, осындай шешуші тұста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да бейтарап қала алмайды. Қауымдастық өз ұстанымын білдіріп, кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуін қолдайды», делінген мәлімдемеде. Сондай-ақ, бұл бастаманың Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі тарапынан дер уақытын­да көтерілген ұсыныс деп са­най­тыны айтылған. Өйткені, әлем­дегі экономикалық дағдарыс то­лығымен еңсерілмей жатып, оның келесі толқыны бой кө­те­ріп отыр. Қазақстан жаһан­дық­­ экономиканың құрамдас бір бө­лігі болғандықтан, қар­жы­лық-экономикалық тығы­рық­тың қыспағын сезінбей қалуы мүм­кін емес. Соның алдын алу мақ­сатында Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» стра­тегиялық Жолдауын жария етті. Бүгінде осы құжаттың аясында нақты қадамдар жасалуда. Алайда, геосаяси шиеленістер, соның салдарынан құлдыраған экономика жалпы дамуға кедер­гі келтіруде. Бұл жайттар қо­ғамды алаңдататыны рас. Осындай жағдайда елді күттірмей, президенттік сайлауды кезектен тыс өткізген дұрыс деп ойлаймыз, делінген мәлімдемеде. Сонда, деп жалғады сөзін Т.Ма­машев мәлімдемені оқи оты­рып, халық та, Үкімет те дағда­рысқа қар­сы ахуалға қам жасауға алаңсыз кірі­сер еді. Мәселені әріден түсінген тұтас халық, елдің игі жақсылары, дүниежүзі қазақтары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс сайлау өткізу бастама­сын қолдап, үн қатады. Бұл – «Мәң­гілік Ел» идеясы жолындағы басты қадамдардың бірі деп санаймыз. Шет­елдердегі қазақ диаспорасы тари­хи Отан­дарындағы осындай ұлы іске сүйсіне тілеулестіктерін біл­ді­руде. Бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығаратын кезең келді. Қазақ­стан жұрты осы үлкен бас­та­маны жұмылған жұдырықтай, бір деммен қолдап кетеріне сенім білдіреміз. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».