Осыдан дәл 70 жыл бұрын одақтас державалар – КСРО, АҚШ және Ұлыбритания басшыларының Ялта (Қырым) конференциясы болған еді. Онда соғыстан кейінгі дүниежүзі елдерін үш державаның ықпал ету ауқымы бойынша қалай бөлісу мәселелері қарастырылды. Сөйтіп, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы, ең ауыр соғыста жеңіске жеткелі отырған аса ірі үш одақтас мемлекет бейбіт өмірде таласқа түспес үшін осы конференцияда дүниежүзі, әсіресе, Еуропа елдерін өзара қалай баурау туралы келісімге келген. Сондықтан да соғыстан кейінгі әлемде капиталистік және социалистік лагерьлердің пайда болуы осы Ялта конференциясында басталған деп айта аламыз.
Қаралған мәселелер, қабылданған құжаттар
Бұл Иосиф Сталин, Франклин Рузвельт, және Уинстон Черчилльдің ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарындағы екінші кездесуі болатын. Алғашқы кездесу 1943 жылы Теһран қаласында болғаны мәлім. Онда Германияны жеңудің жолдары, Еуропада екінші майдан ашу мәселелері қарастырылған болса, Ялтада, жоғарыда айтқанымыздай, жеңістен кейінгі бөліс мәселелері қарастырылды. Осыдан кейін болған Потсдам конференциясында тек Германияның кейінгі тағдыры шешілді.
Конференцияда қарсы алушы жақ ретінде И.Сталин емес, Ф.Рузвельт төрағалық етеді. Алайда, неміс-фашистерін жеңудегі ең басты күш ретінде Сталин өзін барынша еркін ұстап, саяси салмағы мен ықпалын ұтымдылықпен пайдаланған.
Одақтастар ең басты мәселе ретінде бұрын Германия басып алған елдердің жаңа шекараларын анықтауды алдымен қолға алды. Іштерінен қырбай болса да бір-бірінің ұсыныс-пікірлерін сыйлай отырып, жаңа шекараларды белгілеуде үш одақтас өзара келісімге келеді. Бұл келісім осыған дейінгі әлемнің саяси картасын үлкен өзгеріске ұшыратты.
Алдымен сөз болған ел – Польша. Кезінде Еуропа ғана емес, әлемдегі қуатты елдердің бірі болған Речь Посполита (бұрынғы Польша) 1795 жылы Австрия, Пруссия және Ресейдің талауына түсіп, тәуелсіздігінен айырылып қалған еді. Тек 1918 жылы ғана Ресей өкіметінің басына большевиктердің келуімен және І дүниежүзілік соғыста Германияның жеңілуімен мемлекеттілігін қайта құрды. Алайда, 1939 жылы Германия мен КСРО өзара келісім арқылы Польша жерін екіге бөліп, басып алды. Ялта конференциясында тараптар Польшаның 1939 жылғы аумағын қайтадан қалпына келтіруге келісті. Алайда, Сталин Польша аумағындағы Батыс Белоруссия мен Батыс Украина жерлерін КСРО-ға беріп, аталмыш республикаларға қосуды талап етті. Батыс Белоруссия қазіргі белорустардың Гродно және Брест облыстары, ал Батыс Украинаға украиндардың Волын, Львов, Ровно, Ивано-Франковск, Закарпатье, Черновцы, Тернополь сияқты жеті облысының аумағы енеді. Осының есесіне Сталин Польшаға 1939 жылға дейін Германияның жері болып келген Шығыс Пруссияның үштен екі аумағын қосып, шекарасын батысқа қарай ұлғайтуды ұсынды. Польша үшін де, Германия үшін де әділетсіз болса да одақтастар осымен көп салғыласа отырып келісті. Сөйтіп, Польша 1939 жылғы аумағымен салыстырғанда 77 мың шаршы шақырым жерінен айырылды.
Айта кететін жайт, Польша мәселесі Ялта конференциясында ең көп талқыланған күрделі проблеманың бірі болды. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, конференцияда айтылған барлық сөздің 24 пайызы осы мәселеге арналыпты. Польшада соғыстан кейінгі биліктің қандай болмағы туралы дауласқанда Сталин оны поляктардың Ұлыбританиядағы қуғындағы өкіметіне емес, өтпелі кезеңдегі Уақытша өкіметке беру қажеттігін әріптестеріне мойындатқан. Ал артынан, КСРО әскері тұрған Польшаға кімдердің билік ететіні жәй да түсінікті еді. Сөйтіп, Польша коммунистердің тоталитарлық жүйесі үстемдік құрған мемлекетке айналды.
Шығыс Пруссияның үштен екісі Польшаға кетті де Кенигсберг қаласы орталығы болып табылатын қалған бөлігі КСРО-ға берілетін болды. Аумағы 15 мың шаршы шақырым, инфрақұрылымы жоғары дамыған бұл аумақ кейін Калининград облысы деп аталып, орыстар мен белорустар оған жаппай көшірілді. Ал негізгі тұрғындары Германияға аударылды.
Соғыстан кейінгі Германия мәселесі түпкілікті түрде Потсдам конференциясында шешілгенін жоғарыда айттық. Ал Қырымда оны оккупациялық аймақтарға бөлу туралы келісім жасалды. Басып алушылардың қатарына наурыз айында Франция да енгізілді. Сталин басында оған қарсылық білдірген, алайда, Рузвельт Америка әскерлері соғыстан кейін Еуропада екі-ақ ай болатынын айтып және Францияны басқа келіссөздерде келісімпаздыққа шақыру үшін осы шешімді қабылдау керектігін оған мойындатады. Артынан, 1949 жылдың 23 мамырында АҚШ, Англия және Франция басып алған аумақта ГФР, ал КСРО басып алған аумақта 1949 жылдың 7 қыркүйегінде социалистік режімдегі ГДР құрылғаны белгілі.
Ялтада Германия төлеуге тиісті репарация туралы да сөз болды. Бұл – жеңілген елге салынатын салық көлемі. Алайда, ұзақ уақыт талқыланса да оның нақты көлемі анықталмады, тек белгіленген репарацияның 50 пайызы КСРО-ға берілетіні туралы келісім жасалды. Қазір кейбір ғалымдар оның көлемі 20 млрд. доллар болды дегенді айтып жүр.
Конференцияда Балқан елдерінің де соғыстан кейінгі тағдыры шешілді. Югославияның коммунист Иосип Броз Титоның басқаруымен социализмді бағдар алған ел құратынына, ал Грекия ағылшын әскерінің күшімен демократиялы ел болатынына да осы конференция барысында келісілген. Өзімен дін жағынан жақын (грузин де, орыс та, грек те православие тармағында) Грекиядан айырылып қалғанына Сталин артынан қатты өкінген болуы керек. Оның үстіне, бұл елде сол кездерде коммунистік партияның басқаруындағы көтерілістер де жүріп жатқан еді. Англия болса, коммунистерге қарсы күштерді қолдайтын. Алайда, 1944 жылы Мәскеуде Черчилльмен екеуінің арасындағы «Пайыздық келісім» деген атау алған ауызша шартқа сәйкес ол Грекияны Ұлыбританияның ықпалына беруге келісті. Дәл осы келісім бойынша Румыния, Венгрия, Албания, Болгария да КСРО-ның ықпал ету аймағына қосылып, социалистік бағыт ұстайтын елдерге айналды. Ал Италияға англо-америкалық бақылау болатынына Сталин қарсы болмаған. Қорыта айтқанда, Шығыс Еуропа КСРО-ның, ал Батыс Еуропа мен Жерорта теңізі аймағы англо-американың ықпалындағы аймақтар болатынына келісілді.
Ялта конференциясында Қиыр Шығыс мәселесі туралы да келісімге қол жеткізілді. Мұндағы белсенділік көбінесе АҚШ тарапында болып, ол өзі қалаған мақсатына жетті. Ал КСРО-ның Еуропадағы соғысты аяқтаған соң 2-3 айдан кейін Жапонияға қарсы соғыс ашқаны үшін 1905 жылғы орыс-жапон соғысындағы жеңілісте айырылып қалған Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдары қайтарылатын болды. Сонымен бірге, одақтастар Моңғолияның тәуелсіздігін танитын болып шешілді.
Конференцияда ешқандай нақты шешімі болмағанымен, одақтастардың мақсатын көрсететін бірнеше декларациялық құжаттар да қабылданған. Соның ішінде «Азаттық алған Еуропа туралы», «БҰҰ жөнінде» деп аталған декларациялар жарияланды.
Германияның болашағы туралы нақты шешім қабылданып, онда екі бірдей дүниежүзілік соғысты бастаған бұл елдің енді ешқашан қолына қару алмау керектігі, қазіргі қару-жарақтары тәркіленіп, әскери күші таратылып, ешқашан бас штаб дегенді құрмауы қажеттігі туралы келісім болды. Барлық әскери құрал-жабдықтары да тартып алынып, әскери өнеркәсібі жойылсын, әскери қылмыскерлердің бәрі тез арада жауапқа тартылсын, «ұлтшыл партия» дегені жер бетінен жойылып, ондай заңдар, ұйымдар енді Германияның жерінде болмасын, делінген қол қойылған қорытынды құжатта.
Түрлі қорытындылар
Конференция Ялта қаласындағы «Левадия» сарайында өтті. Осы сарайға АҚШ президенті Ф.Рузвельт өзінің нөкерлерімен бірге орналасқан еді. Өздері басқа жерлерде (Сталин «Юсупов», Черчилль «Воронцов» сарайларында) болғанымен, арбамен сүйреп жеткізілетін мүгедек әріптестері үшін Сталин мен Черчилль оның жататын жеріне жиналуға келіскен екен.
Осы күнгі көптеген зерттеушілер конференцияның Қырымда болмай, басқа жерге белгіленуі де мүмкін екенін айтады. Өйткені, америкалықтар оны Солтүстік Шотландияда немесе Кипр мен Мальтаның бірінде өткізу туралы ұсыныс жасаған. Ал британиялықтар Александрия (Египет) мен Иерусалимнің бірін ұсынған. Осы жерде Сталин өзінің бірбеткей мінезін көрсетіп, кеңестік Қара теңіздің жағасында болады, мен басқа жерге бармаймын деген ультиматум қойғанын айтады. Бұл сөздің шындығын әлі ешкім дәлелдеген жоқ, дегенмен, оны теріске шығаратын да деректер жоқ. Әйтеуір, конференция өте құпия жағдайда КСРО-да дайындалғаны анық. Кеңестік насихаттың жарапазанымен қайыршылық халге жеткізілген сарайлардағы интерьер жоғары мәртебелі меймандардың көңілінен шығу үшін біршама тер төгілген. Соның ішінде жиһаздар мен асханалық жабдықтар КСРО-ның басқа жерлерінен жеткізіліпті. Теңіз толқынына қарауды сүйетін Рузвельт үшін оның жататын жеріндегі ванна бөлмесі Қара теңіздің асау толқындарын көрсететіндей етіп боялған екен.
У.Черчилль қызымен орналасқан «Воронцов» сарайында оның нөкерлері мен қызметшілері үшін 22 «люкс» және 23 қарапайым бөлмелер болған. Сондай-ақ, Черчилльдің жақсы көретіндігі ескеріліп, «люкс» бөлмелерге камин орнатылған. Ал Рузвельт қызымен орналасқан «Ливадия» сарайында 43 «люкс», 48 қарапайым бөлмелер болған. Басқасын айтпағанда, порттар мен әуежайларға тікелей байланыс жасайтын телефон стансалары орнатылған. Сталиннің жатқан сарайы да осал болмағанға ұқсайды, онда, тіпті, бомбадан сақтанатын үңгір де жасалып үлгерілген екен. Тереңдігі 10 метр, қабырғалары қалың бетоннан құйылған үңгір қазір туристерге көрсетіледі. Осы үңгірде оның жеке кабинеті, асханасы мен басқару орталығы да орналасқан.
Түк көрмеген большевиктер тамақ рационын да өз түсініктері бойынша «барынша бай» қылып жасапты. Соның ішінде таңғы асқа қара және қызыл уылдырық пен арақ бергендеріне шетелдіктер таңғалып, сұлының ботқасы немесе омлет сияқты жеңіл-желпі тамақтардың да керек екендігін оларға зорға түсіндірген екен. Тамақ тасуға қойылған барлық даяшылардың туфлилерінің ұлтанына паркетті қатты тарсылдатпас үшін мақта қағылыпты. Барлық қызмет көрсетушілерге даусын шығарып сөйлемеу керектігі де қатты ескертіледі. Ешкімнің күлуге де қақысы болмаған. Оның үстіне «Сталин осында» деген сөздің өзі-ақ жұрттың бәрінің зәресін алып тастаған сияқты.
Күзет қызметі де шегіне жеткізілген. Қара теңіз флотының барлық кемелері қорғаныс шараларын жасауға дайын тұрған. 300-дей жойғыш ұшақ әуе кеңістігін қорғау үшін сақтық сапында болған. Сарайдан 30 шақырымдай қашықтықтағы барлық тұрғындар уақытша көшірілген. 800-дей қауіпсіздік қызметкері кірпік қақпай, күзетте жүрген. Бір күдікті адамды көрген жағдайда, олар ешқандай ескертусіз-ақ ату құқын алған екен.
Черчилльдің ұсынысымен бұл кездесу «Аргонавт» деген жасырын атауға ие болған. Дүниенің тарихын түгел білетін, оқыған-тоқығаны көп, сұңғыла Черчилль ежелгі грек мифологиясындағы теңізшілердің Қара теңіз жағалауына «Арго» кемесімен келіп, «аргонавтар» деген атау алғанын еске алған тәрізді.
Ялта конференциясының тарихи маңызы зор. Ол ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталмаған жылдардағы әлемдік маңызы өте зор кездесу болды. Осы конференцияда болашақ әлемдік қатынастардың негізгі бағыттары айқындалды. Әрине, олардың адамзат үшін пайдалы да, зиянды жақтары да жетерлік. Кейін, ұзақ жылдарға созылған капиталистік және социалистік лагерьлердің текетіресінің негізі осында қаланды. Осы уақытқа дейін әлем монополярлы болып келсе, енді ол биполярлы болатындығы осында айқындалды.
Ялта конференциясында көп адам назар аудара қоймағанымен, мыңдаған адамның тағдырын тәлкек етіп, бастарына қара бұлт үйірген бір келеңсіз шешім де болды. Жеке адамның құқын, бас бостандығын таптауға болмайды деген адами қағиданы танығысы келмеген диктатор Сталин өзіне тән кекшіл, кінәмшіл, қиянатшыл мінезбен кезінде КСРО аумағынан эмиграцияға кеткен әскерилер мен азаматтық тұлғаларды, сондай-ақ, одақтастар тұтқыннан босатқан кеңес адамдарын репатриация жасау туралы келісімді бір жақты қысым жасай отырып, әріптестеріне қолдатады. Бұл – олардың бәрін КСРО-ға қайтару деген сөз еді. Адамдардың қайда өмір сүруді өзі шешуге тиісті құқын шектейтін бұл шешім барынша әділетсіз-тін. Оның үстіне, КСРО-ға қайтарылатын бұл азаматтардың адами құқы аяққа басылып, өш алу үшін олар репрессиялық жазалау машинасының астына түсетіні де белгілі. Осыны біле тұрса да, Рузвельт пен Черчилль Сталиннің қысымына төтеп бере алмай, бұл ұсынысты қабылдайды. Сөйтіп, кеңес азаматы бола тұра, неміс-фашистеріне өз еркімен беріліп, оларға қызмет етіп, өз Отанына қарсы қарулы күреске шыққан сатқындар ғана емес, 1917 жылдан эмиграцияға кеткен, КСРО азаматтығын ешқашан алмаған адамдар да, соғыс кезінде қапияда қолға түскен тұтқындар да тегіс Кеңес өкіметіне қайтарылып, жазалаушы органдардың қанды қасабының құрбандарына айналды.
Бұл жеке адамдар үшін үлкен нәубет еді. Әсіресе, тоталитарлық режімді ұнатпай, қарулы қарсылық көрсетпесе де оны БАҚ беттерінде сынап жүрген мыңдаған зиялы қауым өкілдері енді НКВД-ның табанының астына түсті. Соның ішінде төңкеріс жылдары Ресейден ауып кеткен ақ казактар мен ақ гвардияның офицерлері де көп болды. Шамамен осынау әділетсіз шешім 2,5 млн.-дай адамның тағдырын тәрк етті. Олардың негізгі бөлігі атылды, түрмелерге тоғытылып, аштықтан, суықтан көп азаптар шегіп, қырылып кетті.
Міне, Ялта конференциясының осындай да қорытындысы болған. Үш-ақ адамның шешімімен сан миллиондаған адамның оп-оңай қырылып кеткендігі, әрине, ешқандай ақтауға болмайтын жайт.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».