Осыдан үш жыл бұрын Алматы қаласының орталығында орналасқан емханаға науқастанып қалған туысымды ертіп келдім. Туысым дәрігердің қабылдауына кіріп кеткен соң, мен тіс дәрігеріне барайын деп 4-қабатқа көтерілдім. Онда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Осы жерде ойламаған жерден бір қызық оқиғаға тап болдым. Нақтырақ айтқанда, мені таңғалдырған өзара әңгімелесіп тұрған құрылысшы жігіттердің адам сенгісіз әңгімесі еді. Мен куә болған әңгіме былай басталды.
Өзара шүңкілдесіп тұрған үш жігіттің бірі екіншісінен: «Кеше түнде саған әлгі шал келді ме?» – деп сұрады. Екінші жігіт түрі лезде өзгеріп: «Жоқ, келген жоқ, өйткені мен түнде арақты аузыма алған жоқпын ғой», – деді. Маған бұлардың әңгімесі қызық көрінді. Өзгенің әңгімесіне құлақ түру мәдениетті адамға тән қылық емес екенін білсем де, осындай оқиғаларға деген қызығушылығым жеңіп, бұрынғыдан да жақындаңқырап тұрдым. Осы кезде жүзінен таңданыс пен белгісіз бір қорқыныш табы білінген үшінші жігіт әңгімеге араласып: «Өй, сендер білесіңдер ме, ол түнде мені қамшымен ұрды», – деді. Мені «Апырмай, мына жігіттер өздері не деп тұр? Қаланың қақ ортасындағы емханада түн ішінде зіңгіттей жігіттерді қамшымен сабайтын ол не қылған «құтырған шал», – деген ой одан әрі қызықтыра түсті. Ақыры сырттан құлақ түргеннен гөрі олармен жақынырақ танысып, әңгімелескенім жөн болар деп шештім.
Жасы 40-45 шамасындағы жігіт ағасы асықпай отырып әңгімесін бастады. «Осы емханада жөндеу жұмыстарын жүргізгенімізге бір айдан асты. Емхананың 3-қабатын бітіріп, міне, 4-қабатына кірістік. Үйіміз қаладан алыс болғандықтан, емхана басшылары осындағы бір бөлмеге түнеп жұмыс істеуге рұқсат еткен. Бір күні қатты шаршаған соң аздап сыра ішіп, ұйқыға кеттім. Шырт ұйқыда жатсам, қолында қамшысы бар ақ сақалды кісі: «Әй, тұр» деп қамшысымен екі-үш рет осып салды. Шошып оянып, жан-жағыма қарасам... тым-тырыс, бәрі ұйықтап жатыр. «Е, түсім екен ғой», – деп аунап түсіп, ұйқыға кеттім. Ертесіне жігіттерге түсімді айттым. Олар: «Сен ішімдік іштің ғой, соның әсері шығар», – деп мені мазақ қылды. Бірақ, арқам біртүрлі сыздап, ауырып тұрған тәрізді. Ауыр жұмыстан болар деп мән бермедім. Сол күні кешке жұмыс киімімді ауыстырып жатқанда, қасымдағы тұрған жігіт арқамда қызыл жолақтар пайда болғанын айтты. Мен оған сенбей басқа жұмысшыларға көрсетіп едім, олар да кәдімгі біреу шыбықпен немесе қамшымен ұрған тәрізді із қалғанын айтты. Ойланып қалдым. Кешке карай жігіттер ұйқыға кетті. Ал менің мүлдем ұйқым келмеді. Көзім енді ілініп бара жатыр екен, есік өз-өзінен ашылып, ішке біреу енгендей болды. Жел ашқан шығар деген оймен ұйқыға кеттім. Ертесіне жігіттер: «Түнде бір шал келіп, қамшымен сабап кетті», – дегенді айтты. Шынымен-ақ, жон арқаларында дәл менің үстімдегі сияқты қызыл жолақтар қалып қойған...
Біз енді тіпті қорқайық дедік. Байқауымызша, қария тек біз ішімдік ішкен күні ғана елестейді екен. Яғни, ол арақ ішкен адамдарды жақтырмайды.
Осылай тағы бірнеше күн өтті. Сөйтіп жүргенде, әртүрлі себептермен екі құрылысшы жұмыстан шығып, орнына басқа екі жігіт келді. Қорқытып алмайық деп оларға «түнгі тәрбиеші» туралы еш нәрсе айтқан жоқпыз. Олар ішімдікке салынбағанымен, анда-санда ұрттап қояды екен. Ол екі жігітті де әлгі шал қамшымен ұрыпты. Көзімізге көрінбегенімен, оның біздің маңымызда жүретінін сезген едік. Емхананың күзетшісінен сұрап көрдік. Ол бұл туралы ешнәрсе білмейтін болып шықты. Тек егде тартқан тіс дәрігері ғана сондай бір тылсым күштің бар екенін айтты. Ол да бір күні жұмыс соңында аздап шарап ішіп, ұйықтап кеткен екен. Сол кезде біз көрген қария бейнесіндегі елес оны да қамшымен тартып-тартып жібергенде шошып оянып, жан-жағына қараса, ешкім жоқ. Тіс емдейтін құралдарын біреу шашып кеткен. Содан бері ол дәрігер жұмыс орнында ішімдік ішпейтінін айтты. Бір қызығы, елес тек 4-қабаттан ғана көрінеді. Жұмысшылардың бірі маған: «Аға, сенбесеңіз өзіңіз қонып көріңізші», – деді. «Мен іссапарға барып келген соң қонайын», – деп уәде бердім. Бірақ, қолым тимей, күнделікті күйбең тіршілікпен бұл оқиға сол күйі ұмытылып бара жатқан. Бірде Алматыдағы «Саяхат» автовокзалының қасында әлгі құрылысшы жігітті кездейсоқ кездестіріп қалдым. Ол да мені бірден таныды. Әңгімелесе келе білгенім, осы оқиғадан кейін ол ішімдікті мүлде қойған. Содан бері отбасына береке кіріп, ұлын, қызын жоғары оқу орнында оқытып жатқанын, ол өзімен жұмыстас болған баяғы құрылысшы жігіттердің де арақты қойып, барлығы тұрақты жұмыс тауып, жағдайлары түзеліп кеткенін айта келе, «Елес-қарияның дүресі ем болды», – деп күліп қойды.
Ал сол емханадағы қандай тылсым күш? Арақтың азғын жолынан Алланың ақ жолына қарай бағыттаған Жаратушының жарылқауының бірі болар. Не десе де, ол – адамды жақсылыққа бастайтын күш болса керек.