Сәт сайын құбылатын сән индустриясында адам шашының материал ретінде пайдаланыла бастауы бертінде ғана белең алған болатын. Шашылып жататын шаш біткенді алдымен кәдеге жаратқан ағылшындар еді. Қайбір жылдары «Arla» компаниясы ер адамның төс жүнінен ішік тігіп, оны 4 мың АҚШ долларына сәтті саудалаған-тын. Одан соң, 2010 жылы вьетнамдық дизайнерлер 1 миллион метр адам шашынан көйлек құрап шығып, айды аспанға тағы бір мәрте шығарғаны бар. Міне, осындай тәжірибелердің ізін ала біздің сәнгерлер де білек сыбана іске кірісіп, жуырда адам шашынан ішік тігіп шығарамыз, деп жаһанға жар салды.
Риза Салтаубаеваның ательесі Астанадағы сән салондарының біріне сарғылт және қара түсті шаш жинап беруге тапсырыс түсіріпті. Дәл осылай деп «Экспресс К» басылымы жазады. Қажетті мөлшердегі шаш жиналған соң, Риза дереу іске кіріседі. Ол шаштан тігілген ішікті интернеттегі «Ebay» аукционы арқылы сатылымға шығарғалы отырғанын да мәлімдепті. Және жаңа тон үшін 3 мың АҚШ долларынан кем ақша сұрамайтынын тағы жеткізген.
Жуырда алматылық бір шаштараз әлеуметтік желілердің біріндегі жеке парақшасында асқан ыждаһаттылықпен тігілген дайын ішіктің суретін жариялады. Ал мұндай батыл ойдың басы-қасында жүрген алматылық табиғат қорғаушылардың айтуынша, осы шара арқылы бағалы ішікке бола жан-жануарларды аяусыз қыратын жұртшылықтың назарын тағы бір мәрте аудартуға мүмкіндік алдық дейді.
Егер осы ой сәтті жүзеге асса, онда шаштан тігілген ішік Қазақстанда сәнге айналып, шаштараздар шаш сату бизнесіне шындап кірісетіндей ме, қалай?!
Амангелді ҚИЯС,
«Егемен Қазақстан».