АТЫРАУ. 18 ақпан. Атырауда күзетші жеңгетайлығы кінәлі деп танылып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Атырау қаласындағы сауналардың бірінде күзетшінің күмәнді қызмет атқарып жүргендігі туралы жедел ақпарат полиция қызметкерлеріне жетіп, назарға ілігіпті. Дәлірек айтқанда, күзетшінің жезөкшелікпен айналысатын қыздарға «қамқорлық» қызметі үшін ақшалай сыйақы алғандығы анықталды. Қу құлқынның қамымен заңсыз әрекетке барған күзетшінің үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды.
«Сот тергеуі барысында анықталғандай, сотталушы А. Мягков саунасы бар серіктестіктердің бірінде жұмыс жасай жүріп, жеңгетайлықпен айналысқан. Бастығы-Гарифуллиннің жеңіл жүрістегі қыздардың саунаға кіріп-шығуынан ақша алуына келісімін бергендігін пайдалануды көздеген. Сөйтіп, 2014 жылдың 18 қыркүйегінде саунаға жиі келетін Т.Туракбаевтың сұрауымен ұялы телефоны арқылы жезөкшелік қызмет көрсететін К.Бөлекбаеваға хабарласып, шақыртады. Бөлекбаева саунаға өзімен бірге құрбысы К.Батабекті де ілестіріп келеді. Екі қызды көрген Туракбаев Бөлекбаевамен көңіл көтеруді қалайды. Біраз уақыт өткен соң Бөлекбаева бөлмеден шығып, бар тіреуінің үстіне Мягковқа деп 3000 теңге көлемінде ақша қойып кетеді. Соның 1000 теңгесін Мягков сыйақы ретінде өзіне алып, яғни, пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық әрекетін орындайды», деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.
Атырау қаласының №2 сотымен Қылмыстық Кодекстің 271-бабының 1-бөлігімен сотталушы (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық) кінәлі деп танылды. Сот жаза тағайыныдау барысында сотталушының жеке басының жағдайын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, жасаған іс-әрекетін мойындап, оған өкінетіндігін, бұрын сотталмағандығын ескерді. Сөйтіп, оған Қылмыстық Кодекстің 55-бабын қолдану арқылы неғұрлым жеңілірек жаза тағайындап, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (49550 теңге) айыппұл салды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.