19 Ақпан, 2015

Қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа есік әрқашан ашық

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_7863 Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламасы офисінің жетекшісі Н.Заруднамен кездесті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынты­мақ­тастық жоғары деңгейде екенін, оған еліміздің 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі дәлел болатынын атап өтті. Алдымыздағы жылдарда Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-мен ара­дағы ынтымақтастық бағыт­тарының бірі «Қауіпсіздік қоғам­дастығы жолында» деп аталатын Астана декларациясында бел­гіленген Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғам­дастығын құру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, тараптар әлеуметтік-гуманитарлық даму­дың, сот үстемдігін және адам құ­қығын қамтамасыз етудің, этносаралық қарым-қатынасты үндестірудің, гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің бірқатар мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың жай-күйі мен келешегін талқылады. Г.Әбдіқалықова Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламасының офисі өз жұмысында Қазақстанның мүдделері ескерілген ынты­мақ­тастықтың басым салаларына назар аударуының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 2014 жыл­дың 18 желтоқсанында Вена қаласында болған отырысында 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Астанадағы ЕҚЫҰ орта­лығын ендігі жерде ЕҚЫҰ бағдар­ламасының офисі деп атап, қайта құрылғандығына байланысты оның жұмыс белсенділігінің артатынына назар аударды. Кездесу барысында ЕҚЫҰ бағ­дарламасының офисі өзінің ман­датына сәйкес Қазақстанда орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимылды қауіпсіздіктің үш өлшемінде (әс­кери-саяси, экономикалық-эко­логиялық, гу­манитарлық) жү­зеге асыратыны айтылды. Кездесуден шыққан соң Н.За­рудна ханым журналистерге шағын сұхбат беріп, өзінің келіссөздер қорытындысына көңілі толғанын жеткізді. Біздің кездесуіміз Қазақстанның талқыланған мәселелердегі рейтингін өсіре түсетінінен үміттімін. Сондай-ақ, әйелдердің шағын бизнеске қатысу белсенділігін арттыру мәселесі, адам саудасы жөнінде де пікір алысылды, деді ол. Кездесуге Қазақстан жағынан Мәжіліс депутаттары Е.Тарасенко мен Н.Әбдіров қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан Омаров, «Егемен Қазақстан».