Елімізде былтырғы қыркүйекте бастау алған мүлікті заңдастыру шарасына атыраулықтардың да қатысы арта түсуде. Заңдастыру шарасына байланысты құрылған комиссиялар мүшелерінің мәлім етуінше, Атырауда қазірге дейін 2,8 млрд. теңгенің 373 мүлігі заңдастырылыпты. Жалпы алғанда, атыраулықтардан 4,2 млрд. теңгенің 505 мүлкін заңдастыруға 397 өтініш берілген. Мұның ішінде 377,7 млн. теңгеге бағаланған 23 мүлікті құжаттардың жетіспеушілігінен заңдастырудан бас тартылған. Сонымен бірге, қазір комиссия мүшелерімен 109 мүлікке қатысты 72 өтініш қарастырылып жатыр. Бұл өтініштердегі көрсетілген мүліктердің жалпы құны 1,1 млрд. теңгені құрайды.
Мүліктерді заңдастыруға байланысты өтініштердің басым бөлігі, яғни 303-і Атырау қаласы тұрғындарының үлесіне тиеді. Қала тұрғындары 152 тұрғын-жай мен коммерциялық бағыттағы әртүрлі 126 нысанды заңдастыруды көздепті. Ал Құрманғазы ауданынан – 33, Қызылқоғадан – 21, Исатайдан – 20, Жылыойдан – 15, Махамбеттен – 3 және Мақат ауданынан 2 өтініш түсіпті. Бір қызығы, Индер ауданының тұрғындарынан мүлікті заңдастыруға бірде-бір өтініш берілмепті. Сондай-ақ, атыраулықтар тарапынан шетелдердегі мүлікті, не қаржыны заңдастыру туралы өтініш те түспепті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.