19 Ақпан, 2015

Ерекше мәнге ие идея

339 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына байланысты хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысының атына ел азаматтары мен түрлі ұйым­дар­дан бастамаға қолдау білдірген, Қа­зақстанның әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуын қамтамасыз ету­ге бағытталған бағдарымызды тұрақ­ты жалғастыру үшін сайлау өт­кізудің қажеттілігін атап көрсеткен хаттар толассыз келіп түсуде. Елдің еңбек ұжымдарынан көп­теп келіп жатқан хаттарда Мем­ле­кет басшысына қолдау білді­рілген. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің жұ­мысшылары сайлау өткізу әлемдік дамудың жаңа сатысында халықты одан сайын ұйыстыра түсетініне және барлық қазақстандықтарды «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үшін біріктіруге ықпал ететініне сенім білдірген. «Бірлестіктің 20 мың адам­дық ұжымы Отанымызды ілге­рі­летуге және орнықты дамы­туға бағытталған бастамаларды әр­дайым қолдап келеді және қолдай беретін болады. Біз бүгінгідей күрделі уақытта Сіздің саяси ба­тылдығыңыздың арқасында тәуелсіз Қазақстанның әрбір даму кезеңі жетістіктердің, көпұлтты Отанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың жылдарына айналғанын айқын сезініп отырмыз. Қазақстан Сізбен бірге мін­детті түрде табысқа жетіп, әлем­дегі экономикасы дамыған 30 мем­ле­кеттің қатарына кіретін бола­ды», – делінген хатта. «Қазақстан темір жолы»  ҰК»  АҚ қызметкерлері мен арда­герлерінің ашық хатында әлемдегі күрделі қаржы-экономикалық ахуал жағдайында біздің елімізде да­му­дың дағдарысқа қарсы айқын жос­пары – «Нұрлы Жол» Жаңа Эко­номикалық Саясаты бар екені атап көрсетілген. «Президент сайлауын өткі­зу «Нұрлы Жол» аталған Қазақ­стан халқына Жолдауды, индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасын табысты жүзеге асыру­дың, түпкі нәтижеде Қазақ­стан­дағы әрбір отбасының әл-ауқатын арттырудың кепілі болады деп санаймыз», – делінген Қазақстан теміржолшыларының хатында. «Қазмырыш» компаниялар тобы мен мердігерлік ұйым­дары­ның мың­даған адамы бар көпэт­носты ұжы­мынан келген хатта қа­зақстандықтар Елбасының басшы­лығымен ертеңгі күнге, тұрақты жұмысқа, татулық пен келісімде өмір сүру мүмкіндігіне деген сенімге ие болғандарына назар аударылған. «Металлургиялық пештің жанын­да шыңдалған біздің Президент бү­гін­гі жұмысшы қалай өмір сүретінін, қара­пайым қазақстандыққа не ке­ре­гін жақсы біледі. Бізге мемлекет ба­сында «Нұрлы Жол» бағдар­лама­сын, «Қазақстан-2050» ұзақ мерзім­ді Стратегиясын орындауға басшы­лық жа­сауды жалғастыратын көшбас­шы­ның қалғаны қажет. Елбасымен бірге біз­ге ешқандай қиындық қорқы­нышты емес», – деп жазады авторлар. Ал «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ жұмысшылары ел бірлігіне, өркендеуі мен игілігіне бағытталған жұмысты жалғастыру үшін Мемлекет басшысына жалпыұлттық сенімнің жаңа мандатын берудің қажеттігі туралы ұсынысты қолдау өздерінің азаматтық парызы екенін хабарлайды. «Ең қиын уақыттарда біз жас мемлекетіміздің экономикасы мен өнеркәсібін қалыптастырудың күрделі кезеңін Сіздің басшылығыңызбен өткердік. Сіз бізге татулықты, келісім мен экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі айқын мақсаттар мен міндеттерді белгілеп бердіңіз. Сіз бірде: «Егер кеме қай портқа баратынын білмесе, оған ешқандай жел серік болмайды» деген едіңіз. Біз Сізбен қайда баратынымызды білеміз. Ең бастысы, сол мақсатқа біз бірге бара жатырмыз», – делінген хатта. Президенттік сайлауды биыл өткізу халыққа, сондай-ақ, барлық атқарушы және өкілді билік органдарына белгіленген міндеттерді жүзеге асыру ісіне жұмылуға мүмкіндік беретінін атап өткен «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымының мүшелері де бас­таманы қолдайтындарын мәлімдеді. «Біз өркендеу мен тұрақтылықты, балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағын қалаймыз, 2015 жылы ел Президентін сайлау­ды өт­кізуді қолдаймыз. Біздің таңдауымыз – қуатты Қазақстанның қуатты көш­бас­шының болуы», – делінген хатта. «Зенит» Орал зауыты» АҚ жұ­мыскерлері мен инженерлік-тех­ни­калық персоналы Қазақстан Пре­зидентінің дұрыс стратегиялық шешім қабылдауының және оларды жүзеге асыру жауапкершілігін өзіне жүктеу қабілетінің арқасында тәуелсіздік жылдарында ел экономикасын табыс­ты реформалауға қол жеткізілгенін атап өткен. «Бүкіл Қазақстан халқының мүд­десін қорғауға бағытталған Сіз­дің саясатыңыз ғана елді даму­дың жаңа сатысына шығаруға, Қазақ­стан­ның әлемдегі барынша қуатты мем­ле­кеттердің қатарына кіру жөніндегі міндетін тиімді шешуге қабілетті. Біз бәріміз Отанымыз қарқынды дамуы үшін Сіздің, Елбасының айналасында топтасатынымызға сендіреміз. Заманның кез келген сын-қатерін бірге еңсере аламыз», – деп жазады авторлар. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ ұжымы да Президент сайлауын өткізуді қолдайды және Мемлекет басшысының өз кандидатурасын ұсынуын өтінді. «Біз өзіміздің қазіргі бақ-бере­кемізді және болашаққа зор жоспар құру мүмкіндігімізді тек Сізбен байланыстырамыз. Біз Сіздің металлург ретінде жұмысшы тапты бәрінен артық түсінетініңізге сенімдіміз», – делінген хатта. «Қазтеңізтрансфлот» Ұлттық теңіз көлік компаниясы» ЖШС жұ­мыс­шылары әлемдік экономикалық дағ­дарыстың белең алып келе жатқанын жә­не күрделі халықаралық ахуалды ескере отырып, сайлау өткізу мәсе­лесін дер кезіндегі шешім деп атады. «Біз көршілес мемлекеттерде не болып жатқанын жақсы білеміз. Өкінішке қарай, бүгінде әлем мазасыз. Сондықтан Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясының 2015 жылы сайлау өткізу бастамасын қолдауды сұраймыз», – деп жазады авторлар. «Зенченко және компания» ком­ман­диттік серіктестігінің бас директоры Г.Зенченко біздің еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғаламат жетістіктерге жеткенін және бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем қуатты әрі өркендеуші мемлекет ретінде танып, құрметтейтінін атап өткен. «Кеңес Одағы күйреген соң ауыл шаруашылығын дамыту қандай қиын болғаны есімде. Шынын айтқанда, біз өздігімізбен жұмыс істей алаты­ны­мызға, бізге жер беретініне сенген жоқпыз. Сіздің «қиын күндер өтеді, Қазақстан бәріміз «мен қазақ­стандықпын!» деп мақтанышпен айтатындай елге айналады» деген сөздеріңіз жадымда. Бүгінде соның бәрі орындалды», – делінген хатта. Қызылорда қаласынан «Абзал және К» толық серіктестігінің жұ­мыс­шылары бүгінде әлемдік экономикада байқалып отырған дағдарыстық құбылыстар біздің елімізде еңбек адамына жасалып отырған қамқорлықтың бағасын сездіретініне тоқталған. «Барлық қазақстандықтар сияқты біздің ұжым да өз болашағын тек Сізбен байланыстырады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын ескеруді, сондай-ақ, Пре­зидент сайлауына қатысуды сұраймыз. Біз өз кезегімізде Сіздің айналаңызда топтасуға әзірміз», – делінген хатта. Осы үндеуге Шымкенттегі «Дана фирмасы» ЖШС қызметкерлері мен Атырау облысындағы жұмысшы-мұнайшылар да қосылады. «Қарқын АГФ» ЖШС ұжымы мен Қостанай облысының Харьковское ауылының тұрғындары, сондай-ақ, өңірдің барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары жасампаз саясат пен «Нұрлы Жол» бағдарламасы ая­сын­дағы жаңа бастамаларды жалғас­ты­рудың маңыздылығына тоқталған. «Білсеңіз, президенттік сайлауды өткізу туралы бастама халықтың шынайы сезімінен, ашық ниетінен туындап отыр. Қостанай өңірінің еңбекқор тұрғындары Сізді қолдауға әрдайым дайын», – деп жазады авторлар. Қызылорда облысындағы «Арал» сервистік-дайындау орталығының ұжымы өңірді дамыту және Кіші Аралды сақтау мәселелеріне көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс білдіре отырып, президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы қолдайтындықтарын атап көрсеткен. «Біз Сіздің осы ұсынысты ес­ке­ретініңізге және өзіңіз бастаған ау­қымды жобаларды жалғастыруға келі­сетініңізге сенеміз», – делінген хатта. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына қолдау білдірген хаттар қоғамдық бірлестіктер мен білім беру мекемелерінен де келді. Атап айтқанда, Солтүстік Қа­зақ­стан облысының Азаматтық альян­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағы­тын қолдау үшін бар күштерін жұмыл­дыруға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға және Қазақстанды дамытуға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді. «Біз Сізді бір ауыздан қолдаймыз және елдегі барлық азаматтық және патриоттық күштерді Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізуді жақтауға шақырамыз», – делінген хатта. Оларды Түр­кіс­тан қаласындағы Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің қызметкерлері, оқытушы-профессорлар құрамы қостайды. Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері президенттік сайлау өткізу біздің көпэтносты және көпконфессиялы мемлекетіміздің одан әрі дамуы аясында айрықша мәнге ие болатынына сенімді екендерін айтқан. Қызылорда облысы «III Ин­тер­национал» ауылының тұрғындары Мемлекет басшысына осы елді мекенде тұратын 19 этностың атынан  хат жазған. «Біз Сіздің көпұлтты халқымыздың  бірлігі мен келісімін нығайтуға ба­ғытталған қызметіңізді әрқашан қол­­дадық және қолдай береміз. Прези­денттік сайлауды өткізу туралы баста­маға қосыла отырып, Сізден осы ұсы­нысты қолдауды және сайлауға қатысуыңызды сұраймыз», – деп жазады авторлар. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ел Президентін сайлауды өткізу жөніндегі бастамасына байланысты хаттар Мемлекет басшысының атына толассыз келіп түсуде.