07 Тамыз, 2015

Түгел айтпау – сөзге обал

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Осы газеттің 29 шілдедегі санынан «Ұлттық тарихсыз ұлттық рух болмайды» деген мақала оқыдым. Авторлары Баубек Сомжүрек, Нұрболат Бөгенбаев деген інілерім екен. Онда: «...Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ұлы бабаларымыз түркі халықтарының тілі мен тарихын, мәдениетін зерттеп, есімдері әлемге танылды» делінеді де кешелі-бүгінгі түркітануға үлес қосқан, қосып жүрген тағы бір топ ғалымның еңбектері елеулі екені айтылады. Дұрыс. Бірақ мұны оқып отырып: «Қазекемнің төрт сөзді түгел айтуды» қалайтыны еске­ріл­мепті-ау?!» деп еріксіз таңдандым. 00 Иә, мақалада көрсетілгендей «Томсон, Радлов... секілді белгі­лі түріктанушылар... түркі халық­тарының өркениетін, әдебиеті мен мәдениетін дүниежүзіне паш етті». Ал, мысалы, Махмұт Қаш­қари мен Жүсіп Баласағұнның жазба еңбектері исі қазаққа қалай паш етілді? Міне, осыны жалғап айтуды мақала тақыры­бындағы «ұлттық рух» талап етіп тұр емес пе? Әрине! Көне замандағы тарихи тұлға­ларды тануда, қай халықта болсын, зерттеуші ғалымдардың еңбегі ерекше екені түсінікті. Алайда, зерттеу мақала жазу – бір басқа да, олардың еңбектерін қазақ тілі­не аударып, ұрпақ игілігіне жарату – бір басқа. Бізде осы ескеріле бермейді. Жоғарыда аты-жөндері аталған ғұлама бабаларымыз туралы әңгіме болғанда, олардың еңбектерін зерттеушілер мен аудармашылардың кімдер екені қатар айтылуы шарт. Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұн ауызға алынғанда Асқар Егеубаев марқұм аталмаса, «түгел сөздің түбі бір» болды дей алмаймын. Асқар Егеубаев кім еді? Ол ақын, әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, аудармашы бо­латын. Табанды еңбегі үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Жастар мен студенттердің Бүкіл­дүниежүзілік ХII фестивалінің дипломанты атанған еді. 10 өлең­дер кітабы, 2 әдеби-зерттеу мақа­лалар жинағы шыққан. Газет­тегі мақалаға қатысты айтарым: Асқар Егеубаев атақты Жүсіп Бала­сағұнның «Құтты білік» дастанын түпнұсқасынан алғаш рет қазақ тіліне аударып, алғысөз бен түсініктерді жазып, 1986 жылы жеке кітап етіп шығарды. Көлемі – 615 бет! Одан Қытай Халық Респуб­ликасының «Ұлттар» баспасы дереу хабардар болып, бірден араб қарпімен жарыққа шығарды. Әнеки, еңбектің еленуі! Ғалым, аудармашы Асқар Егеу­баев одан кейін Махмұд Қаш­қа­ридың «Түрік тілі сөздігін» көне түркі тілінен қазақшалап, жан-жақты түсінік беріп шығарды. Көлемі – 3 том. 900 бет! Аса құн­ды осындай көлемді еңбек­ті қазақ оқырмандарына жеткізу қан­дайлық білімді, құштарлықты, қан­шама күш-жігерді талап етті екен?! Ақын Асқар одан кейін жалынды жауынгер жыршымыз Махамбет Өтемісұлы шығармаларының 4 томын құрастырып, академиялық басылым талабына сай етіп берді. Яғни тұтас бір ғылыми-зерттеу орталы­ғының міндетін бұл жолы да жалғыз өзі атқарды! Сол кезең­де – 2002 және 2004 жылдары – Асқардың жаңа жыр жинақтары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Жолы болмады. Мен сондағы комис­сия мүшелері, Асқардың мына айтылған, ақындық-ғалым­дық үш ерлігін ескеру былай тұр­сын, ұсынылған жыр жинақта­рын да түгел оқыған жоқ дей аламын! Отандастарымызға кей кездері «Махмұт Қашқари атындағы медаль» деген марапат беріліп жататынын газеттерден оқимын. Олар­ды қайдан, кімдер ұсынады, қайда, кімдер береді – білмеймін. Менің білетінім: ұсынғандардың да, бергендердің де, алғандардың да Асқар Егеубаевтың әдеби-тарихи қыруар еңбегін бағалай білмегені. Мұны не дейміз? Әдеби сауатсыздық па? Әлде, «өзі жоқтың – көзі жоқ» па?!. Егер есен-сау болса, Асқар Құр­машұлы бүгінде 65 жаста болар еді. Айналасындағылар да, тағдыр да тарын­ған соң, не шара – пәк сезімді ақынның үлкен жүрегі тоқтағалы 9 жыл... Қадірін білген қауым табылып, Асқардың шығар­малары мен аудармаларының көптомдығын шығарып берер болса, арғысы Қытай Халық Республикасы мен бергісі Қазақстанындағы жүздеген мың оқырманына бір жұбаныш болар еді! Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы. АЛМАТЫ.