19 Ақпан, 2015

Жас бала пара беруді білмей өссе, шіркін!..

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандардың 10 пайызы білім саласына қатысты болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа салыну жағынан білім беру мен денсаулық сақтау салалары топ басында тұр. Бұл екеуі де ел дамуының аса маңызды салалары болып табылады. Себебі, дені сау, білімді ұрпақ – ел болашағы. Осыған орай Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылары жақында денсаулық сақтау және білім беру меке­мелерінің басшыларымен кездесу өткізді. Статистикалық деректерге сүйен­сек, өткен жылы 147 сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша іс қозғалған. Тәртіптік құқық бұзушылықтар көрсеткіші де 196 дерекпен 2013 жылдың деңгейінде қалып отыр. Оның ішінде, білім саласы бойынша 2013 жылы – 30, ал, 2014 жылы 46 құқық бұзушылық орын алған. Яғни, жалпы орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жылдық көрсеткішінің 23 пайызы мектептер мен балабақшалардың еншісінде. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандардың 10 пайызы білім саласына тиесілі. «Бұл бір жағынан көңілге жа­ғымсыз болса, екінші жағынан бұдан «ұстаздардың беделі неге төмендеді?» деген сұраққа жауап табылады. Жасөспірімдердің тәрбиесінде отбасылық тәрбиенің орны ерекше. Өкінішке орай, адамзаттың сана-сезімі таза және адал еңбектен гөрі, оңай жолмен нәпақа табудың жолына ауып бара жатқандай. Отбасы тәрбиесінің өзінде білім алуға, жұмысқа орна­ласуға қатысты әңгімелер жемқорлық көріністерінің аясында өрбитіні жасырын емес. Сондықтан, Тараз қаласы мен аудандардағы білім беру мекемелеріндегі ата-ана­лар комитеттерінің жұмысы да на­зарға алынатын болады. Әр үйде кемін­де бір оқушы бар. Отба­сы тәрбиесінде олардың бойында жем­қорлықты қабылдамау қасие­тін қалыптастыру қажет. Сонда ғана қоғам сауатты, ал ұстаз­­­дардың мерейі үстем болары анық» дейді бұл жөнінде Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Жам­был облысы бойынша депар­таменті­нің басшысы Мақсат Қожабаев. Денсаулық сақтау мекеме­ле­ріне келер болсақ, ақ халатты абзал жандардың әрбір заңсыз әрекет­тері адам саулығына кері әсер ете­тінін ұмытпауымыз керек. Сыр­қат адамға ақша емес, денсау­лық қымбат. Осы орайда, барлық денсаулық сақтау мекеме­лері тарапынан халықты олар­дың құқықтары туралы ақпарат­тандыру, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс. Былайша айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір азаматтың азаматтық борышы. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.