Аймақ басшысы әкімі Ерік Сұлтанов бастаған делегацияның Омбы өңіріндегі жұмыс сапары іскер байланыс биржасынан басталды. Оның ашылу салтанатында сөйлеген Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталып, шекаралас өңірлерде бірлескен кәсіпорындардың 200-ге жуықтағанын атап көрсетті. «Солтүстікқазақстандықтардың облысымыздың экономикасына белсенді үлес қосып жатқандығы қуантады. Бүгінгі сапар біздің ынтымақтастығымыз бен өзара қарым-қатынасымыздың жаңа бағыттарына соны серпін берері сөзсіз», деді Омбы облысының басшысы.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы тауар айналымының артуына оң серпіліс беріп отырғанына екпін түсірді.
– Әлемдегі қаржылық қиындықтарға қарамастан, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды саясаты арқасында Қазақстан реформалық қадамдарды ойдағыдай жалғастырып келеді. Оған экономикалық өсімнің 4 пайызға өскені дәлел. Үкіметтің тарапынан жасалып жатқан шаралар дағдарыстардың алдын алуға, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Ресей Қазақстанның басты сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. Көрші елдің облыстың сыртқы тауар айналымындағы үлесі 70 пайыз болса, оның 50 пайызы Омбы облысына тиесілі. Екі тараптың тауар өндірушілерінің Кеден одағы елдерінің компанияларымен экономикалық байланысын әрі қарай дамытуға бағытталған шаралар өз жемісін беріп келеді. Кездесулер барысында өзара тиімді ақпараттар алмасып, өнімді жеткізу ісін жақсарту туралы келіссөздер жүргізілеріне, бірлескен өндіріс орындарын ашудың мүмкіндіктері қарастырыларына сенімдімін, деді Ерік Хамзаұлы.
Көршілес өңірмен бірлескен жұмыс қарқыны, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында айқын сезіледі. Мәселен, Омбы қаласындағы Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы егіншілік және жем-шөп өндіру мәселелері бойынша бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа түрлерін сынап, оларды өндіріске енгізуге жағдай жасауда. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары Омбы ауылшаруашылық дақылдары селекциясы сорттарының элиталық тұқымын және Есілкөл тәжірибе стансасынан майлы дақылдардың тұқымын сатып алуда. Ал Петропавл қаласында орналасқан «АВАГРО» ЖШС Омбы облысына ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізумен айналысады. Көршілес екі өңірдің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзара қарым-қатынасы да даму үстінде.
Кездесу барысында өңір басшылары мен олардың орынбасарлары дөңгелек үстел басында жиналып, бірқатар өзекті жайттарды талқылады. Қазақстандағы Қызылту стансасынан Ресейдегі Русская Поляна стансасына дейінгі теміржол учаскесін қалпына келтіру, Қызылжар өңірінің елді мекендеріне газ тарту және басқа мәселелер туралы ұсыныстар ортаға салынды. Экономика, өнеркәсіп, білім беру, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет салалары бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Қол қою рәсімінен кейін журналистерге атқарылған жұмыс жайын баяндаған облыстар басшылары халықаралық деңгейде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар екенін айта келе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бизнес өкілдерін тарту арқылы Омбы облысындағы Русская Поляна стансасынан бастап, Қазақстандағы Қызылту стансасына дейінгі теміржолды қалпына келтіру мәселесінің талқыланғанын жеткізді. Ерік Хамзаұлының айтуынша, Омбы нарығына ауыл шаруашылығы тауарларын сату жұмысын жолға қою жоспарда бар.
Ресми сапар барысында солтүстікқазақстандық делегация Омбы облысындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, қазақ тілі және мәдениеті орталығының студенттерімен кездесті. Онда сөйлегендердің ой-пікірлері елін атаса, ерін таниды деген ұлағатпен астасып жатты.
Әсем РАХМЕТОВА,
облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы.