21 Наурыз, 2015

Іргелі жобалардағы ілгерінді істер

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Көліктік логистика даму орталығы» филиалы директорының орынбасары  Әбдірашид Сәкенов пен  «KTZExpress» АҚ вице президенті Сергей Анашкин брифинг өткізді. Онда Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» Жолдауында жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы сөз болды. Бүгінде көліктік-логис­тиканың инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырыла бас­тады. Оның ішінде Құрық портындағы теміржол паром кешені Каспий өңіріне жаңа мүмкіндіктер туғызады. Құрық порты халықаралық көліктік-логистикалық тізбектің, экспорт пен импорт, транзиттік жүктердің Қазақстан аумағы арқылы молынан өтуіне ықпал етеді. Ал, Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай терминалы сыртқы аумақтардан логистикалық орталықтардың құрылысын жүргізу немесе жалға алу жобаларын жүзеге асыруға болатындығын білдіріп отыр. Мәселен, қазіргі таңда Янтиен теңіз портында, Сиан мен Чженчжоу құрғақ портында 2 млн. тонна жүк өңдеуге мүмкіндік туды. Енді Балтық жағалауы портында жылына 1,7 млн. тонна жүк өткізетін терминал жобалануда. Осы жетістіктерге тоқталған Ә.Сәкенов, ел аумағындағы табыстарға да ойысты. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА ғажайып мемлекеттік инфра­құрылымдық жобасы құрғақ порты Қытай, Орталық Азия, Парсы шығанағы, Кав­каз, Түркия нарықтарына жүк шы­ғарады. 2015 жылғы шіл­деде «Құрғақ порт» жобасын ком­мерциялық пайдалануға тап­сыру жоспарланып отыр. Ал, Астана халықаралық әуе­жайы жолаушылар терминалын жаңғырту жобасын жүзеге асыруға дайындық жұмыстары басталды. Бұл жоба әуежайдың транзиттік әлеуетін арттырады. Терминал іске қосылған кезде оның аумағы 25-тен 40 мың шаршы метрге ұлғаяды. Сағатына 1775 жолаушы өткізе алады», деді спикер. Теміржолшылар дағдарысқа қарсы көліктік-логистикалық саладағы жобаларды жүзеге асырып, Қазақстанның ішкі әлеуетін дамытпақ. Ол арқылы еліміздің ішкі және сыртқы нарықта терминалдық желіні дамыту көзделуде. Нәтижесінде 2020 жылға дейін, тасымалдау көлемі, оның ішінде транзиттік тасымал екі есеге артатын болады. Сондай-ақ, аталған жобалар жүзеге асқанда жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылады екен.