Елбасымыз халыққа хабарлаған бұл жаңалық арқылы еліміз үшін осынау аса маңызды тарихи оқиғадан кейін тұтынушыларға тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашылады. Бүгінгі таңда «Ырыс-Бақыт» болып қайта құрылған біздің кәсіпорынның жұмысы аса ауқымды. Біздің еңбек иелері мұнда 100-ден астам адам тері өңдеу, былғары киімдерін тігу, аяқ киім, ат әбзелдерін жасау, киіз басу өндірісімен айналысады. Өндіріс көлемі жылма-жыл арта түсуде. Бұл, сөз жоқ, комбинаттың даму жолына түскендігінің белгісі. Алдыңғы жылы 101 миллион теңгенің өнімі шығарылса, былтыр бұл көрсеткіш 435 миллион теңгеден асты. Кәсіпорын жылына 500 мың қой терісін, 300 мың ірі қара терісін өңдеуге қабілетті. Жұмысшылардың орташа жалақысы 50 мың теңгеден айналады.
Өнімдеріміздің басым бөлігі Ресейге кетіп жатыр. Кәсіпорын осыған қоса үлкен сұраныстағы киіз үй жасауға да қабілетті. Бір кездері киіз үй шығаратын Талдықорғандағы Үштөбе фабрикасының жұмысын тоқтатуы киіз үй керек емес дегенді білдірмейді. Кең-байтақ еліміздің тамаша табиғат мүйістерінен демалыс орындарының ашылуы, туризмді дамыту бағыты бойынша киіз үй үлкен сұранысқа ие болатын күндер алыс емес.
Әйтсе де Елбасы айтқандай, алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бұл сәтті талай жыл күтіп, қаншама дайындықтан өтіп, шыңдалсақ та бәсекеге дайын болуымыз қажет. Қалпағымызды аспанға атып, құр қуана бермей, соған сай әрекет етуіміз керек. Бұл ұйымға мүше болуымыз ел кәсіпкерлеріне тың күш, серпіліс, қуат береді деп ойлаймын. Өйткені, болашағын ойлаған фермер, шаруа иесі, бизнес өкілі бәсекеге сай болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Жұмысын сараптап, жаңадан ұйымдастыратын болады.
Кеңесхан АХАЕВ,
«Ырыс-Бақыт» ЖШС директоры.
Жамбыл облысы.