ПЕТРОПАВЛ. 24 маусым. Көші-қон полициясы есебінде алимент пен қарыздан жалтарған 163 адам есепте тұр. «Із кесу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында іздеуде жүрген 62 тұлғаның мекен-жайы анықталды. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Солардың бірі – Петропавл қаласының 31 жастағы тұрғыны көпке дейінУәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында жасырынып келген. Онымен жүргізілген профилактикалық тәрбие кезінде алимент төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны қатаң ескертілді. Әкімшілік айыппұлын төлемей жүрген 40 жастағы қалалықтың да мекен жайы белгілі болды. Ал 26 жастағы бойжеткен мемлекетке 2 миллион теңге берешегін төлемеу мақсатымен Сочи қаласына табан жалтыратқан.
«Өздерінің қарыздарын өтеуден жалтарып жүрген адамдарға бұдан былай қылмыстық ықпал ету іс-шаралары қолданылатын болады», дейді көші-қон полициясы басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Еркетай Тұтқышев.
Акция аясында сот орындаушылар тәртіп сақшыларымен бірлесе отырып, автомобиль айыппұлдарын өтеуден жалтарып жүрген 12 адамды ұстады. 3 миллион теңге өндіріліп алынды. Жыл басынан бері жергілікті қазына 70 миллион теңгеге толыққан.
Әкімшілік полициясы басқармасының бөлім жетекшісі Марат Әбілмәжіновтың айтуынша, акцияға 275 полиция қызметкері, 25 сот орындаушы, 67 автокөлік жұмылдырылып, 15 рейд жүргізілген.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.