09 Мамыр, 2015

3 орден, 2 медаль

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

"3 орден, 2 медаль" Бұл деректі бертінде білдік

Әскерге 1939 жылы алынып, алдымен фин соғысына, соңынан Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылдың көктемінде II топ мү­гедегі болып елге оралған әкем Бегалы Сақыпбеков сол бір зұлмат жылдардан көп естелік айта бермейтін. Бәлкім тәнін де, жанын да аямай жаралаған сол бір қиын сәттерді есіне қайта түсіріп, жүрегін ауыртқысы келмеген болар. Жалпы, әкемнің әскери билетін­де Ұлы Отан соғысында аға лейте­нат Бегалы Сақыпбековтің 5 рет жара­ланғаны, оның ішінде 3 рет конт­узия алғаны туралы белгі соғыл­ған. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген, әкеміз осын­шама қантөгістен аман шығыпты.

Алғашқы әскери дайындығын Уфа қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училищеде өткізіп, фин соғысына 4-армияға қарасты 254-арнайы шаңғышы­лар бригадасының құрамында қатысады. Содан 1942 жылы Смоленск облысы, Понизенский ауданының, Веложей қаласы үшін болған ұрыста оң қолынан жараланған. Кейін Сталинград облысы, Крышева деревнясын, атқыштар взводының командирі болып жүріп Смоленск облысы Витебск ауданының Харитонов деревнясын, Великие Луки қаласын неміс басқыншыларынан азат етуде, барлау взводының командирі болып жүрген кезінде Полецк қаласының маңындағы Белоус деревнясынан «тіл» әкелу тапсырмасын орындауда автоматтың оғынан және оң жамбасынан пышақ қаруынан жараланып, гос­питальға түсіпті.

Міне, Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығы жақындап қалды. Әйтсе де бұл соғыстың құпиясы, жұмбағы әлі көп. Әкем Бегалы Сақыпбеков өзінің барлық наградалары туралы мәліметтерден бейхабар болды. Тек соңғы мәрте жараланып, госпитальдан шығар кезде құжаттарына қол қойып жатқан командирі «наградаға ұсынармыз» деген екен. Әкеміз осы жайтты жиі еске алып, айтып жүретін. Тіпті, бірде КСРО Қорғаныс министрлігіне хат жазып көрсем бе екен дегені де бар. Енді, міне, «Халықтар Ерлігі» жалпыға бірдей электронды құжаттар банкі арқасында Бегалы Сақыпбековтің соңғы әскери дәрежесі «аға лейтенант» екені, бірнеше орден-медальдармен наградталғаны анықталып отыр. Нақтырақ айтсақ, «Қызыл Ту», II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа бірнеше медальдармен марапатталғанын білдік.

Әкем Бегалы соғыстан кейінгі жылдары өзінің мүгедектігіне қарамастан ауданның білім саласында 30 жылдай еңбек етті. Ол кісі Алматы мемлекеттік педагогикалық институтын қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Сарысу ауда­нындағы Жайлаукөл, Бүркітті, Көкдала ауылдары мен «Жайыл­ма», «Коммунар», «Түркістан», «Жаңатас» совхоздарының Талас өзені бойындағы малшылардың балаларын оқытты. Анамыз Күлбағдат Бимендеқызы да 35 жыл математика пәнінің мұғалімі болып, әкемізбен бірге қызмет атқарды. Әрине, мұсылман баласы болғандықтан, әке-шешемізге жиі Құран бағыштап, үйден «иіс» шығарып тұрамыз. Тірі болғанда бар орден-медальдарын тағып алып, елдің алдында жарқырап жүрер еді, жарықтық әкем... Бүгінде әке-шешеміздің кіндігінен тараған 6 ұл-қыздан 23 немересі, 50 шөбересі, 6 неменесі өсіп өнуде. Соған Аллаға мың мәртебе шүкіршілік деп отырамыз. Яғни, әкеміздің өмірінің жалғасы бар. Мен әкемді мақтан тұтамын.

Жұмабек САҚЫПБЕКОВ.

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы.