21 Наурыз, 2015

«Арландар» «Баку оттарынан» басым түсті

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
21-03-2015 Astana-Arlans-Kazakhstan-vs-Azerbaijan-Baku-FIresАСТАНА. 21 наурыз. Бүгін «Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында Әзербайжанның «Баку оттары» командасын қабылдады. Шымкентте өткен кездесуде боксшыларымыз 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.

«Астана арландары» – «Баку оттары» 4:1

52 кило: Олжас Сәттібаев – Мурад Рабаданов 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) Алғашқы жекпе-жекте «арландар» сапынан рингке Олжас Сәттібаев шықса, қарсы тараптан Мурад Рабаданов жұдырықтасты. Бес раунд бойы басымдық танытқан қазақ боксшысы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, командасының қоржынына алғашқы ұпайды салды. 60 кило: Закир Сафиуллин – Альберт Селимов 0:3 (44:50, 44:50, 44:50) Екінші болып шаршы алаңға Закир Сафиуллин мен Альберт Селимов көтерілді. Селимов командасында көшбасшылардың бірі. Биылғы маусымда өз салмақ дәрежесі бойынша WSB жобасының жекелей рейтингінде көш бастап келеді. Ал Закир үшін бұл алғашқы маусым. Соған қарамастан біздің «арлан» лайықты қарсылық көрсетті. Алғашқы раундтар әзербайжанның басымдығымен өтсе де, шешуші сәттерде Сафиуллин аянып қалмады. Алайда, тәжірибенің арқасында бұл айқаста Селимов 3:0 есебімен жеңіске жетіп, жалпы есепті теңестірді. 81 кило: Хрвое Сеп – Михаил Долголевец 3:0 (50:44, 50:44, 50:44) «Астана арландары» сапындағы хорватиялық легионер Хрвое Сеп пен қарсыласы Михаил Долголевец арасындағы жекпе-жек біздің боксшының айқын басымдығымен өтті. Барлық кезеңде тізгінді өз қолында ұстаған Сеп тартысты қалауынша өткізді. Нәтижесінде, төрешілер бірауыздан жеңісті «арланға» берді (3:0). 69 кило: Қанағат Маралов – Парвиз Багиров 2:1 (49:46, 48:47, 46:49) Бүкіләлемдік бокс сериясындағы алғашқы жекпе-жегін өткізген «арланымыз» Қанағат Маралов біздің командаға мерзімінен бұрын жеңіс сыйлады. Қарсыласы Парвиз Багиров екеуінің айқасы тең дәрежеде өрбіді. Кездесу соңында төрешілер 2:1 есебімен жеңісті қазақ боксшысына берді. +91 кило: Филип Хргович – Гаджи Муртузалиев ТКО (R1) Ал соңғы аса ауыр салмақтағы боксшылардың жекпе-жегі бір раундтан ұзаққа созылмады. Хрвоенің отандасы, «арланымыз» Филипп Хргович пен әзербайжандар сенім артқан Гаджи Муртузалиев арасындағы айқаста төрешілер жеңісті біздің боксшыға берді. Бірінші раундтың аяқталуына 30 секунд қалған кезде қазылар Муртузалиевке қатаң ескерту жасап, тартысты тоқтатты. Нәтижесінде, Хрговичтің пайдасына техникалық нокаут жазылды. Осылайша «арландар» биылғы маусымда 10-жеңістеріне қол жеткізіп, 30 ұпаймен «В» тобында жеке-дара көш бастады. Алғашқы айналымда Әзербайжан командасын Бакуде 3:2 есебімен жеңгенімізді айта кетейік. Командамыздың келесі қарсыласы «АҚШ нокаутшылары». Марат Жәкиев жаттықтыратын «арландар» бұл айқасты 27 наурызда АҚШ-та өткізеді. Америкалық бокшылар «В» тобында 19 ұпаймен үшінші орында тұр. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: worldseriesboxing.com.