Руханият • Бүгін, 07:30

Абай аудармасы хақында...

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітап­ханада Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, әдебиет­танушы Сауытбек Абдрах­ма­новтың «Алып Абай. Конгениаль­ность. Congeniality» атты кіта­бының таныстырылымы өтті.

Абай аудармасы хақында...

Алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерімен қатар қаламгерлер қатысты. Тұсаукесер тізгінін филология ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұстап, қатысушылар жаңа жинақ хақында ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, «Алып Абай» – тұтастай Абай аудармашылығына арналған тұңғыш кітап. Осы уақытқа дейін Абайдың аудармашылығына қатысты 1954 жылы Зәки Ахметовтің «Лермонтов и Абай» атты зерттеуі шыққан болатын. Ол кітапта Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары  айрықша талданған еді. Ал Сауытбек Абдрахмановтың бұл кітабында Абай аудармалары түгелдей дерлік қамтылған. Атап айтсақ, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гете, Байрон, Шиллер, Мицкевич, Полонский Дельвиг, Буниндердің  өлеңдері назардан тыс қалмаған.

«Абайдың аудармаларына арналған жалғыз кітап осыдан 71 жыл бұрын шыққан екен. Ол – 1954 жылы Зәки Ахметовтің «Лермонтов и Абай» деген кітабы. Сол олқылықтың орнын толтыруға қызмет ететін кітап менің «Алып Абайым». Абай шығармашылығының үлкен бір арнасы аудармашыларға толық дәрежеде қамтылып отыр», дейді автор.

Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр. Көлемі – 600 бет. Жаңа жинақтың биылғы Абайдың 180 жылдығына орай жарыққа шыққанын еске салайық. Ерекше еңбек – абайтану ғылымында ақынның аудармашылығын зерделеуге қосылған сүбелі үлес.