Саясат • Бүгін, 07:25

Қоғамдық қабылдаудың көтерген мәселесі көп

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Amanat» партиясы Орталық аппаратының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында белсенділерден, елорда тұрғындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен бірқатар қоғамдық маңызды өтініштер келіп түсті.

Қоғамдық қабылдаудың көтерген мәселесі көп

Азаматтар көп мәселе көтерді. «Үркер» тұрғын үй алабының белсенділері аула клубтарына ресми мәртебе беру қажеттігіне назар аударды. Олардың айтуынша, мұндай клубтар балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдасты­руда маңызды рөл атқарады. Онда әртүрлі шығармашылық сабақтар, аспаздық курстар өткізіледі. Бұған қоса отбасымен келуге арналған бассейні бар заманауи спорт кешенін салу туралы ұсыныс та айтылды.

«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коали­циясының жетекшісі жастар­дың денсаулығын қорғау­дың әрі темекіге тәуелділікті төмендетудің маңыз­дылығын атап өтіп, кальяндарды пайдалануды шектеу жөніндегі шараларды қатаңдату туралы мәселені көлденең тартты.

Елорда тұрғыны Қостанай облысында газ құбырларын заңсыз пайдалану фактілері болуы мүмкін екенін хабарлап, тексеру жүргізуді сұрады.

Ал «Creative & Innovation Institute» Орталық Азияның орнықты даму орталығы» ҚҚ директоры авторлық білім беру бағдарламасын енгізу бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама оқушылардың креативті және цифрлық ойлау қабілетін дамытуға арналған. Бұл қазіргі технологиялар қарыштап дамыған заманда ерекше өзекті екені белгілі.

Сондай-ақ Қарағанды тұрғыны балалардың жан-жақты дамуына бағытталған PLATON 5D авторлық білім беру бағдарламасы туралы айтып берді. «Бағдарлама патенттелген және ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келеді» деді ол, бірақ оны жүзеге асыру үшін қосымша қаржы қажет.

Айтылған барлық өтініш­тер мұқият қаралды. Олардың әрқайсысы бойынша уәкілетті органдар арнайы жұмыстар жүргізеді.

Роман Скляр партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі мемлекеттің азаматтармен диалогі үшін маңызды алаң болып қалатынын, бұл қоғамды толғандыратын мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік беретінін айтты.