Оқиға • Кеше

Депутат Еділ Жаңбыршин жиналыс үстінде ChatGPT-мен ақылдасып, әріптестерін таңғалдырды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістегі қалдықтарды қайта өңдеу нормаларына қатысты талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин жасанды интеллекттен алынған деректерді дәлел ретінде ұсынып, министрлік өкілдерінің ұсынған тәсілін сынға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Еділ Жаңбыршин жиналыс үстінде ChatGPT-мен ақылдасып, әріптестерін таңғалдырды

Фото: Видеодан алынған кадр

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев отырыс барысында шиналарды мысалға ала отырып, қазіргі қайта өңдеу жүйесінің олқылықтарын түсіндірді.

«Қолданыстағы нормаларға сәйкес, егер Қазақстанға 100 килограмм шина кірсе және кәсіпорын оның 30 пайызын қайта өңдегенін дәлелдесе, оған төленген экологиялық төлем толық қайтарылады. Біз осы межені 40 пайызға дейін біртіндеп көтеруді ұсынып отырмыз. Алайда, қазіргі жағдайда 100 килограмның 70 килограмы өңделмей қалып отыр. Бұл қалдықтар қайда кетіп жатыр? Олар айналып келгенде қоршаған ортаға түседі. Бірақ кәсіпорындар 30 пайызды орындағаны үшін толық босатылады. Сонда қалған 70 килограммның тағдыры не болады?», деді вице-министр.

Дәл осы кезде сөз алған депутат Еділ Жаңбыршин әріптестерін күтпеген дәлелімен таңғалдырды. Ол біртұтас 40 пайыздық көрсеткіш барлық қалдық түріне бірдей қолданылуы қисынсыз екенін айтып, талдау жүргізу үшін ChatGPT-ге жүгінгенін ашық айтты.

«Сіздер барлық қалдыққа бірдей 40 пайыз белгілеп отырсыздар. Бірақ бұл ғылымға да, тәжірибеге де сәйкес келмейді. Мен ChatGPT-ден морфология бойынша қалдықтардың әлемдік қайта өңделу деңгейін сұрадым. Міне, көрсеткіштер: органика – 5-10 пайыз, пластик – 14-20 пайыз, қағаз – 45–55 пайыз, шина мен шыны – 20-30 пайыз, металл – 70-90 пайыз, тоқыма – 10 пайызға жетпейді. Осыны көре тұра барлық қалдыққа бірдей 40 пайыз қою дұрыс емес, бұл дилетанттық. Әр қалдық түріне жеке норматив бекіту керек», деді депутат.