Руханият • Бүгін, 09:55

Кино туралы тың туынды

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кино – жылт еткен көрініс емес, уақытпен бірге үздіксіз қозғалып тұратын күрделі құбылыс. Ол – қоғамның тынысын, адамның жан әлемін, өркениеттің өзгерісін бойына жинайтын рухани айна десек, кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нәзира Рахманқызының «Кино және уақыт» атты жаңа кітабы сол айнаға тереңнен зер салған сүбелі еңбек екендігіне көз жеткіземіз.

Кино туралы тың туынды

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Әкім Тарази атындағы мәжіліс залында тұсауы кесілген тың туындының алғашқы парақтарынан-ақ автордың киноға деген көзқарасы, жанашырлығы, ұлт мәдениеті алдындағы жауапкершілігі сезіледі. Нәзира Рахманқызы фильмді тек өнер емес, ұлттың көркемдік жадын сақтаушы феномен ретінде қарастырады. Бұл жөнінде автордың өзі: «Кітаптың «Кино және уақыт» деп аталуының өзіндік себебі бар. Ең алдымен, әдебиет пен өнердің, соның ішінде, әсіресе, кино өнерінің дәуір, заман, уақыт үнін, атмосферасын бере алатын тамаша қасиеті бар. Шынында да, кинематографтың уақытты мейлінше «уысында ұстай» алатын, яғни өткен күнге назар аударып, сонан соң іле-шала бүгінгі күнге оралатын, бәлкім болашаққа да барып, тап қазіргі шаққа қайта келетін әлеуеті зор. Осының барлығы замана үні мен бояуын, қоғамның, әлеуметтің көңіл күйін нақтырақ жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан уақыт пен кино бір-бірімен тығыз байланысты. Осы ретте кез келген фильм, тіпті оның көркемдік деңгейі көңіл көншітерлік болмаса да, бәрібір өз уақытының үнін жеткізеді. Әлбетте, уақытпен бірге кино да өзгереді. Алдыңғы буын кинематографис­тер қатарына уақыт, қоғам туралы өзіндік көзқарасы бар жаңа ұрпақ келіп қосылады. Сөйтіп, кинода стиль, форма, жанр тұрғысынан ғана емес, өз дәуірімен үндес тың тақырыптар, жаңа кейіпкерлер пайда болуы мүмкін. Осының барлығына міндетті түрде уақыттың әсері өте зор», дейді ағынан ақтарылып.

Кино – қазіргі қоғамның ең қуатты тілі. Ал осы тілдің тамырын тап басып, тереңіне бойлай білу – ғылым мен жүрек бірлігін талап ететін күрделі іс. Нәзира Рахманқызы аталған екі талапты қатар ұстанған санаулы қаламгердің бірі. Ол фильмге тек кадрлар тізбегі ретінде қарамайды. Ғалым көзқарасында кино – тірі ағза, қоғаммен бірге өсетін, тағдырмен бірге толысатын, уақытпен бірге үздіксіз түрленетін ғажайып құбылыс. Кітаптағы әр зерттеу мен мақала осы түсініктің айналасынан өрбиді. Демек «Кино және уақыт» кездейсоқ туған еңбек емес, бірнеше онжылдық бойы жинақталған ойдың, зерттелген деректің, талданған фильмдердің, өнер туралы сүбелі сырлар мен сұхбаттардың қомақты қоржыны.

Автор төл еңбегінде киноның қоғамдағы орны туралы ашық айтады. Қазақ киносының бүгінгі кеңістігі – екі үлкен арнаның тоғысы. Бірі – нарық талабына қарай бейімделген коммерциялық кино болса, екіншісі – шығармашылық еркіндікке сүйенген авторлық фильмдер. Кинотанушы аталған екі бағытты бір-біріне қарсы қоюдан аулақ. Керісінше, екеуінің даму логикасын, көрерменге ықпалын, мәдениетке әсерін салмақтап талдайды. Сонымен қатар кітапта фильмдердегі тіл мәдениеті, қазақ тілінің киноэкрандағы беделі, жастардың ана тіліміздегі өнімдерге бетбұрысы маңызды мәселе ретінде қарастырылады. Себебі киноны түсіну – мәдениет. Ал көрермен мәдениеті – фильмнің бағасын анықтайтын маңызды фактор. Нәзира Рахманқызы көрер­мен талғамының өзгеруін, оның интернет заманында қалай құбылғанын, кино кеңістігінің жаһанданумен қалай байланысқанын байып­пен баяндайды. Сондай-ақ автор кино са­ла­сындағы жүйелі өзгерістер, мемлекеттік қолдау, шығармашылық еркіндік, нарық талаптары туралы да өз ойын батыл жеткізеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Алматы-Болашақ» баспасынан жарық көрген жинақ ірі үш бөлімнен тұрады. «Мақалалар, зерттеулер» атты алғашқы бөлімінде қазіргі қазақ киносы мен көрермен мәселелері, әдебиет пен киноның байланысы, әлеуметтік желі мен кино талдауы, қысқаметрлі және коммерциялық фильмдер, ұлттық құндылықтар, киноархив, сценарий және тіл мәселелері қамтылған. Сондай-ақ бұрын жарияланбаған «Қазақ деректі киносы: уақыт, қоғам, тұлға» атты көлемді зерттеу енгізілген. Автор қазақ деректі киносының алғашқы қадамдарынан бастап 2010 жылға дейінгі кезеңін қоғам тынысы, идеология мен тарихи жағдайлар контексінде сараптай отырып, ұлттық кино тарихындағы тың деректер мен құнды пайымдар ұсынады. Деректі киноның өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, оның әлеуметтік мәнін, адам тағдырын көрсетуге деген мүмкіндігін ерекше ашады. Тарихи тұлғалар туралы фильмдерге де терең талдау жасалады: кейіпкерді экранда бейнелеудің жауапкершілігі, тарихи нақтылық пен көркем шындық арасындағы тепе-теңдік – автор назарындағы басты түйіндер.

Екінші бөлімге автордың қазақ киносын­дағы өзекті тақырыптарға байланысты әр жылдары баспасөзге берген сұхбаттары топ­тастырылған. Бұл материалдар кәсіби ортаның, өнер саласының және жалпы қоғам­ның киноға көзқарасын кеңейтіп, ұлттық кине­матографияның даму бағыттарына қатысты құнды ойларды жинақтайды.

Ал үшінші бөлімде кинотанушы ғалым белгілі кинорежиссер, актер, педагог Болат Қалымбетов, жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалымұлымен жүргізген мазмұнды сұхбат­тарын оқырман назарына ұсынады. Кейіпкерлер сөзін тыңдай отырып, біз кино өндірісінің сырт көзге көрінбейтін ауыр еңбегін түсінеміз. Сценарийдің қалай туғанынан бастап, кадрдың неге дәл солай түсірілгеніне дейінгі бүкіл ішкі процесті көз алдымызға елестетеміз. Аталған бөлім шығармашылық ортаның ішкі тынысын, кино өндірісінің мазмұндық һәм көркемдік ізденістерін ашып көрсетеді. Біздіңше, кітаптың ең әсерлі, жанды бөлімі – осы. Шығармашылық адамының сөзін тыңдау – оның фильмін қайта «оқумен» пара-пар. Олар өз фильмдеріндегі идеяларын, кадрларға жасырған сырларын, көркем ойдың туу сәттерін бүкпесіз бөліседі. Осындай сұхбаттар арқылы кино өндірісіндегі қиындықтарды, шығармашылық процестің жауапкершілігін, өнер адамының ішкі тәжірибесін көреміз.

«Жинаққа 2017 жылдан бастап қазірге дейін жазылған материалдар еніп отыр. Соның ішінде кітаптың 60 пайызын «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған материалдар құрайды, қалған 40 пайызы бұған дейін еш жерде жарық көрмеген жаңа зерттеулерге арналды. Бұл бір жағынан қазақ киносының бағыт-бағдарын, өзекті деген мәселелерін, жетістіктері мен шығармашылық ізденістерін белгілі деңгейде жүйелі түрде бағамдап, саралауға мүмкіндік береді деген үміттемін», дейді автор жаңа кітабы турасындағы ойын түйіндеп.

Иә, кино тек экрандағы кадрлар қозғалысы туралы ғана сөз емес. Кино – ұлттың жүріп өткен жолы, оның қуанышы мен мұңын бо­йына сіңірген шежіре. Ал уақыт – соның тынысын бағдарлайтын мәңгілік өлшем. Нәзира Рахманқызының «Кино және уақыт» атты еңбегі осы екі ұлы ұғымның тоғысынан туған кітап, қазақ кинотануындағы ойлы, салмақты, терең дүниелердің бірі. Кітапты қолыңызға алған сәттен-ақ оның бойынан білім иісін, тарих тынысын, өнер әуесін қатар сезінуге болады. Өйткені бұл еңбек – ұзақ жылдық ізденістің, өмірлік тәжірибенің, сан-санақсыз кездесулер мен сұхбаттардың, тіпті кейде ішкі толғаныс пен жүрек қиналысының жемісі. Жаңа жинақты ұлттық кинематографияны кәсіби һәм ғылыми тұрғыдан бағалағысы келетін оқырманға таптырмас рухани олжа десек, қателеспейміз.

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50