Ғылым • Бүгін, 09:10

Ғалымдарды қолдау қай деңгейде?

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір кездері, дәлірек айтсақ, осыдан 6 жыл бұрын «Қазақ ғылымы қашан жасарады?» деп мақала жазған едік. Сол кезде елімізде 35 жасқа дейінгі зерттеу бағытында жүрген жастардың үлесі небәрі 32 пайыз екенін, өйткені кешенді қолдаудың кемшін болып тұрғанын мәселе қылып көтергенбіз. Үкіметтің дерегіне қарағанда, бүгінде бұл көрсеткіш 46 па­йызға жетіпті. Нәтижеге қайтіп қол жеткіздік? Жалпы отандық ғылымды қалай қолдап жүрміз? Ғалымдардың, соның ішінде жас ғалымдардың ғылымға келуіне қандай жағдай жасалып жатыр?

Ғалымдарды қолдау қай деңгейде?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қаржылай және әлеуметтік ынталандыру

Бұған дейін де талай рет жаз­ғанбыз, десе де қайталау ар­тық­тық етпейді, ғылымның да­муы қаржылай қолдауға тіке­лей тәуелді. Өйткені кейбір ма­ңызды зертханалық жұмыс­тар, ғы­лыми зерттеулер, күрделі сы­нақтар көлемді қаражатты талап етеді. Сондықтан бұл салада эко­номикалық демеуге мән бермеуге болмайды. Осы және өзге де бюрократиялық мәселелердің шешімдерін сараласақ, Ғылым және жоғары білім министр­лігі таратқан ақпаратта хабар­лан­ғандай, ғылымды мемлекет­тік қаржыландыру көлемі 2025–2027 жылдарға 531,1 млрд тең­ге­ге де­йін ұлғайтылды. Ғы­лым­ды дамытуға және сатып алу рәсім­­дерін жеңілдетуге бағыт­тал­ған заңдар қабылданды. Соны­мен қатар Президент жанын­дағы Ұлттық ғылым академия­сының жоғары ғылыми ұйым түріндегі жаңа мәртебесі анық­талды. Инновациялық инфра­құрылымды қолдау үшін бір­ыңғай терезе болатын және вен­чурлық қаржыландыруды тар­татын Ғылым қорының мәр­те­бе­сі кеңейтілді. Ғылыми қыз­­мет­керлердің мәртебесін арттыру үшін ғылыми ұйымдар қыз­мет­керлерінің жалақысы 18%-ға артты, ал ғылыми атақтар үшін қосымша ақылар 50 АЕК-ке (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3932 теңге екенін ескерсек, бұл 196 600 теңге болады) дейін өсті. Жоғарыда аталғандар – ғылым­ды да­мыту аясында қабылданған іс-шаралар.

Енді жас ғалымдарға арнал­ған қолдау тетіктеріне ойыссақ, ­жалпы, елде ғылыми зерттеу­лермен 425 ұйым айналысады, ­бұл 2022 жылмен салыстырғанда ­11-ге көп. Ғылыми қызметкерлер ­саны 25,4 мың адамға жетті, оның ­46%-ы – жас ғалымдар. Ғалым­дардың әлеуметтік мәртебесін арт­тыру және ғылымға жас кадр­лардың келуін ынталандыру мақ­сатында 2024 жылы 560 жас ғалым пәтерге қол жеткізді. Оның 290-ы «Отба­сы банкімен» бірлесіп іске асыры­латын арнайы ипотека­лық бағ­дарлама аясында, ал 25-і өтеусіз негізде тұрғын үй алды. 2025 жыл­дың басынан бері 36 жас ғалым тегін пәтер иеленді.

Сондай-ақ «Жас ғалым» бағ­­­дарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2021–2024 жылдар ара­­лығында гранттық қаржы­лан­дыруға 16 конкурс өткізілді, соның нәтижесінде 2 мыңнан аса ғылыми жоба іске асырыл­ды. Жыл сайын ғылымға қос­қан үлесі және ғалымдарды ынта­ландырғаны үшін 2000 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3932 теңге екенін ескерсек, 2000 АЕК ­7 млн 864 мың теңге бола­ды мөл­­ше­­рінде 50 «Үздік ғы­лыми қыз­меткер» сыйлығы беріледі. Док­торларды даярлауға мемле­кет­тік білім тапсырысы өсіп жатыр. Мәселен, егер 2022 және 2023 жылдары докторантураға берілетін гранттар саны тиісінше 1815 және 1919 грантты құраса, 2024 жылы 2919 грант бөлінді.

 

Кәсіби һәм өндірістік демеу

Осы күні ғылымда шешімін күтіп тұрған көп түйткіл бір ғана елге тән емес, жаһандық мәсе­леге айналғандары жетерлік. Мұн­дайда ғалымдарымызға ше­телдік әріптестерімен серіктес­­тік орнатуға тура келеді. Бұл рет­те тағылымдамалардың орны ерекше. Осыған орай елімізде әлем­­дегі жетекші зерттеу орталықта­рын­да 500 ғалымның жыл са­йын ғы­лыми тағылымдамалар­дан өтуіне жағдай жасалып отыр. Бүгінде 1475 тағылымдама бе­рілді. Бұл ғылымға жастардың ке­луіне және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, зерт­­теу инфрақұрылымын ны­ғай­­­туға ықпал етеді.

Ғылым мен өндіріс арасын­дағы байланысты нығайту – аса маңызды іс. Мұның сәтті мысалы – ғылыми-технологиялық сессиялар. Бүгінде «Қазақмыс», «Қазатомөнеркәсіп», «ERG», «Қаз­минералс», «Қармет», «Қазақ­ОйлАқтөбе», «Қазмырыш» сияқ­ты ірі кәсіпорындармен бір­лесіп, ел өңірлерінде осындай 12 сессия өткізілді. Ғылыми-тех­нологиялық сессияның қоры­тын­дысында Үкімет жа­нын­дағы Жоғары ғылыми-техни­ка­лық комиссияның отырысына 11 техникалық тапсырма ұсы­нылды. Осылайша, ғылыми-тех­никалық тапсырмалардың жал­пы көлемінің 10%-ын ірі кәсіп­орындармен нақты жұмыс нәти­желеріне негізделген. Соны­мен қатар 2024 жылдың басы­нан жер қойнауын пай­даланушылардың ғылымы мен технологияларын дамытуға күрделі салымдардан 1%-ын ауда­ру­дың жаңа тетігі енгізілді.

Бағдарламалық-нысаналы қар­­жыландыру шеңберінде жо­ғары оқу орны базасында ғылы­ми инфрақұрылымды күшейту және кәсіпорындармен әріптестікте заманауи зертханалармен техно­логиялық парктер, инжини­ринг орталықтарын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Айта­лық, осы ғылыми жобаларды іске асыруда 10 зертхана ашылды, 5 спин-офф цехтары, 3 стартап іске қосылды, 468 млн теңгеге жеке ұйымдармен ғылымды қажет ететін қызметтер шығару­ға 14 шарт жасалды, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды. Сонымен қатар елі­міз­дің университеттерінде (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәт­баев атындағы ҚазҰТЗУ, Л.Н.Гуми­лев атындағы ЕҰУ) күр­делі ғылыми міндеттерді ше­шу­ге, озық зерттеулерді да­мы­­­туға және халықаралық ын­ты­­мақ­тастық­ты нығайтуға арнал­ған 3 суперкомпьютер бар. Академия­лық кластердің жалпы өнімділігі – 2 PFLOPS.

Ал отандық ғалымдардың ғы­лыми әзірлемелері әртүрлі сала­да қолданылып келеді. Мысалы, Балқашта Satbayev University Металлургия және байыту институтының зерт­теу­шілері әзірлеген бірегей технология бойынша тазартыл­ған селеннің алғашқы партиясы шы­ғарылды. Сонымен қатар био­лог-профессор Дос Сарбасов бас­­таған Nazarbayev University ға­лымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. «DVC» деп аталатын дәрі-дәрмектің құрамына С витаминінің жоғары дозасы және төмен концентрациядағы мышьяк кіреді. Препарат глюкозаны сіңіретін қатерлі ісік клеткаларына әсер етеді. Бүгінгі таңда бұл препарат пациенттерге оң әсер етіп, клиникалық сынақтың екі бастапқы кезеңі­нен сәтті өткенін еске салған жөн. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық универ­ситетінің ғалымдары Қазақстан­да алғаш рет травматология, ней­рохирургия, жақ-бет хирур­гиясы, онкология және радиология үшін отандық имплант дайындады. Ә.Сағынов атын­дағы Қарағанды техникалық уни­верситетінде ғалымдар метал­лургиядағы коррозиямен кү­ресудің инновациялық әді­сін – «Сақтау» коррозияға қар­сы жабын әзірледі. Осыған қоса біз­дің зерттеушілер қазақ тілін­де жасанды интеллектіні дамы­туға бағытталған «KazLLM» үл­кен тілдік моделін әзірледі. «KazLLM» қазақ тіліндегі мәтіндік ақпаратты өңдеу, аудару және талдау, сондай-ақ қазақ тілін заманауи технологияларға интеграциялау үшін тиімді шешімдер жасауға ықпал етеді. 

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50