Фото: REUTERS
Бұған дейін Зеленский елде сайлау өткізуге дайын екендігін айтты. Оның сөзінше, президенттік сайлау тек қана атыс тоқтаған жағдайда өтеді. Қауіпсіздік сайлау процесінде басты шарт болып саналады.
«Біз президент Трамппен кез келген форматта жұмыс істеуге дайынбыз. Егер АҚШ президенті Украинадағы сайлау туралы көбірек айтса, біз оны өткізуге дайынбыз. Украина демократиядан қашпайды. Бірақ сайлау мүмкін болу үшін қауіпсіздік қамтамасыз етілуі қажет. Америка бұған ең үлкен көмек көрсете алады. Кем дегенде сайлау процесі мен дауыс беру кезінде атысты тоқтату керек. Бұл мәселе Ақ үй тарапынан Кремльмен талқылануы тиіс», деді Зеленский.
Еске салсақ, Украинадағы президент сайлауы бастапқыда 2024 жылға жоспарланған еді. Алайда Ресеймен қақтығысқа байланысты кейінге қалдырылды. Халықаралық кепілдіктер мен серіктестердің қолдауымен сайлауды екі-үш ай ішінде ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Financial Times басылымының жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты реттеу бойынша ілгерілеуге қол жеткізуді көздеп отыр. Трамптың айтуынша, ұсынылған бейбітшілік жоспарын барлық тараптар қолдайды.
«Мен Зеленскийдің әлі бейбітшілік жоспарын толық оқымағанына біраз ренжіп отырмын. Оның адамдары жақсы қабылдады, бірақ өзі оқыған жоқ. Ресей де келісімге дайын деп ойлаймын», деді Трамп.
Кремль кейбір ұсыныстарды талқылағанын растағанымен, бірқатар пункттер бойынша келіспеушіліктер бар екенін жеткізген. Киев те апта бойы бейбіт келісім бойынша Еуропа серіктестерімен консультациялар жүргізген. Washington Post мәліметіне сүйенсек, АҚШ тарапынан жаңартылған ұсыныстар фронт бойындағы әскери белсенділікті төмендету шараларын және халықаралық қатысуды қамтиды. Бірақ бұл ресми түрде жарияланған жоқ.
Келесі кезең – Берлинде кездесу, онда Зеленский АҚШ және Еуропа лидерлерімен жолықпақ. Белгіленген мерзім – 14 және 15 желтоқсан. Оған АҚШ тарапынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысады деп күтіледі. Сонымен қатар кездесуге Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер және Германия канцлері Фридрих Мерц қатысады деп жоспарланған.
Еске салайық, Зеленский Украинада сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеп, АҚШ-тан және еуропалық әріптестерден сайлауды өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраған еді.
Сондай-ақ бұған дейін Зеленский Қазақстанда Путинмен кездесуге дайын екенін айтқан.