Ақжардағы игі істер
Бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданындағы Ұялы-Жарқын ауылы – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш тұлғасы Смағұл Садуақасұлының кіндік қаны тамған жер. Ол осы өңірде ұлт пен отбасы құндылығына, ел дәстүріне қанығып, адалдық пен табандылыққа баулынды. Әліпбиді де алғаш ауылында үйренді. Қарашекпенділер әділетсіздігін де бала кезінен сезініп өсті. Тәуелсіздіктен кейін Ұялыдағы мектепке, аудан орталығындағы музейге С.Садуақасұлы есімі берілді. Ауданды Қайыргелді Әкімбеков басқарған 1993 жылы қайраткерді еске алуға арналған республикалық конференция өткізілсе, 2003 жылы Ерік Нұрақаев басшы болып келген кезде әкімдік үйі алдына бюсті қойылды. Биыл 16 мамырда Астанада С.Садуақасұлының туғанына 125 жыл толуына орай өткен халықаралық ғылыми конференциядан соң, Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев бастаған делегация Ұлттық музейге қайраткерге қатысты құнды жәдігерлікті тапсырды.
Таяуда біртуар тұлғаның жерлестері Талшық кентінде (аудан орталығы) «Смағұл Садуақасұлының қайраткерлік тұлғасы» атты ғылыми-мәдени іс-шара өткізді. Конференция қонақтары таңнан Смағұл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұражай экспонаттарымен танысты.
Ғылыми жиынды аудан әкімі Р.Елубаев ашып, пленарлық бөлігінде «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экс-сенатор Сабыр Қасымов, Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов, Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев баяндама жасады. Қоғам қайраткері С.Қасымов: «Кешелі бері бізге аудан ардагерлері жолығып, С.Садуақасұлы есімін мәңгілікке қалдыру туралы 90-жылдардағы өңір ақсақалдары мен ұлт зиялылары ұсынысының аяқсыз қалғанына қам жейтінін айтты. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, бәріміз аға буынның аманатын жауапты орындарға жеткізуге міндеттіміз. Біз аудан әкімдігі мен жұртшылықтың смағұлтануға қатысты бастамаларын толық қолдаймыз. Смағұл – нағыз халық қаһарманы. Оған қайраткерлігі, қағидаты, намысты қайсарлығы куә» деді. Академиктер Д.Қамзабекұлы мен З.Қабылдинов Смағұлдың ел мен жер тұтастығына, ұлтты дамытуға бағытталған ерен істерін, өжеттігін айғақтайтын маңызды деректерді осы күнмен байланыстыра баяндаса, Е.Нұрақаев облыс көлемінде қайраткер мұрасын тану мен ұлықтаудың бел-белесіне, мәселелеріне тоқталды. Сабыр Ахметжанұлы ауданға кітап дестесін тарту етіп, тұлғаны танытуға атсалысқан азаматтарды қор атынан мерейтойлық медальмен марапаттады.
Жиынның білім және мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған бөлімінде Талшық мектебінің мұғалімдері А.Жағыпарова, Ж.Қуандық, кітапханашысы А.Бекболатова, Жаңаауыл мектебінің мұғалімдері З.Қожұлдақова, С.Ғазизова, Д.Қабдулуахит, Қазан мектебінің кітапханашысы А.Кувакина, Дәуіт мектебінің кітапханашысы Б.Жантазина, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері А.Хасенова мен С.Мұқанова Смағұл Садуақасұлы мұрасын пән сабақтарында, тәрбие жұмысында, мәдени шараларда заманауи құралдармен және ЖИ арқылы түсіндіру, насихаттау тәжірибелерін ортаға салды.
Шараға қатысқан аға буынның ұсынысымен конференция қарарына қайраткер туған ауданға, облыс орталығындағы Оқушылар сарайына, өңірдегі колледждің біріне ХХ ғасырдағы көрнекті саяси тұлға, экономист, жазушы, сыншы С.Садуақасұлы есімін беруді сұрау, аудан орталығындағы ескерткіші мен музейін толық жаңарту міндеттері енгізілді. Жиын барысында белгілі скульптор, Көркемсурет академиясының академигі Қазыбек Сатыбалдин ғалымдар мен жергілікті зиялыларға аудан орталығында орнатылуы жоспарланған «Смағұлдың қасиеті» атты монументальді ескерткіштің нобай-жобасымен таныстырды.
Түстен кейін облыстық театр ұжымы сиясы кеппеген «Смағұл шыңы» атты пьесаны (авторы – ақын, драматург Баянғали Әлімжанов, режиссері – Бекболат Құрманғожаев) сахналап, аудан жұртшылығын рухани тұрғыдан серпілтті.
Аграрлық-экономикалық мұрасы игеріледі
Заманында намыс пен әділдігімен, кәсіби жауапкершілігімен танылған қайраткер Смағұл Садуақасұлының мерейтойлық шаралары Алаш күндері Көкшетау қаласында жалғасты. Мұның себебі де бар. Осы қаладағы Ауыл шаруашылығы институты 1993–1996 жылдары С.Садуақасұлы есімімен аталып, тарихи әділеттілікті жаңғыртқан еді. Өйткені Смағұл 1918–1924 жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысқан кооперация саласында, жер-су комиссариатында, Қазақ жоспарлау комиссиясында жауапты қызметтер атқарып, осы бағытта елеулі мұра қалдырған. Оның үстіне 1997 жылға дейін қайраткер туған Ақжар ауданы (бұрынғы Ленин) Көкшетау облысы құрамында болып, осы өңірде смағұлтануға байланысты біршама іс-шаралар атқарылды.
Қазір бұрынғы Ауыл шаруашылығы институты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті құрамындағы ірі факультеттік құрылым – С.Садуақасұлы атындағы агротехникалық институт. Осы оқу ордасында жақында «Смағұл Садуақасұлы: елшілдік пен кәсібилік өнегесі» атты ғылыми-тәжірибелік конфенция өткізілді. Ғылыми жиынды университет ректоры, профессор Марат Сырлыбаев ашып, ауыл шаруашылығы, экономика, биоресурстар, инженерлік технологиялар саласы мен жастарды азаматтық тұрғыдан жетілдіруде С.Садуақасұлы мұрасының маңызына тоқталды. Мұнан кейін жиын мінберіне көтерілген «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық офисін басқарған заңгер-ғалым Сабыр Қасымов – «Смағұл Садуақасұлының «Кіші қазан» солақай саясатына қарсы табанды күресі», «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы – «Елдік пен мемелекетшілдік жолдағы Смағұл ұстанымы», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, шектес Омбы өңірінің тумасы, тарихшы ғалым Зиябек Қабылдинов – «Смағұл Садуақасұлы саяси қайраткерліктің біртуар тұлғасы», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, смағұлтанушы Гүлнар Мұқанова – С.Садуақасұлының экономика және оқу-ағарту саласындағы бастамалары», өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұратқажы Ыдырысұлы «Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мұраларды танымалдандыру», КМУ С.Садуақасов атындағы агротехникалық институт директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Сансызбай Мемешов «Смағұл мұрасы және ғылымдағы сабақтастық», ректор кеңесшісі, тарихшы-ғалым Аманбай Сейітқасымов «Көкшелік Алаш қайраткерлері: күрескерлік пен шығармашылық үлгісі» атты баяндама жасады. Жарыссөзде облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы, қоғам қайраткері Ермек Нұғыманов, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Шияп Әлиев сүбелі ойы мен ұсынысын ортаға салды.
Конференция қарарына қаладағы С.Садуақасұлы көшесінің көрнекті тұсына заманауи ескерткіш тақта орнату, Ш.Уәлиханов университетінде қайраткерге арналған аудитория ашу, озат студенттер мен магистранттарға «С.Садуақасұлы атындағы шәкіртақы» тағайындау, ауыл шаруашылығы мен экономика ғылым-біліміне арналған дәстүрлі «С.Садуақасұлы оқуларын» (конференция) өткізіп тұру, облыстық ономастика комиссиясына өңірдегі «келешек мектептерінің» біріне Смағұл атын беруді сұрау, т.б. көкейкесті, маңызды ұсыныстар енгізілді.
Жиын соңында «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Ахметжанұлы тұлғатану ісіне белсене көмектесіп жүрген зиялылар мен жастарды «Смағұл Садуақасұлы» мерейтойлық медалімен марапаттады.
Сабыр Шәріп,
PhD