11 Тамыз, 2015

Садақа жәшігі ұрланды

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақкөл қаласында жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Тепсе темір үзетін 20 және 22 жастағы жігіттер орталық мешіттегі садақа жәшігін ұрлап кеткен. Ұсталғандардың екеуі де бұрын сотталғандар болып шықты. Ішкі істер органына мешіт имамы шағым түсірген. Онда түнгі мезетте қасиеттен жұрдай әлгі адамдар терезе шыныларын бұзып, жамиғаттың қайыр-садақасы салынған жәшікті арқалап кеткендігі айтылған. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша жәшікте 157 мың теңге болған. Бұл ақша тәркіленді. Ұсталғандар қылмысын толық мойындады. Заң бойынша олар 5 жылға кесілуі мүмкін. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.