Аймақтар • Бүгін, 07:55

Көпсалалы кешен пайдалануға берілді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шекараға жақын жатқан әйгілі Лепсі ауылында жаңа көпсалалы спорт кешені мен жатақхана пай­далануға берілді. Бұл ауыл жастарының ғана емес, шалғай елді мекендерде тұратын мыңдаған халықтың тілегі еді. Бұған дейін алыстағы ағайынды әбігерге түсірген ауызсу мен жол мәселесі де шешілді.

Көпсалалы кешен пайдалануға берілді

Жетісу облысы құ­рыл­ғалы осымен ондаған ауылда осындай заманауи спорт нысаны ашылып отыр. Қазақтың қарадомалақ балалары спорттық үйірмеге қа­тысамыз деп Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласы мен Тал­дықорғанға сабылатын. Онда да шамасы жеткендер ғана баласын спорт мекемелеріне апаратын. Жүздеген шақырым жер жүру оңай емес. Енді, міне, іргеде халықаралық стандартқа сай, барлық жағдай жасалған жаңа ғимарат бой түзеді. Бұл нысанның игілігін Лепсі спорт мектебінің балалары пайдаланатын болады.

Жаңа кешеннің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, «ZHERSU» инвес­тициялық-өнеркәсіптік корпорациясы Бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспанов, Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрбек Орал­бай, Демеу Жадыраев, Назым Қызайбай, Нұрмахан Тыналиев, басқа да белгілі спортшылар, ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада Д.Есдәу­летов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, өңірдегі спорт саласын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.

«Мемлекет басшысының бұқа­ралық спортты дамыту жөнін­дегі тапсырмасына сәйкес облыс құрылғаннан бері 32 жаңа спорт нысаны салынды, 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 3 спорт нысанын іске қосу жос­парланып отыр. Лепсі ауылында ашылған бұл кешен – оқу-жаттығу базасы мен жатақханасы бір аумақта орналасқан толыққанды спорттық инфрақұрылым. Ол ауыл жастарына зор мүмкіндік тудырып, болашақ чемпиондардың өсіп шығуына жол ашады деп сенеміз»,  деді ол.

Бюджет қаржысына салын­ған нысан 160 орындық, жатақха­насы 244 орынға арналған. Көп­функционалды спорт кешені төрт негізгі блоктан тұрады. Кешен құра­мында татами төселген күрес залы, жекпе-жекке арналған маман­дандырылған зал, волейбол мен баскетболға арналған ойын залдары, тренажер залы, жуыну, киім ауыс­тыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, массаж бөлмесі, психолог кабинеті, мәжіліс залы, басқа да әкімшілік, қызметтік бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ «ZHERSU» ИӨК жоба аясында қарастырылмаған қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға демеушілік көмек көрсетті.

Қазір спорт мектебінде спорт­тың бес түрінен – грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, дзюдо, шаңғы­мен сырғанаудан 150 талапты жасөс­пірімді 10 жаттықтырушы жат­тық­тырады. Алдағы уақытта спорт­тың футбол, баскетбол, волейбол түрлерінен жаттықтырушылар тарту жоспарланып отыр.

Осыған дейін Қаратал ауданына қарасты Байшегір ауылдық округінде осындай іргелі спорт кешені салынған еді. Облыс орта­лығынан алыста орналасқан ауылда жүздеген бала спортпен еркін айналысып жатыр.

Айта кетелік, облыстағы спорт мектептерінде 23 мыңнан астам тәрбиеленуші спорттың 61 түрімен шұ­ғылданады. Өңірде денешы­нықтыру, спортпен айналысатын адамдар облыс халқының 42%-ын құрайды.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00