Аймақтар • Бүгін, 08:00

Таңдаулылар төрге шыққан күн

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл тоғысында жергілікті «Qyzylorda» телеарнасы тағы бір жақсы жобаның тұсауын кесті. Өнер орталығының мың адамдық залына жиналған халық «Жыл таңдауы – 2025» атты кеште 15 аталым бойынша әр саладан шорт-параққа ілінген таңдаулыларға құрмет көрсетті.

Таңдаулылар төрге шыққан күн

Сурет: yandex.kz

Халықтың дауыс беруі арқылы іріктелген үздіктер – қарапайым жандар. Бірі қала тазалығына үлес қосса, енді бірі денсаулық саласында еңбек ететін маман. Сахнаға шыққан таңдаулылар қатарында бағбан да, мұғалім де, жаңалықты жұртқа дер кезінде жеткізетін журналист те бар. Телеарнадағы әріптестеріміз әзірлеген жаңа жобада жанымызда жүрген еңбек адамдарына құрмет білдіру деген ой жатыр.

«Үздік үкіметтік емес ұйым» аталымында үздік деп танылған «Ұлағатты аналар кеңесі» ҮЕҰ мүшелері, «Жылдың еңбек адамы» ретінде жасы сексеннен асса да қала іргесінде 8 гектар алқапты орманға айналдырған бағбан Бектай Сүлейменов, «Жыл блогері» болып әлеуметтік желіде дәрігерлер қызметін насихаттайтын кішкентай Медина Русланбек сахнаға шыққанда, ел қошеметі ерекше болды.

Келер жылы «Qyzylorda» телеарнасының ашылғанына 35 жыл толады. Тәуелсіздікпен бірге түлеген ұжымның алғашқы басшысы белгілі журналист Жақсылық Бекқожаев болған еді. Арна ұжымы бүгінде ұмытыла бастаған осындай қадірлі жанның, талай талантты толқынды тәрбиелеген қаламгердің есімін жаңғыртудың жоралғысын жасады.

Телеарна директоры Нұрбек Әмиша «Құдайы қонақ» атты жобасының кейіпкерлері, қол ұстасқан қырық жылда тағдырдың талай сынағын бірге жеңген ерлі-зайыптылар Марат пен Қаламқасқа Жақсылық Бекқожаев атындағы сыйлықты табыстады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар