Экономика • Кеше

Ел қазынасы 98 тонна алтынмен толықты

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан қойнауынан бес бірдей жаңа кен орны табылып, мемлекеттік есепке алынды. Геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша, еліміздегі бағалы металл қоры рекордтық деңгейде өсіп, алтын, мыс және фосфориттің мол қоры анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел қазынасы 98 тонна алтынмен толықты

Фото: istockphoto.com

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның мәліметінше, 2025 жылғы зерттеулер нәтижесінде еліміздің қоры 98 тонна алтынмен36 мың тонна мыспен және 1,3 миллион тоннадан астам фосфоритпен толыққан.

Ел картасында пайда болған жаңа байлық көздері – Көкжон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр кен орындары енді ресми түрде мемлекет меншігінде. Сонымен қатар Қарағанды облысында әлемдік нарықта сұранысқа ие сирек кездесетін металдардың жаңа учаскесі табылды.

«Біз жер қойнауын зерттеу ауқымын кеңейтіп жатырмыз. 2026 жылға қарай зерттелген аумақ көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға жеткіземіз», деді Иран Шархан.

Қазынаны іздеу жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Үкімет геологиялық барлаудың жаңа деңгейіне өту үшін резервтен 240 миллион теңге бөлді. Ендігі кезекте Ұлттық геологиялық қызмет заманауи аэрогеофизикалық технологияларды қолданып, жер астындағы байлықты әуеден-ақ анықтайтын болады.

2026-2028 жылдар аралығында тағы 100 мың шаршы шақырым жерді егжей-тегжейлі тексеру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар