Энергетика • Бүгін, 08:25

Жаңғырмалы энергия үлесі көңіл көншітеді

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі ширек ғасырдың бедерінде әлем елдері жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отырғаны белгілі. Ғалымдар жыл өткен сайын «жасыл энергияға» деген тәуелділік арта түсетінін нақты деректермен де дәйектеп берді. Олар келтірген дерекке сенсек, енді жиырма жылдан соң әлемдегі «жасыл энергияның» үлес салмағы 35 пайызға жетуге тиіс.

Жаңғырмалы энергия үлесі көңіл көншітеді

Шынында да дамыған ел­­дер­дің дені жаң­ғыр­малы энергия көздерін дамытуға көшкені анық. Содан да болса керек, жасыл энергия көздерін көбей­­ту жұмысы біздің елде де ай­рықша қарқын алды. Ауқымды жоба­лардың саны жыл сайын артып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселені жеке бақы­лауы­на алғалы жергілікті атқару­шы билік өкіл­дері де ЖЭК стан­са­­ла­рының санын көбей­туге ай­рықша ден қойып отыр.

Өңірде күннен, желден, судан энергия өндіретін стансалар салу жұ­мысы 15 жыл бұрын басталған бо­латын. Ерте бастан қамданғанның арқасында шығар, Жамбыл облысы жаңғырмалы энергия қуатын өндіру бойынша республикада көшбасшы өңірлердің қатарына еніп үл­геріпті. Облыстық энергетика және тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылық басқар­ма­сының басшылары келтірген дерекке жүгінсек, бұл жұмыс ілкі сәтке де тоқ­тамақ емес.

«Облыста жаңғырмалы энергия көздерін өндіретін нысандар санын арттыру бо­йынша жұ­мыс істеуге барлық жағдай қа­растырылған. ЖЭК нысан­дарын салу жұмысы облыс аумағында 2010 жылы басталған болатын. Шы­нында да күннен, желден, судан электр энергиясын алуға бар­лық мүмкін­дігіміз бар. Енді қолға алған жаңа жоба­ларды уақтылы аяқтауға көңіл бөлген ләзім.

Кейінгі уақытта ірі инвесторлар да осы бағытты қолдауға баса назар аударып отыр. Президент тапсырмасын іске асыру мақ­сатында жергілікті атқарушы билік өкілдері де білек сыбанып жұмыс істеп жатыр. Өңірде 15 жылдан бері жаңғырмалы энергия көздері арқылы электр энергиясын алуға қатысты жұмыстар жүйелі атқа­ры­лып жатыр.

Ресми дерекке сүйенсек, 2010 жылы жалпы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. 2015 жылы жалпы қуаты 114 МВт құрайтын 9, 2021 жылы жалпы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17, 2022 жылы жалпы қуаты 451,3 МВт құрайтын 21 нысан болды. Өткен жылы жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын нысандардың саны 22-ге жеткізілді», дейді басқарма басшысы Ғалым Исақов.

энерго

Өңірде жұмыс істеп тұрған 22 нысанның жалпы қуаты 551,3 МВт құрайды. Оның 6-сы су электр стансасы (24,4 МВт), 10-ы жел электр стансасы (275,65 МВт), 6-сы күн электр стансасы (251,25 МВт) екенін айта кеткен жөн.

«Жалпы алғанда, Жамбыл өңірі жаңғырмалы энергия көздерін па­­й­далану бойынша еліміздегі көшбас­шы өңірлердің қатарына енген. Осы жылдың басында сағатына 214,7 млн кВт электр энергиясы өндірілді. Бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын артпаса, кемімек емес.

Кейінгі 3 жылдың ішінде облыста бірқатар ірі және шағын қуаттылықпен жұмыс істейтін жобалар іске асырылды. Олардың дені аудан аумақтарында қосыл­ғанын жергілікті жұрт жақсы біледі.

Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы өңір­­дегі ірі жобалардың бірі, құны 49 млрд теңгені құрайтын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қойма­сындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.

2022 жылы Жамбыл ауданын­дағы қуаты 50 МВт шамалас «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауда­нында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС – 3» жел электр стан­сасы (әр қайсысының қуаты 4,5 МВт) жобасы іске асырылды.

2024 жылғы қаңтарда Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы аяқталғанын да айта кеткен жөн. Алдағы жылдары өңірімізде үш бірдей ауқымды жоба жүзеге асырылады. Ол кезде өңірде өндірілетін энергия қуатының көлемі еселеп артатыны белгілі. Қазіргі кезде бұл бағытта ауқымды жұмыс қолға алынған», дейді Ғ.Исақов.

Жауапты басқарма өкілдері келтір­ген дерекке жүгінсек, өңірде алдағы бірнеше жылда үш бірдей ауқымды жобаны жүзеге асыруға айрықша басымдық беріліп отыр екен. Іргелі жобаның бірі өңірдің үштен бір бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданында қолға алынбақ. Мұнда жалпы қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы салынбақ.

«Сарысу және Талас ауданында да ірі жобалар қолға алынады. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 500 МВт құрайтын жел электр стансасы, Сарысу ауданында «China Power International Holding Limited» компаниясы­ның бастамасымен жалпы қуа­ты 500 МВТ болатын жел электр стансасы жобасы іске асырылады.

Жалпы алғанда өңірде күн­нен, желден, судан электр энер­­гиясын өндіруге мүмкіндік мол екенін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңғырмалы энергия көздерін өндіру жұмысын өркендету мақсатында арнайы карта әзірленген.

Жоспарға сәйкес 2028 жылға қарай жаңғырмалы энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатты құрайтын 28 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаны іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облыс аумағын жасыл энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді басқарма басшысы өңірде қолға алынған жобалар жайлы толғанып.

Қалай десек те, Жамбыл өңі­рінде жасыл энергия өндіре­тін нысан саны жыл өткен сайын арта түскенін көз көріп отыр. Жер­гілікті атқарушы билік өкіл­дері 15 жыл бұрын басталған жүйелі жұмысты алдағы уақытта одан әрмен қарай дамытуға білек сабанып кіріскені қуантады. Қысқасы, жасыл энергияға басымдық берген өңірде қолға алынған ауқымды жобалар жет­кілікті.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 09:15