Фото: zakon.kz
Асанәлі Әшімов шығармашылық жолында 30-дан астам фильмге түсіп, 50-ге жуық рөлді шебер сомдаған.
Тарлан тұлғамен қоштасу рәсіміне Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Асанәлі Әшімовпен қоштасуға оның туыстары, әріптестері мен шәкірттері, актердің өнерін құрметтейтін мыңдаған адам жиналды.
Қоштасу рәсімінде сөз алған Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Асанәлі Әшімовтің тек кино мен театр емес, ел мақтанышы болғанын атап өтті.
«Халық әртісі Асанәлі Әшімов – біздің Отанымыз үшін аңыз адам. Оның жанымызда жүргенінің өзі үлкен қуаныш еді. Ол тек театр мен киноның ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы болды. Өмірін театр мен киноның дамуына арнады, бірнеше буын таланттарды тәрбиеледі. Оның шәкірттері бұл жолды жалғастырады деп сенеміз. Ол қала мәселелеріне көп көңіл бөлді, халықтың әл-ауқатына үлес қосты. Өкінішке қарай, өмірдің жоспары басқа болды», деді Д.Сатыбалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
Сондай-ақ орны толмас қазаға мемлекет және қоғам қайраткерлері де көңіл айтты.