Қоғам • 24 Желтоқсан, 2025

Астанадағы кітапханалар қалай жаңартылып жатыр?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы кітапханалар жылдан жылға кемелденіп, әлеуетін кеңейтіп келеді. Жаңа нысандар ашылып, ескі ғимараттар заман талабына сай қайта жабдықталып жатыр. Бұл үрдіс кітапхананы тек тыныш оқу орны емес, қаланың зияткерлік және мәдени ортасына айналдыруды көздейді.

Астанадағы кітапханалар қалай жаңартылып жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Астанада кітапхана жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде» 2023 жылға дейін 18 кітапхана жұмыс істеді.

2023 жылы төрт кітапхана ақпараттық технологиялар мүмкіндігін пайдалана отырып, коворкинг-орталық форматында жаңғыртылды. Олардың қатарында №3 және №4 балалар кітапханалары, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, сондай-ақ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана бар.

2024 жылы елорданың төрт ауданында төрт жаңа кітапхана ашылды. Сонымен қатар сол жылы тағы төрт кітапхана ғимараты күрделі жаңғыртудан өтті. Ал 2025 жылы үш жаңа кітапхана пайдалануға беріліп, тағы үш кітапхана ғимараты қайта жаңартылды.

кітап

Нәтижесінде бүгінде Астанадағы кітапханалар саны 25-ке жетті. Қалада жеті жаңа кітапхана бой көтеріп, қырыққа жуық жас маман жұмыспен қамтылды.

Осы бағыттағы өзгерістерге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев те мән береді. Оның айтуынша, кітапхананың заманауилығы тек ғимарат сәулетімен өлшенбеуі керек.

«Кітапхананың басты көрсеткіші – оның қоғамға қызмет ету әлеуеті. Ол тек кітап сақтайтын немесе оқу өтетін орын емес, ой мен білім айналымын жандандыратын орталыққа айналуы тиіс. Заманауи кітапхана оқырманға қолайлы жағдай жасауымен ерекшеленуі керек», дейді ол.

Маман кітапхана кеңістігінде оқу залдарымен қатар кеңес беру бұрыштары, ақпараттық талдау орталықтары, тіл мен сөйлеу мәдениетін дамытатын шағын студиялар, балалар мен жастарға арналған шығармашылық алаңдар болуы қажет екенін атап өтеді. Оның пікірінше, қоғамда тіл мәдениетінің әлсіреуі, сөз саптаудың жұтаңдануы байқалады. Мұндай мәселені тек мектеп пен университет шеше алмайды, ал кітапхана өмір бойы білім алу мен тіл мәдениетін жетілдірудің үздіксіз ортасына айнала алады.

кітап

Бақытжан Оразалиев кітапхананың тәулік бойы жұмыс істеуі жалғыз өлшем емес екенін де айтады.

«Басты мәселе кітапхананың қашан ашылып, қашан жабылуында емес, оқырманның кез келген уақытта еркін келіп, сапалы жұмыс істей алу мүмкіндігінде. Сондықтан кітапхана орналасатын жер, инфрақұрылым, қоғамдық көлікке қолжетімділік ерекше маңызды», дейді ол.

Маманның сөзінше, ғимараттың архитектурасы мен ішкі құрылымы көпфункциялы болуы қажет. Оқу және зерттеу аймақтарымен қатар жеке жұмыс бөлмелері, демалыс және коммуникация кеңістігі де қарастырылуы тиіс. Осы тұрғыда университет кітапханасының түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуі студенттер мен зерттеушілерге қолайлы жағдай жасап отыр.

Соңғы жаңалықтар