«Таза Қазақстан» • Бүгін, 07:43

Мәдениет пен тәртіптің үйлесімі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» эколо­гиялық акциясы Ақтөбе облысында бірнеше ба­ғытты қамтыды. Ерте көктемнен бастап күздің соңына дейін су ны­сан­дарының жаға­лау­лары, көшелер мен елді ме­кен­дердің айналасы, мекемелер мен әлеуметтік нысандар тазартылып, гүлзарлар мен саябақтар абат­тандырылды.

Мәдениет пен тәртіптің үйлесімі

Ауқымды іс-шара нау­рызда Ақтөбе қа­ласында өткен жал­пыхалықтық сенбіліктен басталды. Бұл күні облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен екі мыңға жуық жас көшелер мен саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жыл бойы тұрғындар әлеу­меттік желілер мен ресми меке­мелердің интернет парақ­шаларында жарияланған хабарландырулар арқылы жоспарланған тазалық шараларына жиналып отырды. Жалпыхалықтық акцияға облыстың он екі ауданы мен облыс орталығынан 395 мың тұрғын, 7 399 мекеме мен кәсіпорын қатысты. Жұдырықтай жұмылған шаруаның арқасында 97 925 аула, 1 481 әлеуметтік нысан қоқыстан тазартылып, 289 саябақ пен гүлзар ретке келтірілді, 333 902 түп ағаш, 6 415 бұта егілді. Қатты тұрмыстық қалдық полигонына 68 684 тонна қоқыс шығарылды. Тоғайлар мен қала сыртындағы демалыс орындарын тазалау шараларына 5 786 техника тартылды. Ағаш көшеттерін отырғызу жұмысына өңірдегі тоғыз орман шаруашылығы мекемесінің мамандары жұмыл­дырылды. Оларға мектеп оқу­шылары, колледж, ЖОО студент­тері көмекке келді.

Тазалық, көгалдандыру жұ­мыстары әр ауданның ерек­ше­лігіне сай, түрлі бағытта ұйымдас­тырылды. Мәселен, Байғанин ауда­ны Қарауылкелді ауылының жанындағы бұлақ көзін аршу, оның айналасын абаттандыру ерекше құрметтелген бастама ретінде бағаланады. Айта кетерлік жайт, «Мөлдір бұлақты» тазалауға байғаниндіктер жыл сайын сәуір айында ықыласпен кіріседі. Бұл шара ертеректегі ақсақалдардың өзен, көл, бұлақ айналасын таза ұстап, малдың бей-берекетсіз суа­тына айналдырмайтын өнегесін қайта тірілткендей болды.

Осындай жұмыстар Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарында да жалғасын тауып келеді. Үш ауданның тұрғындары Ойыл, Ырғыз, Шалқар өзендерінің жаға­лауларын таза ұстап, тал-бұта егуді жақсы дәстүрге айналдырды. Балалар жазғы каникул кезінде көктемде өздері отырғызған ағаштарды суарып, күтіп-баптау арқылы бір жағынан еңбекке тәрбиеленсе, екінші жағынан қоршаған ортаға, жасыл табиғатқа жанашырлықпен қарау сезімдерін бойына сіңіре білді. Өскелең ұрпақ ересектердің тазалық акциясына белсене қатысқан іс-әрекеттерінен тағылым алады. Көзбен көргендерін көңілдеріне түйген балалар таза­лық жеке басыңды күтіп баптау емес, қоршаған ортаға жанашыр­лықпен қарау екенін ұғынады. Тазалық мәдениеті осыдан бастау алады.

Назар аударарлық жайт, кейін­гі уақытта қаладағы гүлзарлар мен саябақтарда бей-берекет қоқыс шашылып жатпайтын болды. Соған қарағанда, жалпыхалықтық іс-шара нәтижесін берді. Тазалық адамды жинақылыққа, тәртіпке үйретеді. Тәртіп ішкі мәдениетті биіктетеді. Заңды сыйлап, көпшілік орындарда өздерін дұрыс ұстай білетін жандар қатары көбейген сайын қоғам да жақсы бағытқа қарай өзгереді. Осы орайда, тәр­тіпті ел, мәдениетті ұлт идеясы шеңберінде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы қоғамдық сананы сәулелендіруге жақсы бастама болғаны анық.

 

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар