Экономика • 25 Желтоқсан, 2025

Ел экономикасындағы 10 айшықты көрсеткіш анықталды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің баспасөз қызметі ел экономикасының әр саласындағы іргелі жетістіктердің үздік ондығын жариялады. Қорытынды кестеге сүйенсек, тұрғын үй, өндіріс және ауыл шаруашылығы саласында елеулі табыстар тіркелген. Ал жалпы ел экономикасы 6,4%-ға өскен, деп жазады Egemen.kz.

Ел экономикасындағы 10 айшықты көрсеткіш анықталды

Фото: homsters.kz

Үкімет ұсынған жылдың ең айшықты – 10 көрсеткіші: 

1. Биылғы 11 айда 16,9 миллион м² тұрғын үй пайдалануға берілген. 2025 жылдың соңына қарай жалпы көлемі 19,1 миллион м2 тұрғын үй тапсырылады деп болжанып отыр. Меже орындалса жыл соңында мыңдаған отбасы жаңа баспанасында қоныс тойын тойлайды. Еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқынды дамып келеді.

2. Елімізде бой көтерген денсаулық сақтау нысандарының саны артқан. 219 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген. Сондай-ақ медицинаға қолжетімділік артып, еліміздің көптеген ауылында жаңа медициналық пункттер ашылған. Дәрігер тапшылығы 19%-ға қысқарған.

3. Биыл ел аумағында 130 жаңа мектеп ашылған. 220 мың жаңа оқушы жаңа білім беру мекемесінде оқып жатыр,100-ден астам мектепте орын тапшылығы жойылған. Баланың қалада немесе ауылда тұрғанына қарамастан оқуға қолайлы жағдай жасау басты назарға алынып отыр.

4. 5,9 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге бағытталған. 4,6 млн қазақстандық мемлекеттен көмек алады. Азаматтарды қолдау бюджеттің басым бағыты болып қала береді. 2026 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы тағы 10%-ға өседі.

5. 33 жаңа зауыт іске қосылып, 150 зауыт жаңартылған. Енді елімізде тұрмыстық техника мен автокөліктер құрастырылып жатыр. «Қазақстанда жасалған» тауарлар тізіміне теледидар мен кір жуғыш машиналар өндірісі де қосылды. Автомобиль шығаратын зауыттар да салынып жатыр.

6. 27,1 млн тонна астық жиналды. Диқандар екінші жыл қатарынан астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ел азық-түлікпен толық қамтылған, экспорт көлемі артып келеді.

7. 13 мың шақырым жол салынды және жөндеуден өтті. Қалалар арасындағы жол жүру жылдам әрі қауіпсіз бола бастады, жүк тасымалдау көлемі 9,6%-ға өсті.

8. Халықтың 90%-ы интернетпен қамтылды. Қазақстан Starlink спутниктік интернетіне қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.

9. Бір жылда 335,6 млн ағаш отырғызылды. 2021 жылдан бері есептесек, 1 миллиард 470 миллион көшет отырғызылған. «Таза Қазақстан» Президент бастамасы аясында еліміз жасыл елге айналып келеді.

10. Ел экономикасы 6,4%-ға өсті. Қуатты экономика – мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін ресурстары бар екенінің кепілі. Жаһандық нарық тұрақсыздығы жағдайында да жалақы, зейнетақы төлеу және жаңа мектептер салу мәселелері шет қалмады.

Соңғы жаңалықтар