Қадыр Тайшықов – бойына әдебиет пен өнердің сан түрін сіңірген табиғи талант иесі еді. Оның ақындығы мен жазушылығына қоса, сықақшы ретінде жазған туындылары да телегей теңіз. Журналистика саласында да жемісті еңбек етті. Әншілігі мен композиторлығы да бар еді.
Биыл біз, Тайшық әулетінің ұрпақтары, Ертіс-Баян өңірінде айрықша орны бар, ұлт руханияты жолында орасан зор еңбек етіп, баға жетпес бай мұра қалдырған төрт тұлғаның мерейтойы атап өтілгеніне куә болдық. Атап айтсақ, есімі қазақ өнерінің тарихында алтын әріппен қашалған әнші, композитор Жаяу Мұса Байжанұлының туғанына – 190 жыл, ақын, жазушы, журналист, сатирик Қадыр Тайшықовтың дүниеге келгеніне – 125 жыл, көрнекті майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың туғанына – 100 жыл, кинорежиссер, қазақ дубляж өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітовтің туғанына – 100 жыл.
Қадыр Баспақұлы 1900 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде туған. Қадырдың әкесі Баспақ, атасы Тайшық, ұлы атасы Ноғай – өз замандарында Күлік, Қызылтау болыстарын басқарған белгілі тұлғалар.
Қазақтың ойшылы, әулие Мәшһүр Жүсіп елге оралғанда Тайшықтың өмірден өткенін естіп, мынадай жоқтау жазған екен:
«Жасына жақсылармен жарысқаны,
Дұшпанмен ерегескен алысқаны.
Атадан алтау, жетеу туғанменен,
Ішінде бар біреу арыстаны (арысланы)».
Қадыр атамыз бала кезінен орыс тілі мен әдебиетін жетік меңгереді. 20- жылдары Қаныш Сәтбаев Баянауылда судья болған кезінде Қадыр сол жерде хатшылық қызмет атқарады. 1925 жылы Семейге қоныс аударып, губревкомда аудармашы болады. 1926 жылы Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, бірақ оқуын соңына дейін жеткізе алмайды. 1928 жылы «Еңбекші қазақ», 1932 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде әдеби қызметкер, 1933–1937 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасында редакторлық қызмет атқарады. Ол әдебиетші ғалым Бейсенбай Кенжебаевпен бірге жұмыс істеп, тығыз шығармашылық байланыста болған. Қаламгер шығармалары «Мөлтең», «Бұйрас», «Қабсыңқа» деген бүркеншік аттармен жарияланған, көптеген әңгіме мен фельетон жазған. 1935 жылы «Күлмеске не?» атты сатиралық жинағы, 1936 жылы «Октябрь ұшқыны» жинағы жарық көрді. Оның аударма саласындағы еңбегі де ұшан-теңіз. А.С.Пушкиннің «Капитан қызын», Н.В.Гогольдің «Өлі жандарын», А.П.Чеховтың повестерін, М.Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты роман, повестерін аударған.
Қылышынан қан тамған өктем биліктің солақай саясаты салдарынан қуғынға ұшырап, қазақ оқығандарының көбі қынадай қырылғаны мәлім. Одан кейін аштыққа ұрынып, талай қазақ баласы көмусіз қалды. Мұндай қуғын-cүргінді Қадыр Тайшықов пен оның айналасындағы жақын адамдары да көрді. Алмағайып заманнан аман қалып, бертінге дейін өмір сүргендердің бірі – менің әкем, Қадыр Баспақұлының тікелей туысы (Баспақтың інісі) Баян Қарабалаұлы. Сол кісінің 68 жасында, яғни 2001 жылы жазған мына бір қолжазба хатын көпшілікке ұсынғанды жөн көрдім.
«Өмір өтіп, уақыт жылжи береді екен. Уақыт жылжыған сайын мені бір ой түртпектеп маза бермейді. Ол – қазақ халқының тарихында қаралы заман саналатын 30-жылдардың соңында кінәсіз жазалы болып, өмірі ерте қиылған зиялы азаматтарымыздың тағдыры. Оның ішінде:
«Аңсаған адамдықты, адалдықты,
Шықты ғой Баянымнан талай мықты» демекші, қастерлі де қасиетті Баянаула жерінің тумалары, Тайшық әулетінен шыққан Баспақ, Насыр Баспақұлы, Қадыр Баспақұлы, сенің атаң Қарабала да бар.
М.Жұмабаев ағамыз:
«Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған жүрек солғын соғады», –
демей ме, сол сияқты Қадыр ағамыздың шығармашылық саладағы еңбектерін дер кезінде іздестіріп, жинақтап, бастырып шығаруға аяққа тұсау, қолға кісен салынды. Бұл күнде Қадыр Тайшықовтың көрнекті жазушы әрі ақын аудармашы, тұңғыш қазақ кеңес журналистерінің қатарында болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Менің әкем Тайшықұлы Қарабала (Абдысадық) Қадырдың әкесі Баспақпен бірге туған. Туған жерлері Баянауыл ауданындағы Қызылтау бауыры, Сарыадыр деген жер. Өкінішке қарай, Қадырдың өз кіндігінен ұрпақ қалмады да, Қарабаладан жалғыз тұяқ мен қалдым.
Қадыр шығармашылықпен айналысып, қаламнан сыр шертсе, менің әкем Қарабала театр сахнасында еңбек етіп, өнер қайраткерлері Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Қаныбек пен Күләш Байсейітовтермен қызметтес, дәмдес болған адам. 1936 жылы І декадаға қатысып, «Қыз Жібектің» Мәскеудегі қойылымында басты рөлдегі Базарбайды ойнаған. Дауысы дүниежүзін тамсандырған Әміре Қашаубаевпен бірге жүріп, жан дегенде жаны бір жолдас болған екен.
Анам Қапизаның айтуынша, мен театр баласы болыппын. Атымның «Баян» деп қойылуы да театрмен байланысты. Қазақ театрының алғашқы режиссері Жұмат Шанин: «Баянауылды ұмытпайық», деп Баян қойған. Еліміз егемендігін алып, ес жиып, етек жинағаннан кейін 1992 жылы Жазушылар одағына барып, Қадыр Тайшықов туралы деректер іздеп, ештеңе таба алмадым. Басына барып дұға бағыштап, зиярат етуге сүйегінің де қайда қалғанын білмейміз... Павлодар қаласында Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің бар екенін білесің, балам, Атаңның кейбір қымбат құжаттары мен фотоларын әжелерің де, мен де өз қолымызбен бергенбіз. Мынау саған жіберіп отырған фоталарға ие бол...».
Он жыл. Ғасырға жақын жасаған Баян ата ақиқаттың ашылар тұсын он жыл күтті. Бірақ дәрмен не? Атын айтсаң, атылуға кетесің деген, қанды шоқпардың шеңгелі кімнің болса да аузынан үн шығармады. Әкеміз Екібастұз қаласында тұрды.
Әкем Қадыр туралы деректер іздеп, ештеңе таппай кетсе де, көңілге медеу болар осы фото-суреттерді 1992 жылы Алматыдағы туыстарынан алған еді. Әдебиет әлемінде ашыққа шықпай жатқан жалынды жырлары, әзілмен түйрелген фельетондар мен өткірдің жүзінен шыққан сатира садағы бір адамға жүк болар еңбек. Сонымен қатар әсем әні мен мәдениетке мәйек берген аудармалары бір арнаға түсіп, ақын есімін анық көрсетер күнді қажет етеді. Хат өз жауабын күтуде...
Тұшымы бар дүниені қанша тұмшаласаң да, жарыққа шықпай қоймайды. Сол секілді Қадыр Баспақұлының өткір де өзекті туындылары болашақ ұрпақтың игілігіне жарайтын кез келді. Десек те, «Ақынын іздеген әкім бақытты» демей ме атам қазақ. Қоғам қайраткері Ерлан Арын өңіріміздің әдебиеті мен мәдениетінің түлеп, түрленуіне айтарлықтай қолдау көрсетті. Ол кісі С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры болып тұрған тұста, 2001 жылы «Кереку-Баян өңірінің тұлғалары» қабырға көрмесі аясында №3 аудиторияға Қадыр атамыздың қыл қаламмен арнайы салдыртқан портреті қойылған еді.
Ақынды ақтап алғанымызбен, құндылығын сақтап қала алмау – бүгінгі бізге сын. Жоғарыдағы хатта айтылғандай, деректі дер кезінде жинап, өз бағасын бергенде Қадыр Тайшықовтың есімін бұдан да биік деңгейге шығарар ма едік?
Қадырдың 30-жылдардың басынан бергі қызметтес досы, қазақ әдебиеті зерттеушісі, профессор Бейсенбай Кенжебаев: «Қадыр ән-күйді, музыканы өте жақсы көретін, тыңдағанда балқып отыратын. Оның даусы тамаша еді, домбыра, мандолина тарта білетін. Қадыр қазақ әндерін тамылжытып тұрып домбыраға қосып айтатын», деген пікір қалдырыпты өз естелігінде. Қадыр ақын, жазушы ғана емес, оның әншілігінің өзі бір төбе болғанын көрсетеді. Өр тұлғасымен аз ғұмырында ғасырға татырлық рухани азық қалдырып үлгерген ақын есімін Ертіс-Баян өңірі әлі де толық бағалай алмай келеді. Дегенмен уақыты келе өз бағасын алар деген ойдамыз, бәріне уақыт төреші.
Жалпы, Қадыр Тайшықовтың ұлт игілігі жолында жасаған ерен еңбегін жергілікті зиялы қауым өкілдері жақсы біледі, тіпті әдеби мұрасын жарыққа шығару керек деген ұсыныстарын да үнемі айтып жүрді. Солардың қатарында, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Аллаберген, филология ғылымдарының кандидаты Мұқатай Тезекбаев, Журналистер одағының мүшесі Серік Жақсыбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Трушев бар. С.Жақсыбаевтың 1994 жылы бір мақаласында: «Алдымыздағы жылы талантты жазушы Қадыр Тайшықовтың туғанына 95 жыл болады. Осыған орай Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының ұжымы бас болып Қадырға байланысты ел аузындағы естеліктер мен жеке адамдардың мұрағаттарында жатқан материалдарды жинастырып, зерттеп, келешекте оның әдеби мұрасының толық жинағын жеке кітап етіп шығаруға мұрындық болса екен деп құлаққағыс етеміз», деп жазды.
Қадыр Тайшықовтың немере қарындасы, филология магистрі Мақпал Баянқызы да жазушының әдеби мұрасын зерттеу, жарыққа шығару жұмысымен айналысып жүр. Кезінде Мақпал Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істей жүріп, Қадыр атасының өмірбаянына қатысты құнды деректерді жинастырды. Сондай-ақ «Октябрь ұшқыны» кітабын қайта басып шығаруға дайындады.
Биыл Қадыр Тайшықов атамыздың 125 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Атап айтсақ, жергілікті қаламгерлер арасында сатира байқауы жарияланды. Ал ұлылардың есімін ұлықтаған үлкен тойдың қорытындысы Баянауыл ауданында өтті. Ертіс-Баян топырағының алыптары Жаяу Мұса, Қадыр Тайшықов, Қалмұқан Исабаев, Қуат Әбусейітов сынды төрт бірдей тұлғаның мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Басты мақсаты – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ұлылардың есімін көпшілікке таныту, соңында қалған мұраларын насихаттау.
Той Баянауыл баурайында, Мойылды шатқалында болды. Қазақтың алпыс басты ақордасы бой көтеріп, даланың сәнін кіргізді. Мұнда айтыстың үш буыны сахнаға шығып, көрерменді кестелі жырмен суарды, шабандоздар бәйгеге түсті, палуандар күресті, білекті жігіттер көкпар тартты. Қысқасы, қазақ ұлтының мәдениеті мен дәстүріне тән барлық құндылығымыз көрініс тапты.
Киелі Баянауыл төрінде Қадыр Тайшықов атамыздың мерейтойы жоғары деңгейде тойланып, еңбектеріне құрмет, рухтарына тағзым етілді. Осындай ірі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болған Павлодар облысы әкімдігіне, Баянауыл халқына алғысымыз зор.
Амангелді ТАЙШЫҚОВ
АСТАНА