Шаруашылық басшысы Дмитрий Исаев – қалада туып-өскен азамат. Қостанайдағы №7 мектепте оқыды. 9-сыныптан кейін Қостанай автомобиль көлігі колледжінде білім алды.
Қалаға сыймайтын, үнемі ауылға елегізіп, дала мен дәннің, қора мен малдың иісін аңсап тұратын адамдар болады. Диманың бойында да осындай қасиет бар. Оны бала жастан ауылға ынтықтырып қойған ата-әжесінің мейірімі еді. Каникул немесе мерекелік демалыс бола қалса, жаз демей, қыс демей, бірден Өлеңдіге тартатын. Мұнда атасының шаруа қожалығы бар. Темір-терсекке үйірсек, зерек бала 12 жасынан бастап осы шаруашылыққа тиесілі кез келген техниканың қозғалтқышын жөндей беретін. 13 жасында-ақ тракторға шалғы тіркеп, өзі шөп шауып, оны тасып әкеліп, таудай ғып қораның жанына үйіп қоятын. Артылғанын елге сатып, киім-кешегі мен мектепке қажет заттарын өзі түгендеп алатын.
Колледждегі оқуын 2012 жылы тәмамдаған талапты жас бала осы жылы біржола Өлеңді ауылына келіп, тұралап қалған шағын шаруашылықты қолға алды. Бұл кезде атасының қуаты қайтып, қартайыңқырап, қожалыққа тиесілі алқап мүлде қараусыз қалған еді. Оның сыртында, бірталай жылдан бері салығы мен өзге де толып жатқан міндеттемелерін өтей алмаған шаруашылық шашетектен қарызға батты. Осы ауыртпалықтың бәрі тұтастай оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас талаптың мойнына артылды.
Дмитрий алдымен топырағы тозып, құмға айналуға шақ тұрған алқаптың құнарын арттыруды қолға алды. Жер ерінбей еңбек еткенге ғана еселеп береді. Қасына Ринат, Нұрислам, Михаил сынды ауылдың қолынан іс келетін, еті тірі жігіттерін жинаған шаруақор азамат айналасы бір-екі жылдың ішінде жақсы өнім алып, қыруар қарызынан құтылды. Одан кейінгі жылдары шаруашылық техникасын жаңартудың қамына кірісіп, іске жарарлық трактор, комбайн сатып алды. Төрт жыл қатарынан түскен табысты шатқаяқтап қалған шаруашылықтың еңсесін көтеруге жұмсады. Бұрынғы кеңшардан қалған қамба мен қойманы сатып алды. Егіншілікті әуел баста 350 гектардан бастаған қожалық он шақты жылдың ішінде алқап көлемін 2 мың гектарға жеткізіп, арпа, бидай, жасымық тәрізді дәнді, майлы дақылдар өсіріп отыр.
Кәсіпкер 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 25 бас ірі қара алып, мал шаруашылығының іргесін қалады. 2019 жылы мемлекеттің қолдауымен 80 бас абердин ангус ірі қарасын, енді бірер жылдан кейін әулиекөл сиырларын сатып алып, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен егіншілікті қатар жолға қойды.
Бүгінде Өлеңдіде шамамен 50 шақты үй түтін түтетіп отыр. Шалғай елді мекеннің тоғыз жылдық мектебі, балабақшасы бар. Кәсіпкер шамасы жеткенше ауылдың әлеуметтік жағдайына да қарасып, мектеп пен балабақшаға материалдық көмек көрсетіп тұрады. Қыста өзге шаруалармен бірлесіп жолдың қарын күреп, әлеуметтік нысандардың айналасын тазартуға атсалысады. Ауылдағы 4-5 отбасы осы шаруашылықтан нәпақа тауып, жан бағады.
Шаруа қожалығында көктемгі, күзгі науқан кезінде 12–14 адам жұмыс істейді. Жұмысшының біразы қаладан келеді. Өйткені қазір ауылдан жұмысшы табу қиын. Ауылда отырған әр отбасының өз малы, өз шаруасы бар. Ал Дмитриймен бірге жұмыс істейтін бес адамның малы, оның күтімі, отбасының отын-суы түгелдей шаруашылықтың мойнында.
«Дима болмағанда ауылдан әлдеқашан көшіп кетер ме едім, кім білсін. Екеумізді еңбек табыстырды. Бала кезімізден-ақ осы ауылда бірге жұмыс істедік, мал бақтық, шөп шаптық. Кейін қалада оқуын тәмамдап, осы шаруашылықты қолына алған соң, жұмысқа шақырды. Содан бері біргеміз. Мен үйленіп, отау көтерген жылы бүкіл жиһазымен дайын үй берді. Қазір бала-шағамызбен осы үйде тұрып жатырмыз. Малымызды шаруашылыққа қосып қойдық. Қысы-жазы осында жүреді. Жұмыстан кейін үйдегі малға жем-шөп беру керек еді деп алаңдамаймыз. Оның сыртында, малымызға түрлі ауруға қарсы вакцинаны да шаруашылық ектіреді. Бұл бізге де, шаруашылыққа да қолайлы. Кәдімгі шағын ұжымдық шаруашылық сияқтымыз, әрқайсымыздың өз үлесіміз, өз міндетіміз, өз жауапкершілігіміз бар. Егін жақсы шықса, табысымыз еселенеді. Қуаңшылық жылдары барға қанағат, жоққа сабыр етеміз. Өйткені егін нашар шыққан жылдары шаруашылық табысының көбі көктемгі егіс жұмыстарына алған несиені жабуға кетеді. Бұған түсіністікпен қараймыз. Бірақ қандай қиын жылдар болса да, Дима ешкімді айлықсыз қалдырмайды. Қалаға барып қарыз алып келсе де, еңбегімізді береді. Жағдайын көріп тұрған соң, кейде ұялып, алмай қойған кезіміз болды. Биыл жақсы өнім алдық. Өз басым бір айдың ішінде 2 млн теңге табыс таптым. Дмитрий – уәдеге берік, дегеніне жетпей қоймайтын табанды азамат. Бар болса, бөлісіп отырады. Мысалы, биыл шаруашылық есебінен балабақшадағы балаларға жеткілікті етіп түрлі ойыншық алып берді. Жылда мереке сайын көмек беріп тұрады», дейді ауыл тұрғыны Ринат Нұрлыбаев.
Өкінішке қарай, аталған шаруашылықтың жұмысшылары біртіндеп аудан орталығына, қалаға қоныс аударып жатыр. Жұрт көбі тұрмыстың нашарлығынан емес, ауылда он бір жылдық мектептің жоқтығынан көшуге мәжбүр. Бір-екі жылдан соң, Дмитрий басқаратын шаруа қожалығында еңбек ететін екі жұмысшының да балалары тоғызыншы сыныпты бітіреді.
Қостанай облысы