Қоғам • Бүгін, 09:10

Білікті жандарға ел риза

100 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандықтары жылы қатардағы еңбек адамдарының мерейін өсірді. Жастардың техникалық мамандықтарға, өндіріс саласына қызығушылығын арттыра түсті. Өз ісінің шеберлері қарапайым еңбек ете жүріп те елдің ыстық ықыласына бөленіп, алғысын арқалауға болатынын жақсы біледі.

Білікті жандарға ел риза

Талғар ауданы тұрғындарын ауызсумен тұрақты түрде қам­тамасыз етуге, кәріз жүйесіне жауапты мекемеде 265 адам еңбек етеді. Жұмысшылар арасында сан жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан, осы саланың майталман мамандары атанған Плужниковтер, Беловтар сынды әулет, отбасылар да бар. Ағайындылардың алды осы салада ширек ғасырға жуық тұрақты жұмыс істеп келеді.

«Аlatau Public Utilities» ЖШС Талғар аудандық пайдалану учаскесінің бас инженері Тұрсынбай Бекбосыновтың айтуын­ша, биылғы жарты­жыл­дық­та су құбырында 1417, кәріз жүйе­сінде 432 апаттық жағдай орын алып, жөндеу жұмысы атқарылған. Бұған қоса тұрғын­дар­дан түрлі шақырту тынбай түсіп жатады.

«Ауданның Талғар қаласынан бөлек, Бесағаш, Панфилов, Дәулет ауылдарындағы көп­қабатты үйлер мен әлеу­меттік нысандар кәріз жүйесіне қо­сыл­ған. Құбырлар өте ескі, апат жиі орын алады. Оны қа­лыпқа келтіру оңай емес. Бұл жұмысқа жастар мүлде жоламайды. Екі-үш күндік сынақ мерзімін аяқтамай, жалтарып кетеді. Осы қиын жұмысты еңсеруде жоғарыда аталған отбасы мүшелерінің еңбегі ерен», дейді бас инженер.

Әулеттің отағасы Иван Белов бұл мекемеде жастайынан жұ­мысқа орналасқан. Бүгінде учаске басшысы болып абыройлы еңбек етіп жүр.

«Алғашқы еңбек жолымды «Алматы» ұжымшарында дәне­керлеуші, трактор жүргізу­ші болып бастап, үш жарым жыл жұмысқа төселдім. Мұнда келген соң, экскаваторға отырдым. Одан кейін автокөлік жүргіздім. Бір сөзбен айтқанда, мекеменің барлық техникасын тізгіндедім, бірер жыл слесарь да болдым. Тәжірибе толыса келе шебер, кейінгі 20 жылдан астам уақыттан бері учас­ке басшысы ретінде жа­уапты жұмыстарды ұйымдастырып келемін. Жастайымнан келген мекеме екінші үйіме айналды. Төңірегіме қолынан іс келетін жұмысшы мамандарды топтас­тырып, уақыт өте келе олардың жұмысқа қызығушылығы оянды. Күнделікті тіршілікке ауадай қажет ауызсу мен кәріз жүйесінде жұмыс істеудегі шеберліктері шыңдалды. Бүгінгі күні осы салада бауырларым Евгений мен Николай да слесарь болып еңбек етеді», дейді ол.

«Әке көрген оқ жонар» де­мекші, Евгенийдің ұлы Дмитрий Аненко электргаз­ дәне­керлеуші, Николайдың ұлы Кирилл Мазейн дәнекерлеуші, Иван Беловтың ұлы Вадим де слесарьлықты меңгеріп, әке­лерінің жолын жалғастырып келеді. Ал Владимир Плужников учаске басшысы, қызы Олеся оператор болып еңбек етеді. Ауызбірлігі мен тіршілігі үйлес­кен ағайындылардың қол жеткен табыстары толайым. Жылдың қай мезгілінде де өз міндеттерін абы­ройлы атқарып, көптің алғы­сына бөленіп келеді.

Мекеме Талғар қаласынан бөлек, 33 елді мекенді ауызсумен қам­тамасыз етеді. Барлығына ауызсу жерасты су көздерінен бері­леді. Бұл мақсатта сорғылар іске қосыл­ғанымен, олардың да тозы­ғы жеткен. Оған қоса суқой­маларының сыйымдылығы аз бол­ғандықтан, халыққа су қа­жетті мөлшерде жете бер­мейді. Шығын көп, кіріс жоқ мекемедегі жұмыс­шылардың айлығы азды­ғын айтқан сала басшылары соның сал­дарынан жұмысшы маман­дық­тардың тапшылығын жою мүм­кін болмай тұрғандығын тілге тиек етті.

«Талғар қаласы таудағы бұ­лақ көздерінен жиналған сулармен қамтамасыз етіледі. Қыс айла­рын­дағы қатты аязды күндері суға мұз қатады. Құбырларды бітеп тас­тамасын деп арнаулы бригадалар күні-түні кезекшілік етіп, су бетіндегі қабыршық мұздарды арнайы сүзгімен қалқып, тазалап отырады. Бұл – өте ауыр жұмыс. Қатты аязды күндері жиі қай­таланады. Сондай қиын сәт­тер­де жұмысшылар жандарын шүбе­рекке түйе жүріп, аянбастан тер төгеді», дейді «Аlatau Public Utilities» ЖШС Талғар аудандық пайдалану учаскесінің бастығы Құрманғали Раметов.

Жалпы, жаз маусымында да мұндағы мамандардың жұмысы жеңілдемейді. Ашық су көзінен алынатындықтан, күн қатты қыз­­ған­да таудағы мұздықтар еріп, су лайланады. Талғар қаласы тұрғын­­да­рының судан таршылық көрмеуі жолында мамандар жұ­ды­рықтай жұмыла еңбек етеді. Солар­дың бірі – Асхат Белеков. Оның осы мекемеде еңбек еткеніне 25 жылдан асқан.

«Асхат – қырық тесік боп жататын суды өз деңгейінде ұстап тұру­­­да біліктілік танытып отырған ең мықты маман. Қаладағы құдық­­­тар­дың қайсысы қандай күйде екенін көзін жұмып айтып береді. Бүгінде 50 мыңнан астам тұрғыны бар талғарлықтардың ауызсудан тарықпауына тікелей жа­­­уапты. Уақытпен санасуды білмейді. Таудан бастап қаладағы бүкіл су құбырларын қадағалайды. Жыл он екі ай жұмыс басынан та­былады. Халықтың қамын күйт­­теген азамат ұжымның мақ­та­нышы», деді Құрманғали Амантұрдыұлы.

Талғар қаласындағы ауыл­шаруашылық колледжін тәмам­даған Асхат – үлгілі отбасының иесі, үш баланың асқар тау әкесі.

«Сумен жұмыс істеудің қиын­дығы көп, оның қыр-сырын көнекөз мамандардан үйрендім. Тәжірибе уақыт өте толысады. Осы жылдар ішінде барлық жұмысты істеп көрдім. Учаске басшысы ретіндегі бүгінгі міндетім – жұмыс басталмас бұрын техникалық қауіпсіздікті түсіндіріп, бригада құрамына тапсырма беру, атқарылған жұмыстың сапасын қадағалау. Дегенмен бұйрық беріп қарап тұру әдетімде жоқ. Жігіттер жұмыла жұмыс істейміз. Өйт­кені мамандар жетіспейді. Қара жұмыстан қашады жас­тар. Жұмысшы мамандықтары жылына орай еңбекақы өсіп, жұмысшылардың мәртебесі көтерілсе, бәлкім келешекте көбе­йе жатар деген үміт те жоқ емес», дейді өз ісінің білгірі.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар