Тағзым • 30 Желтоқсан, 2025

Қожа бейнесін сомдаған Нұрлан Сегізбаевтың ақтық сапары мен аманаты

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлімен көпке танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, киносценарист, қаламгер, философия ғылымдарының кандидаты Нұрлан Санжарұлы бақиға озды. Ол соңғы хатында ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ға мақала жариялағысы келгенін айтыпты.

Қожа бейнесін сомдаған Нұрлан Сегізбаевтың ақтық сапары мен аманаты

Классик қаламгер Бердібек Соқпақ­баевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты желісімен түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың фильмі алпыс жылдан аса уақыт өтсе де, қазақ ұлтының ең үздік балалар фильмі болып келеді. Осы туындыдағы сотқар бола тұра әділет сүйгіш Қожаның рөлін сомдаған Нұрлан Санжарұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтті.

Іс-шарада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның марқұмның отбасы мен жақындарына жолдаған көңіл айту хаты оқылды. «Нұрлан Санжарұлы – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық руханиятқа арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Өнерсүйер жұртшылыққа әлі күнге құндылығын жоймай келе жатқан Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильміндегі басты рөлімен танымал өнер иесі қазақ кино өнеріндегі дара тұлға болды. Оның экранда жасаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады. Нұрлан Санжарұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз», делінген аталған хатта.

Саналы ғұмырында ел руханиятының көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан Нұрлан Санжарұлы «Менің атым – Қожа» фильміне түскеннен кейін арада 44 жыл өткен соң, «Қош бол, Гүлсары» фильміндегі Шораның рөлін сомдағаны белгілі. Десе де, ол өзін актер ретінде таныған жоқ. Керісінше, көркем фильм­дерге сценарий жазып, қаламгер ретінде бірнеше романды дүниеге әкелді. Мәселен, Нұрлан Санжарұлы – «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» атты романдар мен «Аллажар» сынды бірнеше фильм сценарийлерінің авторы. Марқұммен қоштасу салтанатында Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов осы жайларды сөз етіп: «Былтыр Қонаев қаласында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойында Нұрлан Санжарұлымен алғаш жүздескен едім. Сол сәттен бастап-ақ кинодағы Нұрлан мен өмірдегі Нұрланның мүлде бөлек болмыс екенін аңғардым. Экрандағы албырт, тентек бала бейнесінен өзгеше – өмірде ол өте қарапайым, ұяң, артық сөзге жоқ, жүрегі таза, ғажап бір қазақтың баласы екен. Осыдан бір ай бұрын маған Нұрлан Санжарұлының жары Мәдина келді. Ол кісінің өтініші – Нұрланның Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануы еді. Ол өтініші орындалды. Нұрлан Санжарұлы бірнеше кітаптың авторы екенін, қаламы жүйрік сценарист болғанын көпшілік біле бермейді», деді сөзінде.

Қоштасу рәсімінде «Қазақтың Қожасы­ның» дүние салар алдында Жазушылар одағының басшысына жазған аманат-хаты оқылды. Ол хатта: «Сізге мынадай себеппен хат жолдап отырмын: 2026 жылғы 28 қаңтарда жасым 75-ке толады. Соның 65 жылын қазақ кинематографиясы, әдебиеті мен философия ғылымындағы шығармашылық қызметке арнадым. Осы жылдар ішінде қыруар еңбек атқарылып, ғылыми зерттеулер жарияланды, көркем және құжаттық фильмдер түсірілді.

Қазіргі таңда тіршіліктің түрлі келеңсіз­діктері мен денсаулыққа байланысты қиын­дықтарға қарамастан, өмірдің сынағына төтеп беріп, шығармашылық жұмыстан қол үзген жоқпын. Соңғы жылдардағы ең маңызды әдеби еңбегім – «Философский пароход» атты тарихи романым да аяқталуға жақын. Уақыт пен саясатты қалқан етпей, жазушы ретінде сол дәуірді шынайы жырлағаныма өзімді бақытты санаймын. Осы еңбектерімді өскелең ұрпақ елеп, бағалайды деп сенемін.

Осыған орай, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы ретінде Сізден жазушылар, әдебиет сыншылары мен тарихшы ғалымдардан тұратын сарапшылар тобына қолжазбамды ұсынуыңызды сұраймын. Аталған романды «Жұлдыз» журналында қазақ тіліне аударып жариялауға немесе Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының (Анкара, Түркия Республикасы) редакциясына ұсынуға мүмкіндік туады деп үміттенемін. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінде қазақ жазушыларының рухани қозғалысы аясында үлкен және кіші түркі халықтарының бірлігі туралы материал жариялаудың да реті келер деген ойдамын. Бұдан бөлек, Алтын Орданың 800 жылдығына орай жазылып, жарық көрген «Нежданный гость – Джучи» және «Бату-хан» романдарынан тұратын дилогиям бар» делініпті.

Өкініштісі сол, қазақ руханиятының қайталанбас тұлғасы өмірінің соңғы сәтінде айтқан қазақ жазушыларының рухани қозғалысы және түркі халықтарының бірлігі туралы мақалаларын «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялай алмай, өмірден озды. Десе де, Нұрлан Санжарұлының есімі мен шығармашылық мұрасы қазақ киносы мен ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталады.

Марқұмның иманы саламат, топырағы торқа болсын.

Соңғы жаңалықтар

Елімізде қанша колледж бар?

Білім • Бүгін, 17:57