ЖОЛДАУ • Кеше

Технологиялық әлеует артып келеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президенттің халыққа Жолдауында елімізде өндірісті рістетуге басымдық беріліп келе жатқаны туралы үнемі айтылады. Инвестициялық жобалар, өндірістегі технологиялық жаңғырту – еліміздің даму стратегия­сы­ның өзегі. Осы тұрғыдан Абай еліндегі «Казполиграф» компаниясының қосқан үлесі көп. Жақында осы ірі экспорттаушы кәсіпорын жаңа өндірістік желісі – «Gable Top» картон қаптамалар цехын іске қосты.

Технологиялық әлеует артып келеді

Мемлекет басшысының Абай облысын құру туралы шешімі өңірге үлкен мүмкіндік бергені рас. Бүгінде өңірдегі көптеген өндіріс орындары қайта жандана бастады. Жаңадан іске қосыл­ған өндірістік желі – Еура­зиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия кеңісті­гінде халық­аралық «Tetra Pak» стан­­дарт­тары бойынша серти­фи­кат­тал­ған қаптама мате­риал­дарын шығаратын жалғыз кешен. Жобаның жалпы инвестиция­лық құны – 6 млрд теңге.

Жаңа желі 20-ға жуық тұрақ­ты жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік бермек. Цехтің жобалық қуаты айына 25 млн дана қап­таманы құрайды. Биыл компания өндірістік қуаттарды жаңартуда ауқымды модернизацияны аяқтаған. Еуропалық стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтар сатып алынып, орнатылыпты. Бұл өндіріс көлемін шамамен төрт есе арттыруға және тапсырыстарды жедел орындауға болады деген сөз.

Кәсіпорын Орталық Азияда көптеген қаптама материалдары түрлерін өндіреді және ел аума­ғын­дағы сұранысты то­лық қам­тамасыз етеді. «Казполиграф» ЖШС өндіретін картон қаптама өнімдерінің 30 па­йызы Ресейге, Қырғызстанға, Өзбек­станға және басқа да нарық­тарға экспортталады. Кәсіп­орын­ның өндірістік қуаты жылына 30 мың тонна қағаз және картон қаптамасын, 2 мың тонна жабынды қағазды, 1,5 мың тонна поли­мерлік пленкадан жасал­ған қаптама бұйымдарын және 1 мың тонна басқа қағаз бен картон түрлерінен өндірілетін сығымдалған өнімдерді жасауға қауқарлы. Өндірісте 700-ге жуық адам еңбек етеді.

Өндірістік желінің ашылу салтанатында сөз сөйле­ген аймақ басшысы Берік Уәли жаңа зауыт өңірдің индус­­трия­лық дамуына, экспорт­тық мүмкіндіктердің кеңеюі­не және өндірістің инновациялық деңгейінің артуына бағытталған нақты қадам екенін айтты.

«Казполиграф» компаниясы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бүгінгі оқиға – тек жаңа өндірістік желінің іске қосылуы ғана емес, өңіріміз­дің индус­триялық дамуы­на, экспорттық мүмкіндіктер­дің кеңеюіне және өндірістің инно­вациялық деңгейінің артуына бағытталған нақты қадам», деді облыс әкімі.

Биыл өңірде өндіріс саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Qazaq Astyq Group» ЖШС 2026 жылдың бірінші тоқсанында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.

Ал Жаңасемей ауданында ірі қара, қой және жылқы етін өңдей­тін ет комбинатының құры­лысы жүріп жатыр. Соны­мен қатар 2028 жылға дейін жы­лына 250 мың дана тері өңдей­тін «Eastern Protein» ЖШС кәсіп­орны мен жылына 36 мың тонна сүтті қайта өңдейтін «Ертіс Өнім­дері» ЖШС зауыты іске қо­сыл­мақ. Бұған қоса, майлы да­қыл­дарды қайта өңдеуге бағыт­тал­ған үш агрожоба жүзеге асы­рылады деп жоспарланып отыр.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше