Заң мен Тәртіп • Кеше

Тәртіпті тізгінші

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта жол-көлік оқиғасы тыйылмай тұр. Оның бас­ты себебі, көлік тізгіншісінің жауапсыздығынан екені жасырын емес. Осындай да аптығып жүріп, айыппұл арқалайтындар сауатты жүргізушілерден үлгі алса ғой дейсің.

Тәртіпті тізгінші

Қара­ғанды облысында жол қоз­ғалысы мәде­ниетін қалып­тас­тыру және қауіпсіздікті арттыру мақса­тын­да «Үлгілі жүргізуші» науқаны ұйымдастырылды. Іс-шара аясында патрульдік поли­ция қыз­мет­керлері қоғамдық тәртіпті сақтап, жолдағы «жүген­сіз» жүр­гізушілерге үлгі көрсетіп жүр­ген азаматтарды тоқтатып, алғыс білдіріп, сыйлық табыс­тады.

Осындай құрметке ие болған­дардың бірі – отыз жыл бойы кө­лік тізгіндеп жүріп, бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған Светлана Швачкина. Ол осы уақыт ішінде айыппұл арқаламаған, бірде-бір жол-көлік оқиғасына қатыспай, ереже де бұзбаған. Полиция қызметкерлері мұндай көрсеткіштің сирек екенін атап өтті.

Светлана Швачкина – тек тәжірибелі жүргізуші ғана емес, қоғам белсендісі әрі ұстаз. Бүгінде ол Қарағанды қаласындағы №95 мектеп гимназиясында жас инс­пекторлар үйірмесін басқарып, оқушылардың жол қауіпсіздігіне қатысты білімін арттырумен айналысады.

«Қазір қала жолдарында кө­­лік көп, қарбалас та аз емес. Осын­дай жағдайда ең бастысы – сабыр мен жауапкершілік. Жол­дағы мәдениет адамның ішкі мәдениетін көрсетеді. Сондықтан да балаларға қауіп­сіздік негіз­де­рін мектеп қабыр­ғасынан бастап түсіндіру өте маңызды», дейді үлгілі жүргізуші Светлана.

Оның айтуынша, жас инспекторлар үйірмесіне қатысатын балалар жол белгілерін танып-біліп қана қоймай, арнайы іс-шараларға қатысып, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жолда жүру ережелерін насихаттауға атсалысады. Бұл – болашақта саналы, тәртіпті жүргізушілердің қалыптасуына ықпал ететін бас­тама.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің дерегінше, акция басталғалы бері тек облыс орталығында 100-ге жуық жүргізушіге дәл осындай құрмет көрсетілген. Жол сақшылары жүргізушілерді тоқтатып, олар­дың жол ережесін сақтау дең­гейін тексеріп қана қоймай, қауіпсіздік жөнінде кеңес беріп, алғысхаттар табыстауда.

Ізгі жоба «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы ая­сында ұйымдастырылған. Оның басты міндеті – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қала көшелеріндегі тәртіпті нығайту және жүргізушілердің назарын жол қауіпсіздігінің маңызына аудару.

«Ережені қатаң сақтаңыздар! Жылдамдықты асыру – үлкен қатер. Қарсы бағытқа шығу – көптеген қайғылы жағдайдың себебі. Жолда өзіңмен бірге отырған жолаушылардың ғана емес, бейтаныс адамдардың өмірі де сенің шешіміңе байланысты», деді тәртіпті жүргізуші.

Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Абылқас мұндай іс-шаралар жүргізушілердің тәртіп сақтауға деген ынтасын арттырып қана қоймай, қаладағы жалпы жол мәдениетінің жақсаруына ықпал ететінін атап өтті.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері өңір жолдарында мас күйінде көлік басқару және медициналық куәландырудан өтуден бас тартудың 220 дерегі тіркелген. Сондай-ақ 73 жүр­гізуші жалған мемлекеттік нөмір қолданған, 53 адам көлік жүргізу құқығынан айырылса да рөлге отырған. Бұған қоса заңсыз жолау­шы тасымалдаудың 53 фак­тісі, жолдың қарсы бағытына шы­ғудың 133 дерегі анықталған.

Жүргізуші қауым мұндай игі бастама көпшілікке ой салып, әсіресе жас буынның жол қозғалысына деген көзқарасын жақсартатынына сенеді. Акция жыл соңына дейін жалғасады. Полиция әркез халықты жолда сақ болуға шақырады. Жол қауіпсіздігі – кездейсоқтыққа жол бермейтін аса жауапты сала, ал Светлана Швачкина сияқты жүргізушілер – шын мәнісінде де қауіпсіз жолдың кепілі.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше