Көктемде көрермендер «Опералия» халықаралық фестивалінің мазмұнды премьералық бағдарламасын тамашалады. Онда Ролан Петидің үш хореографиялық жауһары – «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» балеттері таныстырылды. Одан кейін Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» ауқымды қойылымы ұсынылса, жылдың қорытынды премьерасы Дж.Вердидің «Риголетто» операсы болды. Балет труппасы Лео Делибтің «Коппелиясын» керемет орындап, Маскат Корольдік опера театрының сахнасын бағындырды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия» фестивалі Италия, Франция, Қытай, Моңғолия, Ресей мен Қазақстаннан әртістер қатысқан 30-дан астам шараны біріктірді. Бұл уақытта қазақстандық орындаушылардың әлемдік сахналардағы жетістіктері театрдың шығармашылық беделін нығайта түсті. Мұндай табыстардың қатарында жетекші солист Бақтияр Адамжанның халықаралық өнер көрсетулері, тенор Әлихан Зейнолланың Россинидің «Күлбикесіндегі» ханзада Дон Рамиро партиясында италиялық дебюті бар. Сондай-ақ Диас Құрманғазы Уфада Рудольф Нуреев атындағы фестивальға қатысты, ал Лейла Аламанова Россинидің «Реймске саяхат» спектакліндегі жұмысы үшін италиялық сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Италияда театрды бірінші скрипка – оркестр концертмейстері Бағдат Әбілханов та ойдағыдай таныстырды.
Жас тенор Нұрсұлтан Әнуарбек бірнеше кезеңнен тұратын күрделі іріктеуден өтіп, Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының қатысушысы атанды. Мұндай табыстар «Астана Операның» халықаралық аренадағы беделін нығайтып, театр әртістері Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал әрі бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Гастроль тарихындағы жарқын парақтар Санкт-Петерборда өткен Dance Open фестивалімен де байланысты. Онда Еуропадағы ең ірі балет алаңдарының бірінде «Астана Опера» балет труппасының орындауында Ролан Петидің «Коппелиясы» ұсынылған еді.
Сонымен қатар театр елімізде халықаралық байланыстарды дамыту бойынша белсенді жұмыс атқарды. Үлкен зал мен К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахналарында Абайдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтіп, Өзбекстан Ұлттық балетінің гастрольдері ұйымдастырылды, ал Румынияның «Мадригал – Марин Константин» хоры алғаш рет Қазақстанда, «Астана Операда» өнер көрсетті. Бұдан кем түспейтін тағы бір жарқын оқиға – «Бах және оның замандастары» барокко музыкасы фестивалі болды. Ол театр хорын, оркестрі мен солистерін біріктірген мазмұнды бағдарламамен ашылды.
Жылдың шығармашылық бояуын басқа да халықаралық жобалар толықтырды: Камералық залда «Корея музыкасы, билері мен әндері» концерті өтті, сондай-ақ өзге елдердің дәстүрі мен мәдениеті арқылы көрермендер мен орындаушыларды біріктірген эстон музыкасының концерті ұсынылды.
Бұл бастамалар жылдың жалпы көрінісімен үйлесімді жарасып, театрдың мәдени диалогті кеңейту әрі жаңа көрермендерді тарту мақсатында өз сахнасын қалай пайдаланатынын көрсетіп берді.
Еліміздің қалаларына гастрольдік сапарлар жоғарыда аталған оқиғалардан ауқымды болмаса, кем түспеді. Концерттер мен спектакльдер Ақтөбе, Хромтау, Рудный және Павлодар қалаларында өтті. Театр елордалық сахнадан тыс жерлерге шығатын дәстүрін жалғастырып, өз өнерін өңір тұрғындарымен бөлісті, зауыттарда өнер көрсетіп, музыкалық колледждерде шеберлік сабақтар берді.
Жаңа қойылымдар, халықаралық танымалдылық, гастроль географиясының кеңеюі және әлеуметтік бастамалар мазмұнды шығармашылық келбетті қалыптастырды.