Әлемдік сахна айбоздары
Иә, жыл басы Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорк төріндегі Madison Square Garden сахнасындағы жеке кешімен басталып, әншінің нағыз жанкүйерлерінің қошемет-қолпашына толды. Әлем халқының әнге, өнерге құмар жанын бір нүктеде тоғыстырды. Қазақ деген ұлтты таныстырды. Қазақ деген тілді естіртті. Бар әлемнің құлағы біздің Димаштың әнін тыңдап тұрғандай күй кештік.
Иә, бұл жыл жас өнерпаздар үшін жемісті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық байқауларда бақ сынап, жеңістің жүлдесін арқалап қайтты. Атап айтсақ, Ержан Максим Дубайда өткен «Sanremo Best Song – 2025» байқауының Гран-при иегері, Александр Лим Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері, Алмагүл Батталиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері, El Voice тобы Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылы №1 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мирас Нағашыбай XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы, Жасмин Түзелова Ресейдегі «Голос. Дети» музыкалық шоуының финалисі, Ернар Садырбаев (Amre) Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының финалисі атанды. Сондай-ақ «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Италиядағы La Scala театры академиясының студенті, Портофино қаласында өткен XI халықаралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері – Әйгерім Алтынбек, Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестиваль-байқауының жеңімпазы, «El Voice» тобы мен Италиядағы «Open Italy – 2023» байқауында үздік деп танылған домбырашылар дуэті «Temirlan & Yernat» және басқа да дарынды жастар ел мерейін өсірді.
«Осы күнге дейін қолдау көрсетіп келе жатқан еліме алғыс білдіремін. Кез келген жас өнерпаз үшін қолдау өте маңызды. Мәдениет саласындағы әріптестерім де Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауын көріп келеді. Бұл шығармашылыққа айтарлықтай әсер етеді. Сенім мен батылдық сыйлап, көп іске құлшындырады. Мен елімді одан әрі таныта беруге бар күш-жігерімді саламын», дейді әнші Ернар Садырбаев.
Жуырда белгілі күйші Жанғали Жүзбай Түркияның Алания қаласында өткен халықаралық іс-шарада Ысмайыл Гаспралы атындағы беделді сыйлықпен марапатталғаны да есімізде. Айта кетсек, бұл марапат түркі әлемінің бірлігі мен мәдени ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталады. Бұған дейін аталған сыйлық «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» атауымен түрлі сала өкілдеріне (саясаткерлерге, ғалымдарға, өнер адамдарына, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне) беріліп келген. Ал биылдан бастап марапат ғалымдар мен өнерпаздарға арнайы «Ысмайыл Гаспралы сыйлығы» атауымен табыстала бастады.
«Қазақ өнерін әлемге танытқым келеді»
Осы орайда «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Италиядағы La Scala театры академиясының студенті, Портофино қаласында өткен XI халықаралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері Әйгерім Алтынбекпен тілдесудің сәті түсті. Әлем сахнасын бағындырған өнерпазбен опера туралы, толқыныстар мен толғаныстар туралы сөз ағыттық.
– XI халықаралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері атандыңыз. Бұл байқауға жолыңыз қалай түсті?
– CLIP байқауы әлемдегі ең беделді опера байқауларының бірі екенін бұрыннан білетінмін. Сондықтан оған қатысу мен үшін үлкен мәртебе еді. Байқау бірнеше іріктеу кезеңінен тұрады. Алдымен халықаралық комиссияға бейнежазбалар мен репертуар жібердім, содан кейін Портофиноға ресми шақырту алдым. Бұл – айлар бойғы дайындықтың, ұстаздарыммен үздіксіз жұмыстың және үлкен еңбектің нәтижесі. Ең бастысы, бұл сахнаға Қазақстан атынан шығу үлкен жауапкершілік екенін жүрегіммен сезіндім.
– Қандай шығарма орындадыңыз? Қандай толқулы сәттер болды?
– Байқау барысында әр кезеңде түрлі стильдегі ариялар орындау қажет екен. Мен Дж.Пуччинидің «La Bohème» операсынан Мимидің ариясын, Дж.Вердидің «IІ Trovatore» операсынан Леонораның ариясын және алты әртүрлі характердегі
ариялар орындадым. Ең толқулы сәт финал алдында сахна сыртындағы күту болды. Залда әлемнің ең беделді агенттері мен театр өкілдері отырды. Бірақ сахнаға шыққан сәттен бастап толқу тоқтап, тек образ бен музыканы жеткізу және партияны абыроймен жоғарғы деңгейде орындап шығуды ғана ойладым.
– Осындай әлемдік сахнадағы үлкен байқаулар жас өнерпазға не береді?
– Мұндай байқаулар ең алдымен жас әрі жаңа бастап келе жатқан опера әншісі үшін үлкен кәсіби мектеп екені рас. Онда қысқа уақытта түрлі стильде ариялар айтасың. Психологиялық тұрғыда кез келген жағдайға дайын болуға әрі үлкен сахнаға бейімделуге үйретеді. Сондай-ақ бұл әлемдік кәсіби ортаға ену мүмкіндігі деп айтар едім, өйткені сені театр директорлары, агенттер, дирижерлер көреді, жаңа жобаларға, операларға, концерттерге шақыру аласың. Бірақ, ең бастысы, өзіңе деген сенімділікті нығайтады.
– Сүйікті операңыз қандай?
– Джузеппе Вердидің «La Traviata» операсы. Бұл шығарма мен үшін тек әдемі музыка ғана емес, адам жанының тереңдігін, махаббат пен құрбандықтың шынайы мәнін көрсететін үлкен философиялық туынды. Онда музыка мен драматургия бір-бірімен өте нәзік байланысқан, әрбір ария кейіпкердің ішкі әлемін ашып береді. Мен үшін әрқашан жаңаша ашылатын, әр орындаған сайын жаңа қырын көрсететін ерекше шығарма.
– Алдағы шығармашылық жоспар қандай?
– Қазір басты мақсатым – репертуарымды кеңейту. Кейінгі уақытта көптеген Еуропа театрларына шақыру келіп жатыр. Жақында ғана әлемге әйгілі Ла Скала театрында дебют жасадым. Керемет спектакль қойылды. Содан кейін де көптеген шақыру түсті. Әрине, өз елімде де белсенді өнер көрсетіп, жастарға арналған шеберлік сабақтарын өткізгім келеді. Алдағы уақытта Еуропамен ғана шектелмей, әлемнің жетекші опера театрларының сахнасында тұрақты өнер көрсетіп, қазақ өнерін әлемге танытқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілейміз.