Пікір • Бүгін, 08:48

Игі қадам

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бізде «жылжабар» деген ұғым бар. Елдік бағдардағы баспасөз де, теле-радио да, тіпті әлеуметтік желіде де жыл қорытындысын осылай айтады.

Халқымыз «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа!» деп, күнтізбелік айдан, жылдан емес, Жаратқаннан медет сұрайды. Риясыз, таза адами ниет. Астарында тәубе мен сенім, жаңару мен сабақтастық тұр.

Әйгілі парсы шайыры Жаләл-ад-дин Руми: «Кеше мен ақылды едім, сондықтан әлемді өзгертуді армандадым. Бүгін дана болдым, енді өзімді өзгертіп жатырмын» депті. Сарабдал сөз, пайдалы пікір. Еліміздегі сая­си реформаларға үлес қосу үшін әрбіріміз саналы, сындарлы бағытта өзгере білуіміз ләзім. Мемлекет бағдарының бүгінгі басты идеологемасы – «Әділетті Қазақстан» түсінігі, «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң және тәртіп», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» тұжырымдары елдік әлеуетімізді қуаттандырып, қоғам мен мемлекеттің сұхбаттастығына тың мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда жаңарған Қазақстанның мемлекетшіл темірқазығы –  жалпыұлттық құндылықтар жүйесін айқындап берді. Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық – бүгінде бірегей елдік үйлесім жүйесін құрап отыр. Бұл таяуда «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» тұжырымдамалық құжатында нақтыланды. Соның ішінде қилы сын-қатерлер, тәуекел шыңдай түскен «Таза Қазақстан» қағидаты қоғамның жан дүниесі мен этикалық қадір-қасиетін тұтастандыруға игі ықпал етері сөзсіз.

Алаш арыстары айрықша қадірлеген дана жазушы Лев Толстой: «Шынайы өмір – дабырайтпай жасалынған халық санасындағы өзгерісте» дейді. Жұртшылықтың бүгінгі әділдік пен жауапкершілік, зиялылық пен парасат туралы боямасыз ұғым-түсінігі осыны растайды. Еңбек адамын қадірлеу, мұғалім мен дәрігердің мәртебесін көтеру, шын кәсіп иелеріне адами көзқарас – осының айқын мысалы.

Саяси реформалар заң әлеуетіне барып тіреледі. Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин сөзімен айтсақ, «Парламенттік жүйені жаңғырту – басталған үлкен реформаның бір бөлігі. Бурабайдағы Құрылтайда айтылған елдік бас­тамаларды жүзеге асыру үшін 10-ға жуық заң қабылданып, бірнеше нормативтік құжат қабылдануы керек. Бәрі сәтімен жүзеге асады деп үміттенеміз».

Осы ретте биылғы Парламенттік реформа туралы Президент бастамасы мен оны жұрт­шылықтың қолдауы қоғамдағы сенім үдесін айғақтады.

Халық қолмен ұстап, көзбен көргеніне көңілі тоғаяды. 2025 жылы 18 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуі, 13 мың километр жолдың сапалы жөнделуі,  219 медицина, 130 орта білім нысанының бой көтеруі, 33 зауыт ашылып, 150 кәсіпорынның жаңғыртылуы, 90 пайыз ел тұрғындарының  интернетпен қамтылуы – ірі оқиға. Сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақыға үкіметтен 5,9 трлн бөлінуі (оны 4,6 млн адам алады), экономикалық көрсеткіштің 6,4 пайызға өсуі – ауыз толтырып айтатын дерек. Ел қамбасына 27 млн тонна астық құйылғаны, Отанымызды жасыл аймаққа айналдыру мақсатында 335,6 млн ағаш көшетінің егілгені – береке мен маңдай тердің белгісі.

Ішкі саясат қаншалықты шетін әрі ділгір бол­са да, бұған баршамыз жауаптымыз. Сон­дық­тан қазіргі қым-қуыт, күрделі заманда ел мен жер тұтастығының, ұлт бірлігі мен этнос­тар ұйы­­­суы­­ның, діни түсіністік пен келісімнің өзе­к­­­­ті­­­­лігін сәт сайын сезінеміз. Байсалды баба­­­лар­­­­дың «Төртеу түгел болса – төбедегі келе­­ді, ал­тау ала болса – ауыздағы кетеді» деген да­на­­­лығы бізді әрқашан жақсылыққа жұмы­лдырады.

Сыртқы саясатқа келсек, 2025 жыл тарихқа мемлекет абыройы асқақтаған кезең ретінде енді. Бұл орайда Президент Қ.Тоқаевтың халықаралық беделі мен дипломатиялық парасаты көш бастап тұр. «Біз әлемнің алпауыт үш елінің мемлекеттік тілінде сөйлеп, жаһандық береке-бірліктің тетігін көрсетіп, келелі ой айтқан басшымызды мақтан етеміз» деген бағаны қаладан да, даладан да ести­міз. Осы ретте Президенттің «Еуразия өңірі­мен дәстүрлі сенім мен ынтымақтастықты, Құрама Штаттармен және Еуропа одағымен ұзақмерзімді қарым-қатынасты, Таяу Шығыс, Азия, Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты арттыра береміз» деген пайымының дәйектілігіне көзіміз жетті. Мұның бәрі – мемлекет мүддесі жолындағы игі қадам.

Жылан жылы мәдени құбылыстар мен жаңалықтарға да толы болды. Ойшыл Абайдың 180 жылдығы, Алаш тұлғалары Міржақыптың – 140, Смағұлдың – 125 жылдығы, ЮНЕСКО аясын­да композитор Нұрғиса мен жазушы Берді­бектің  100 жылдығы, т.б. елдік шара­лар жоғары дең­гейде аталынып өтті. Бейжіңде Қазақстан мәдени орталығының ашылуы, бірнеше мемлекетте А.Құнанбайұлына ескерткіш орнатылуы, Киіз үй жасалынуының ЮНЕСКО мәдени мұра тізіміне енуі – ұлт мәдениетінің айрықша белесі.

Цифрландыру мен жасанды интеллект саласында да еліміз 2025 жылы елеулі табыстарға жетті. Осының баршасы елшіл бастаманы жүзеге асыруға бағытталған игі қадамның жемісі деп білеміз.

Соңғы жаңалықтар