Экономика • 31 Желтоқсан, 2025

Жаңа жыл алдында ақшаны қалай жоспарлаған дұрыс?

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Желтоқсан айы – жылдың ең шығынды кезеңі. Сыйлық, мерекелік дастархан, басқосулар, жол жүру мен демалыс отбасы бюджетіне салмақ түсіреді. Дәл осы уақытта адамдар ойланбай ақша жұмсап, қажетсіз несие алып немесе алаяқтардың құрбаны болады. Сондықтан бюджеттік берекені сақтай отырып, мерекені лайық деңгейде атап өтуге қажет чек-листті дайындап көрдік.

Жаңа жыл алдында ақшаны қалай жоспарлаған дұрыс?

Фото: ашық дереккөз

Мәселен, ипотека мен міндетті төлемдерден кейін отбасының қолында 300 мың теңге қалды делік. Сыйлық ең шығынды бап болғандықтан, оған 40 пайыз немесе 120 мың теңге бөлу орынды. Ол үшін кімге қандай сыйлық алынатынын және оның шамамен бағасын алдын ала жоспарлап қойған жөн. Мерекелік дастарқанға 30 пайыз немесе 90 мың теңге жеткілікті. Үйді безендіруге көп қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Өткен жылдардан қалған әшекейлерді жаңарту үшін 30 мың теңге қарастыруға болады. Демалыс пен ойын-сауыққа тағы 10 пайыз немесе 30 мың теңге бөлінеді. Ең маңыздысы, күтпеген шығындар үшін де 10 пайыз немесе 30 мың теңге қалдырған дұрыс. Бұл мереке кезінде бағаның өсуі, күтпеген қонақ немесе тұрмыстық ақаулар секілді жағдайларда қаржылық қауіпсіздікті сақтауға көмектеседі. Бұл ұсынымдарды Fingramota.kz агенттігінің сарапшылары да алға тартады.

Жаңа жыл қарсаңында алаяқтардың белсенділігі күрт артады. Бұл кезеңде жалған сайттар, жалған сатушылар, өзін аниматор ретінде таныстыратын күмәнді адамдар көбейеді. Олар арзан баға ұсынып, алдын ала төлем алып жоғалып кетуі немесе үйге келіп бағалы заттарды ұрлауы мүмкін. Сондай-ақ жалған акциялар мен танымал сайттардың көшірмелері арқылы жеке деректерді ұрлау жиі кездеседі. Кейде құттықтау ашықхаттары арқылы зиянды сілтемелер таралып, құрылғыға тыңшылық бағдарлама орнатылады. Бұдан бөлек, жылдам табыс пен кепілді пайда уәде ететін инвестициялық ұсыныстар да қауіп төндіреді.

Балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Алаяқтар көбіне соларды қорқытып, банк картасының деректері мен кодтарды алуға тырысады. Сондықтан карта нөмірін, CVV кодын және бір реттік растау кодтарын ешқашан бөгде адамға айтуға болмайтынын алдын ала түсіндіріп қойған дұрыс.

«Қаңтар айында да коммуналдық төлемдер, ипотека немесе жалдау ақысы, көлік, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке шығын болатынын ескеріп, желтоқсан табысының кемінде 15-20 пайызын қаңтарға қалдырған дұрыс. Ал мереке үшін несие алу – ең қауіпті шешімдердің бірі. Егер сыйлықты қарызсыз ала алмасаңыз, демек ол тым қымбат, ал мағыналы әрі қарапайым сыйлық әрдайым ұтымды», дейді сарапшылар.

Айта кетерлігі, қаржы мамандары мереке аяқталған соң бірден шығындарды талдап шығуға кеңес береді. Қай жерге артық қаржы кеткенін анықтап, сол соманы келесі айда қайта қалпына келтіру әдетін қалыптастырған отбасы қаржылық қысымға азырақ ұшырайды. Тіпті мерекеден кейінгі алғашқы аптада «қаржылық тыныс алу күнін» белгілеп, қажетсіз шығыннан әдейі бас тарту ақшаны ғана емес, психологиялық күйді де тұрақтандырады.

Соңғы жаңалықтар