Қоғам • 06 Қаңтар, 2026

Жаңа жылдан бастап SIM-картаны іске қосу тәртібі өзгерді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда 3 қаңтардан бастап абоненттік нөмірлерді сатып алудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді азаматтар SIM-картаны қолдану үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Бұл талаптың қалай жұмыс істейтіні туралы Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков түсіндіріп берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа жылдан бастап SIM-картаны іске қосу тәртібі өзгерді

Фото: istockphoto.com

Үкіметте өткен брифингте Дамир Сейсембеков жаңа ереже бойынша SIM-картаның өздігінен іске қосылмайтынын айтты. 
«Егер сіз, айталық, дүкенге барып SIM-карта сатып алсаңыз, ол өз атыңызға биометриялық сәйкестендіруден өтпейінше жұмыс істемеуі тиіс», деді комитет басшысы.
Биометриядан өту жолдары:
  1. Хабарлама арқылы: Абонент SIM-картаны телефонға салған кезде, оған арнайы нұсқаулық жазылған хабарлама келеді.
  2. Мобильді қосымша арқылы: Еліміздегі үш ірі байланыс операторының қосымшаларында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған.
  3. Ресми бөлімшелерде: Егер азаматта смартфон болмаса, сондай-ақ биометриядан өту қиындық тудырса, ұялы байланыс операторларының ресми сату бөлімдеріне жүгінуіне болады.
«Жалпы алғанда, бүгінгі таңда дүкеннен SIM-карта сатып алудың еш мәні жоқ деп есептеймін. Мұны операторлардың мобильді қосымшалары арқылы оңай жасауға болады», деп түйіндеді Дамир Сейсембеков.
Соңғы жаңалықтар