25 Маусым, 2015

Туысқан елге – әскери-техникалық көмек

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
1-40.jpg-0 Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің Қырғыз Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы Әбибиллә Құдайбердиевпен кездесуі өтті. «Тәуелсіздік алғаннан бастап еліміздің арасын­дағы екіжақты қарым-қатынастар достық пен ынтымақтастық рухында дамып келеді. Еліміздің арасында өзара іс-қимылдың қамтылмаған салалары қалған жоқ, соның айғағы ретінде саяси, экономикалық, мәдени және әскери салалардағы белсенді үнқатысулар болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің өңірдегі тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық мән береді. Осыны негізге ала отырып, Ауғанстандағы және іргелес орналасқан аумақтардың жауынгерлік іс-қимылдарында негізделген шетел мемлекеттерінің жауынгерлік даярлық тәжірибесін зерделей отырып, өзіміздің Қарулы Күштерімізді нығай­туға барынша күш-жігер салып жатырмыз», – деді Қазақстанның Қорғаныс министрі Иманғали Тасма­ғамбетов. Екіжақты немесе орталықазиялық бірлескен оқу-жаттығуларды әртүрлі сценарийлер бойынша өткізу мүмкіндігін қарастыруды мақсатқа сәйкес деп ойлаймын. Сонымен қатар, біздің Қарулы Күштердің жедел үйлесімділігін арттыратын таулы-орманды жерлерде жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу мүмкіндіктерін, заңсыз қаруланған құралымдармен күресу түрлері мен әдістерін зерделей отырып, жауынгерлік даярлық аясында тәжірибе алмасу мақсатында біздің сарапшылардың кездесуін өткізуді ұсынамын», – деп Иманғали Тасмағамбетов атап өтті. Қырғызстан аумағының 15 пайызы таулы жерлер. Және сәйкесінше бұл мәселеде тәжірибелеріңіз мол. Қазақстандағы таулы аумақ – 10%, бірақ, соның өзінде жауынгерлік іс-қимылдар өтетін мемлекеттердің аумағымен іргелес. Сондықтан тәжірибені зерделеу және біздің бөлімшелерді дайындау біз үшін өте маңызды. Таулы-орманды жерлерде жауынгерлік даярлық аясында тәжірибе алмасу өте маңызды аспект», – деп Иманғали Тасмағамбетов атап өтті. Одан басқа, Қазақстан Республикасының Қор­ғаныс министрі Қазақстандағы жауынгерлік даярлық курстарында қырғыз әскери қызметшілерін даярлау мәсе­лесі аяқталу кезеңінде тұрғанын хабарлады. Жыл­дың соңына дейін келісімшартқа Бас штаб бастық­тарының орынбасарлары деңгейінде қол қойы­ла­тыны және 2016 жылдан бастап Қазақстанда қырғыз әскери қызметшілерін дайындау басталатыны жоспарлануда. Сөз соңында қорғаныс ведомстволарының басшы­- ­лары Қырғыз Республикасына ақысыз әскери-тех­­­ни­­калық көмек көрсету туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қор­ғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында Қырғыз Республикасының 64 әскери қызметшісі дайын­дықтан өтіп жатқанын атап өткен жөн. Оның 2-уі – офицер-тыңдаушы, 62-сі – курсант. 1998 жылдан бастап 2015 жылға дейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында барлығы Қырғызстан Қарулы Күштерінің 186 әскери қызметшісі білім алды. Олардың 29-ы – офицер-тыңдаушы, 157-сі – курсант. «Егемен-ақпарат».