Бибісара дәл осындай табысқа жеткен жер-жаһандағы екінші шахматшы ретінде өз есімін спорттық шежіреге алтын әріптермен жазды. Бірінші болып ондай атаққа 2010, 2018, 2019 жылдары кезінде Украина құрамасының сапында ойнап, кейіннен Ресейдің азаматтығын алған Екатерина Лагно қол жеткізді. Б.Асаубаеваға бұл белес 2021, 2022, 2025 жылдары бағынды.
Екіншіден, Бибісара әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты. Қазіргі кезде ол классикалық шахматтан 11-орынды иеленіп тұр. Қоржынында 2497 ұпайы бар. Асаубаеваның алдында Ифань Хоу, Цзинер Чжу, Тинцзе Лей, Вэньцзюнь Цзюй (Қытай), Хампи Конеру (Үндістан), Александра Горячкина (Ресей), Чжунъи Тан (Қытай), Анна Музычук (Украина), Екатерина Лагно (Ресей), Полина Шувалова (Ресей) сынды мықтылар бар. Блицтен қандасымыз бірден бес сатыға жоғарылап, бүгінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Бибісара тек Хоу Ифань мен Цзюй Вэньцзюньнен қалып келеді.
Үшіншіден, Дохадағы жеңіс оған ФИДЕ-нің «Үміткерлер турнирінде» бақ сынауға мүмкіндік берді. Бұл – еліміздің шахматы тарихындағы теңдессіз оқиға. Себебі, бұрын-соңды бірде-бір жерлесіміз осындай беделі зор, мәртебесі аса жоғары жарыста өнер көрсеткен емес. Ондай бақ Бибісараға бұйырды. 28 наурыз – 16 сәуір аралығында Кипр аралында өтетін додада қазақ қызынан бөлек, қытайлық Цзинер Чжу, Чжунъи Тан, ресейлік Александра Горячкина, Екатерина Лагно, үндістандық Дивья Дешмукх, Хампи Конеру, Вайшали Рамешбабу шеберлік байқасады. Осы бәсекеде жеңіске жеткен ойыншы әлем чемпионы атағына таласу құқығына ие болады. Бұл атақ қазір Қытайдың өкілі Вэньцзюнь Цзюйге тиесілі.
Төртіншіден, осы чемпионаттағы жарқын жеңісінің арқасында Б.Асаубаева материалдық жағдайын да біраз жақсартып, бас жүлдені олжалағаны үшін ұйымдастырушылар тарапынан 40 мың еуро (23,8 миллион теңге) шамасында сыйақы алды.