Теннис • Кеше

Брисбендегі бәсеке

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Аустралияның Брисбен қаласында жүлде қоры 1 691 602 долларды құрайтын WTA 500 турнирі өтіп жатыр. Аталған додаға әлемнің бірқатар мықты теннисшілері қатысуда.

Брисбендегі бәсеке

Дүниежүзілік рейтингте бесінші орында тұрған еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2024 жылы дәл осы жарыстың жеңімпазы атанған болатын. Финалда ол Арина Соболенкоға сан соқтырған еді. Осы қос ойыншы WTA-ның былтырғы жылғы қорытынды турнирінде де бас жүлдені өзара сарапқа салды. Бұл бәсекеде де жерлесіміз жеңіске жетті. Рейтингте жоғары орындардың бірін иеленгендіктен, Елена бірінші айналымда бос болды. Екінші кезеңде қытайлық Чжан Шуайға 6:3, 7:5 есебімен шаң қаптырған ол үшінші айналымда испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты. Кезінде әлемнің екінші ракеткасы болған Пиреней түбегінің өкілі жерлесімізге жарытып қарсылық көрсете алмады. Есеп – 6:3, 6:2. Ширек финалда Рыбакина WTA рейтингінде 20-орында тұрған чехиялық Карлоина Муховадан ойда-жоқта ұтылып қалды – 2:6, 6:2, 4:6. Осы межеге жеткені үшін отандасымыз 195 рейтингтік ұпай алып, 37 640 долларды әмиянына салды.

Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева да Брисбенде бой көрсетті. Тұсаукесер кез­десуінде АҚШ ойыншысы Хейли Баптисті қапы қалдырған ол келесі күні украиналық Марта Костюкпен кездесіп, оған 6:7, 1:6 есебімен есе жіберді.

Жасыл құрлықта WTA-мен қоса АТР турнирі де қатар өтіп жатыр. Бұл жарыста Александр Шевченко іріктеудің алғашқы айналымында сүрінді. Ол бель­гиялық Рафаэль Коллиньонге жол берді – 5:7, 4:6.

Жұптық сайыста Анна Данилина біршама жақсы өнер көрсетті. Сербиялық Александра Круничпен бірге ол америкалық Дезира Кравчик пен Софья Кенинді, ресейлік Екатерина Александрова мен Мирра Андреева жұбын ұтып, жартылай финалға дейін жетті. Алайда бұл межеде оларды Испания мен Аустралия өкілдері Кристина Букша мен Эллен Перес тоқтатты. 

Соңғы жаңалықтар